Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясындағы Жалпы дебатта сөз сөйледі. Мемлекет басшысы халықаралық қоғамдастыққа арнаған мазмұнды және маңызды үндеуінде қазіргі таңдағы өзекті сын-қатерлерге назар аударып, Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік, орнықты даму және цифрлық өзгерістер саласындағы бағдарына ерекше тоқталып өтті.
Баяндамада Біріккен Ұлттар Ұйымын жан-жақты реформалау мәселесіне баса мән берілді. Президент БҰҰ сексен жылдан бері адамзатқа төнген жаһандық cын-қатерлерді еңсеруде басты рөл атқарып келе жатқанын және жер жүзіндегі миллиондаған адам үшін үміт символы болып қала беретінін айтты.
Десе де, БҰҰ-ның бүгінгі құбылмалы заманға бейімделуі үшін оның ұстанымын нығайту ерекше мәнге ие. Осыған байланысты Мемлекет басшысы қазіргі таңда халықаралық институттарға деген сенімге селкеу түскеніне назар аударып, Бас Ассамблея мінберінен Азия, Африка және Латын Америкасы елдері арқылы ротация тәртібімен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтуді, сондай-ақ орта державалардың рөлін арттыруды ұсынды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның БҰҰ Жарғысында көрсетілген егемендік, аумақтық тұтастық және кез келген дауды бейбіт жолмен шешу қағидаттарына бейіл екенін тағы да растады. Ол «Жарғыны қолайына қарай қолдану оның беделіне нұқсан келтіреді», деп халықаралық құқықты іріктеу тәсілі арқылы пайдаланудың алдын алды.
Президент агрессивті идеология мен милитаризмді жою қажет екенін де баса айтты. Ол ядролық державалар арасындағы диалогті қайта жандандыруды қолдап, жаһандық қауіпсіздік архитектурасын қалпына келтіруге шақырды. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан ядролық қарусыздану және таратпау мәселелері бойынша диалог алаңы болуға дайын. Одан бөлек, еліміз Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы ұсынысты әрі қарай ілгерілетуді жалғастыра береді.
Мемлекет басшысы Украина айналасында жалғасып жатқан дағдарысқа және Газадағы гуманитарлық апаттың жан түршігерлік ауқымына да алаңдаушылық білдірді. Қасым-Жомарт Кемелұлы АҚШ Президентінің араағайындығымен Әзербайжан мен Армения арасындағы қарым-қатынастың қалыпқа түскенін құптап, ең күрделі деген қақтығыстардың өзін парасатты шешім мен дипломатияның арқасында реттеуге болатынын атап өтті.
Президент Орнықты даму мақсаттары Қазақстанның ұлттық күн тәртібіндегі басымдықтардың бірі екенін айтты. Осыған байланысты біз оларды іске асырудың тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін ОДМ-ның іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссия аясындағы жұмысымызды белсенді түрде жалғастыра береміз.
Мемлекет басшысы Жалпы дебатта экологиялық апаттардың зардаптарына да тоқталып, аймақтағы серіктестерді және барша халықаралық қоғамдастықты Каспийдің су қорын сақтау үшін жедел шараларды бірлесіп қабылдауға шақырды. Президент миллиондаған еріктіні ортақ іске жұмылдырған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы туралы айтып, еліміздің бастамасымен БҰҰ 2026 жылды Орнықты даму мақсаттары жолындағы Халықаралық еріктілер жылы деп жариялағанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ ол жаһандық экологиялық күн тәртібін одан әрі ілгерілету үшін Бас Ассамблеяға 22 сәуірді Халықаралық Жер шарын көгалдандыру күні деп жариялайтын қарар қабылдауды ұсынды.
Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы да баяндамада айтылған маңызды басымдықтардың бірі болды. Президент ЖИ адамзат прогресінің қозғаушы күші бола алатынын айтты. Сонымен қатар бұл саланың технологиялық, экономикалық және геосаяси теңсіздіктердің күшеюіне әкелетін тәуекелдері де бар екенін тілге тиек етті.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстанның БҰҰ аясында Жасанды интеллектіні басқару бойынша жаһандық диалогке белсенді қатысуға дайын екеніне назар аударды.
Президент атап өткендей, кәсіптік білім болмаса, цифрлық прогреске қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан техникалық мамандықтарды дамыту және олардың қоғамдағы рөлін арттыру да маңызды міндет екені анық.
Қасым-Жомарт Кемелұлы әлемдік қоғамдастыққа Қазақстанды үш жыл ішінде толық цифрлық державаға айналдыруды көздейтін стратегиялық мақсатымыз туралы да айтып берді.
Мемлекет басшысы еліміз инвестиция саласындағы халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейтуді жақтайтынын және Қазақстанның Еуразияның логистикалық хабы ретіндегі маңызын айрықша атап өтті. Біз алдағы уақытта да Азия мен Еуропа арасындағы көлік транзитін, соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасын, «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізін және Транскаспий көлік бағытын дамытуды жалғастыра береміз.
Қасым-Жомарт Кемелұлы сөзін қорытындылай келе, жаһан жұртының назарын Қазақстанда болып жатқан ауқымды саяси реформаларға аударды. Президент бір палаталы Парламент құру мәселесін жалпыұлттық референдумға шығару туралы ұсынысына тоқталды және Қазақстан әрі қарай да «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын ұстанатынын айтты.
Жалпы, Қазақстан халықаралық ынтымақтастық бағдарына табан тіреп, әлемдік аренада бітімгер, араағайын және сенімді серіктес рөлін жалғастыра береді.
Президентіміздің БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясындағы Жалпы дебатта сөйлеген сөзі еліміз халықаралық құқық, сындарлы диалог және орнықты даму құндылықтарына бейіл екенін кезекті рет растап берді. Осылайша, Қазақстан қазіргідей жаһандық тұрақсыздық жағдайында әлемге теңгерімді тәсілге, әділеттілікке және болашақ жолындағы ортақ жауапкершілікке негізделген реформалық күн тәртібін ұсынды. Алдағы уақытта бұл бастама әлемдік қауіпсіздіктің күшеюіне оң септігін тигізеді деп сенеміз.
Мәулен ӘШІМБАЕВ,
Парламент Сенатының төрағасы