• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 08:40

«Binom» мектебінің жоғары нәтижесі

30 рет
көрсетілді

Оқушылардың білім жетістігін бағалауға арналған халық­аралық бағдарлама – «PISA» («Programme for International Student Assessment») алғаш рет 2000 жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) бастамасымен жүзеге асты. Содан бері бұл зерттеу әр үш жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп, бүгінде әлемнің 80-нен астам елін қамтиды.

«PISA»-ның басты мақсаты – 15 жастағы оқушылардың ХХІ ғасыр талаптарына қаншалықты да­йын екенін анықтау. Яғни бұл  бо­ла­шақта және кәсіби қызметінде кездесетін түрлі жағдайға бейімде­ле ала ма деген сауалды алға тартады.

Дәстүрлі емтихандар көбіне­се мектеп бағдарламасын қанша­лық­ты меңгергенін анық­таса, «PISA» зерттеуі оқушы­ның алған білімін жаңа жағдайда қолдану қабілетін, ақпаратты сын тұрғысынан сараптауын, күрде­лі мәселені шеше білуін және үнемі өзгеріп отыратын ортаға бейімделуін бағалайды.

Бүгінде «PISA» көптеген мем­лекеттегі білім жүйесінің мықты және әлсіз тұсын айқындап, табыс­ты тәжірибені зерделеуге және ұзақмерзімді стратегия қалып­тастыруға мүмкіндік беретін халықаралық салыстыру құралы ретінде қабылданады.

2010 жылдары ЭЫДҰ зерттеу­дің бейімделген нұсқасын – «PISA for Schools» («PISA» мектептер үшін») бағдарламасын әзірлеп шығарды. Бұл бастама жекелеген білім  ұйым­­дарына арналған. Оның негіз­гі мақсаты – оқушылар­дың когни­тивтік әрі әлеуметтік-эмоциялық құзыреттерінің даму деңгейін анықтап, білім үдерісін жергілікті деңгейде талдау мен жетілдіру бойын­ша қолайлы деректер жинау.

Аталған зерттеуге 15 жастағы оқушылар қатысады. Олар қай сы­ныпта оқып жүргеніне қара­мастан, бұл жас ерекшелігі негіз­гі базалық білім  кезеңінің соңын­да қалыптасқан басты құзырет­тілікті бағалауға жол ашады. Әрбір мектепке алынатын іріктеме репрезентативтілік қағидасына негізделеді.

«PISA for Schools» бағдарла­масы компьютерлік форматта жүр­гізіледі. Бұл өз кезегінде баға­лаудың объективтілігін, стандартталуын қамтамасыз ете­ді. Тек когнитивтік тапсырмалар ғана емес, сонымен бірге оқушылар толтыратын сауалнамалар да қамтылады. Аталған сауалнамалар мектептегі орта факторларын, оқуға деген ынта-ықыласын, әлеуметтік-эмоциялық дағдыларды және оқыту сапасын қабылдау деңгейін бағалайды.

Зерттеу үш негізгі құзыретті­лікті тексереді: біріншісі – оқу сауаттылығы – ақпаратты іздеу, түсіну, мәтінді интерпретациялау және сыни тұрғыдан бағалау қабілеті; екіншісі – математикалық сауаттылық – есепті тұжырымдау, математикалық білімді қолдану және нәтижелерді нақты өмірлік жағдайда түсіндіре білу; үшіншісі – жаратылыстану-ғылыми сауат­тылық – құбылыстарды ғылыми тұрғыдан түсіндіру, ғылыми таным әдістерін бағалау, деректерді талдау және интерпретациялау.

Когнитивтік бағыттан бөлек, зерттеу әлеуметтік-эмоциялық дағдыға да назар аударады. Оның ішінде эмоцияларды реттеу, ынты­мақтастыққа бейімділік, тиімді коммуникация, жаңа тәжірибеге ашық болу және өмір бойы оқуға дайындық сынды маңызды қабілеттер бағаланады.

Астана мен Атырау қаласында 2023 жылдан бастап мемлекет-жекеменшік әріптестік жобасы аясында жұмыс істеп келе жатқан «Binom» мектептері аталған зерттеуге жыл сайын қатысуға шешім қабылдады. Мұндағы мақсат – оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруда дамуы қажет тұстарды уақтылы анықтап, білім  үдерісіне дер кезінде түзету енгізу.

«Binom» мектептері 5-5,5 жыл бойы меншік нысаны бойынша жекеменшік мәртебеге ие. Дегенмен мемлекет-жеке­мен­шік әріптестік шартына сәйкес, бұл мектептерде білім  үде­рісі жан басына шаққан қар­жы­лан­дыру аясында жүзеге асады және ата-аналар тарапынан төлем алынбайды.

