«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының мәліметінше, Қазақстан Қытайдың туризм нарығында өз орнын нығайтып келеді. Еліміз ҚХР-дың ең ірі онлайн-туристік компанияларының бірі Tongcheng Travel деректері бойынша, Қытайдың Ұлттық күні мен Күз ортасы мерекесіне орайластырылған сегіз күндік демалыс кезінде қонақ үй брондау қарқыны ең жоғары өскен шетелдік бағыттар арасынан алғашқы бестікке енді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Биыл Қытайда шетелге бағытталған алыс қашықтықтағы топтық турларға сұраныс айтарлықтай артқан. Өткен жылмен салыстырғанда олардың саны екі есеге жуық көбейген. Демалыс күндері ҚХР туристері тарапынан Орталық Азия, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі халықаралық қонақ үйлерді брондау едәуір ұлғайды. Сұранысы шапшаң өскен бес ел қатарында Сауд Арабиясы, Мысыр, Жаңа Зеландия, Қазақстан және Біріккен Араб Әмірліктері бар.
«Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік алмасу тұрақты өсіп келеді. Биылғы 9 айда Қытайдан келген туристер саны 675 мыңнан асты. Өткен жылы бұл көрсеткіш 12 айда 655 мың болған еді. Бұл елімізге деген жоғары қызығушылықты және Қазақстанды Қытай нарығында ілгерілету, визалық рәсімдерді жеңілдету мен тікелей әуе қатынасын кеңейту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың нәтижелі екенін көрсетеді», деді «Kazakh Tourism» АҚ басқарма төрағасының м.а. Даниел Сержанұлы.
Сондай-ақ ұлттық компанияның мәліметіне сәйкес, Қытайдың ең ірі іздеу жүйесі Baidu-дағы деректер бойынша, 2025 жылғы қыркүйек айында Қазақстан туралы тәулігіне орта есеппен 420–430 мың іздеу сұранысы тіркелген. Ең белсенді іздеу жүргізген өңірлерге Гуандун мен Чжэцзян провинциялары, Бейжің қаласы, сондай-ақ Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы мен Шаньдун провинциясы жатады. Бұл Қазақстанға деген қызығушылық тек шекара маңындағы аймақтармен шектелмей, Қытайдың экономикалық тұрғыдан дамыған өңірлерін де қамтып отырғанын айғақтайды.