Алматыда өткен «Қайрат» пен мадридтік «Реал» арасындағы кездесу ел тарихындағы ең ірі спорттық оқиғалардың біріне айналды. Бұл қаржы Алматы экономикасына зор серпін беріп, қызмет көрсету саласын жандандыра түсті.
Матч тек футбол жанкүйерлерін ғана емес, шетелдік туристерді де көптеп тартты. Қалаға 5 мыңнан астам қонақ келіп, олардың шығындары шамамен 7,8 млн долларды құрады.
Kazakh Tourism таратқан дерекке сәйкес, 28-30 қыркүйек аралығында Алматыдағы қонақүй мен хостелдерде 5 221 шетелдік турист тіркелген. Компания сарапшылары олардың басым бөлігі арнайы осы матч үшін келгенін айтады. Жанкүйерлердің географиясына назар аударсақ, ең көбі Қытайдан келген. Бұл елден 1 400-ден астам адам Алматыға ат басын бұрған. Ресейден 969 жанкүйер келсе, Үндістаннан 365 адам, Оңтүстік Кореядан 249, Өзбекстаннан 246 қонақ тіркелді. Әрқайсысы қалада бірнеше күн болып, қонақүйге орналасты, мейрамханаларға барды, көлік қызметін пайдаланды, ойын-сауық орындарына кірді, сауда жасады.
Экономикалық тұрғыдан алғанда, қалаға біршама кіріс керген. Mastercard дерегінше, бір турист орташа есеппен 1 500 доллар жұмсаған. Бұл қаржының ішінде қонақүй ақысы, тамақтану, транспорт, мәдени демалыс пен дүкен аралау шығындары бар. Осылайша, Алматы қаласында айналымға түскен 7,8 миллион доллар шағын және орта бизнестің дамуына, қызмет көрсету сапасының артуына әрі қосымша жұмыс орындарының жандануына ықпал етті.
Мұндай шаралардың қала экономикасына әсері бұрын да байқалған. Мысалы, Алматыда өткен Дженнифер Лопестің концертіне 27 мың көрермен жиналып, оның жалпы экономикалық әсері 10 млрд теңгені құраған еді. Соның ішінде 5 млрд теңгеден астамы шетелдік туристердің шығыны болды.