2023 және 2024 жылдардағы нәтижелерді салыстырсақ «Binom» мектептерінде үш бағыт­тың барлығында да жоғары қарқын айқын байқалды. Оқу сауаттылығы бойынша орташа көрсеткіштер +4-тен +59 балға дейін, матема­тика­лық сауаттылық +3-тен +72 балға дейін, жаратылыстану-ғылы­ми сауаттылық +14-тен +51 бал­ға дейін өскен. Ең жоғарғысы – мате­матикалық сауаттылық са­ла­сынан көрінеді. Атап айтқан­да, төрт бірдей «Binom» мекте­бі бұл көрсеткіш бойынша ЭЫДҰ-ның 2022 жылғы орташа нәтижелерінен жоғары нәтиже көрсетті. Мәселен, соның ішінде  Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Binom» мектебі ерекше көзге түсіп отыр. Мектеп оқушылары математикалық сауаттылық бойынша 518 балл жинап, осы бағыттағы әлемдік көшбасшылар қатарына бір қадам жақындады.

Айта кетерлігі, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық көрсеткіш­теріндегі алға жылжу да назар аудар­тады.  Бұл бағыт еліміздегі мек­тептері үшін дәстүрлі түрде әлсіз болып келгенімен, «Binom» мектеп­терінің нәтижелері ілгері­леу­дің бар екенін дәлелдейді.

Әсіресе Атырау қаласындағы «Binom» мектептерінің жетістігі қуантады. Бар болғаны екінші жыл ғана жұмыс істейтін  бұл оқу ордалары математикадан +50 балға, жаратылыстанудан +70 балға дейін жоғары нәтиже көрсетті.

«PISA» зерттеуінің басты құн­дылығы – оқушының тек білімді меңгеру деңгейін емес, соны­мен бірге оны өмірлік және тә­жірибелік жағдайларда қолда­на білу қабілетін бағалауы. Акаде­миялық жетістік тек оқу бағдар­ламасын игерумен шектелмей, қоғам өміріне, экономикаға белсене қатысуға, дербес әрі дәлелді шешім қабылдауға қажетті негізгі құзыреттердің қалыптасу деңгейін айқындайды.

Оқушылардың білім деңгейін тарқатып көрсету – білім сапасын айқындайтын маңызды индикатор. Ол тек орташа нәтижені ғана емес, сонымен қатар білімнің қаншалықты кең ауқымды қамты­ғанын көрсетеді: яғни қанша оқушы ең төменгі межеге жетті және қаншасы күрделі когнитивтік дағдыларды меңгергенін анықтауға жол ашады.

Халықаралық тәжірибеде «PISA» осы мақсатта алты деңгей­лі шкаланы қолданады. Әр дең­гей белгілі бір құзыреттер мен дағдылар жиынтығын сипаттайды. Оның ішінде басты меженің бірі – 2-деңгей. Бұл деңгей оқушының негізгі білімді қазіргі қоғам өмі­рінде қажет болатын стандартты тапсырмаларды орындау үшін қолдана алу қабілетін көрсетеді. Ал осы деңгейге жете алмағандар академиялық және әлеуметтік бейімделу тұрғысынан тәуекел аймағында қалады.

Жоғарғы деңгейлер – 5 және 6 – оқушылардың күрделі тал­дау жасауға, ақпаратты интер­претациялауға, дәлелді ой құруға және білімді жаңа жағдайларға көшіруге қабілетті екенін көрсе­теді. Мұндай нәтижелер жоғары дайындықты білдіріп, болашақта білімін жалғастыруға, сондай-ақ әлемдік ортада бәсекеге қабілетті болуға жол ашады.

Бір қуантарлығы, «Binom» мектептеріндегі оқушылардың жоғары деңгей көрсеткен үлесі елдегі орташа көрсеткіштен жоға­ры болып отыр. Бұл өз кезегінде басқа мектептерге де оң бағдар болады.

Оқушылардың оқу жетістік­теріне ықпал ететін ең маңызды фактордың бірі – әлеуметтік-экономикалық мәртебе (ESCS). Сондықтан да ол «PISA» зерттеуінің талдауында орта көрсеткіштердің қатарында тұр. «ESCS» индексі ата-аналардың білім деңгейі мен жұмыспен қамтылуын, отбасының мәдени әрі материалдық капиталын, сонымен бірге үйдегі білім беру ортасын қамтитын жиынтық сипаттаманы білдіреді. Тиімді білім беру жүйесінің басты міндеті – әлеуметтік шығу тегінің әсерін барынша азайтып, барлық оқушыға тең мүмкіндік ұсыну.

«BI Education» желісіндегі мектептерде орташа «ESCS» индексі – 0,38 бен – 0,45 аралығында. Бұл көрсеткіш ЭЫДҰ елдерінің орташа деңгейінен (0,0) едәуір төмен. Мұндай жағдай мектептердің алдына ерекше міндет қояды: сыртқы қолдаудың орнын сапалы педагогикалық тәжірибелер, қосымша білім ресурстары және тәлімгерлік жүйелер арқылы толық­тыру қажет.

Қорыта айтқанда, халық­аралық «PISA for Schools» зерт­теуінің негізгі параметрлері бо­йынша «Binom» мектептері сенімді жоғары нәтиже  көрсетіп отыр. Бұл желі ішінде тиімді тәжірибе мен әдістеменің қалыптасқанын айғақтайды. Алдағы таңда  олар­ды кеңейтіп,  республика дең­гейін­де ауқымды қолдануға мүм­кіндік бар.

 

Арайлым МАҒЗҰМОВА,

«BI Education» компаниясының академиялық директоры