• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 09:00

Халық қауіпсіздігі – басты назарда

80 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ақпараттық және телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мәселесі қаралды. Бұған қоса отырыста жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі шарасы да күн тәртібіне шықты.

Цифрлық теңсіздік жойылады

Телекоммуникация саласының дамуы – еліміздің цифрлық трансформациясын алға жылжытатын негізгі қозғаушы күш. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, кейінгі үш жылда салаға 1 трлн теңгеден астам инвестиция бағытталған. «Бүгінде 20 млн-нан астам мобильді абонент пен 3,7 млн тіркелген пайдаланушы байланыс қызметтерін қолданып отыр. Интернеттің орташа жыл­дамдығы 94 Мбит/с дең­гейіне жетті. Биыл интернет трафигін тұтыну айтарлықтай артқанын атап өту қажет. Оның өткен жылмен салыс­тырғанда екі есе көп болатыны күтіліп отыр. Саланы дамыту 2024–2027 жылдарға арналған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында іске асырылып жатыр. 2027 жылдың соңы­на дейін халықтың 100%-ы интернетпен қам­ты­лады. Интернет жылдамдығы 100 Мбит/с-тан асып, оптикалық байланыс желі­лері ауылдық елді мекендердің 90%-ына дейін тартылады», деді Ж.Мәдиев.

Еліміздің телекоммуникация саласы кейінгі бес жылда орнықты өсім көрсетіп келеді. Экономиканы цифрлық трансформациялау бағытындағы барлық реформаның бастауында байланыс инфрақұрылымы тұрғанын айта кету керек. Байланыс нарығында бүгінде бәсекелестік белсенді дамып келеді. Бұл өз кезегінде операторларды жаңа қызмет түрлерін ұсыну мен олардың сапасын арттыруға ынталандырып отыр.

«Әлеуметтік жобалар іске қосылып жатыр. Олар цифрлық кеңістікте балаларды қорғауға әрі халықтың осал топтарын қолдауға бағытталған. Аталған жұмысты одан әрі жалғастыру қажет. Сонымен қатар еліміздің аумағын жылдамдығы жоғары интернетпен жаппай қамту арқылы ғана тиісті нәтижеге қол жеткізуге болады. Сонда ғана Мемлекет басшысының жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект элементтерін енгізу туралы тапсырмасын тиімді іске асыра аламыз», деді О.Бектенов.

 

Интернет қолжетімді әрі сапалы болуға тиіс

Тұрақты интернет бүгінде игіліктен бөлек, халықтың күнделікті өмірі мен заманауи экономиканың маңызды қажеттілігіне айналды. Мұнымен қоса жол бойында мобильді байланыс тұрақсыз, ауылды жерлерде интернет өте баяу, тіпті қалалардың өзінде ауқымды іс-шаралар барысында интернет сапасы нашарлап кетеді деген сыңайда арыз-шағымдар азаймай отыр.

«Жасанды интеллект министрлігі осындай үлкен шаралар кезінде байланыс пен интернет инфрақұрылы­мы­на жүктеменің күрт артуына қатыс­ты мәселені операторлармен бірге мұқият пысықтауы қажет. Ақпараттық жүйе­лердің үздіксіз жұмысы ерекше назарды қажет етеді. Биылдың өзінде үш бірдей істен шығу жағдайы тіркелді. Деректерді өңдеу орталықтарының жабдықтары жоғары жүктемені көтере алмады. Сондықтан бұл мәселелер Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің тұрақты бақылауында болуға тиіс», деді Премьер-министр.

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Саланың дамуына серпін беру үшін «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы қабылданғаны есте. Ол 2027 жылға қарай елімізді байланыс желілерімен және ең кемі секундына 100 Мбит болатын жылдамдығы жоғары интернетпен 100% қамтуға мүмкіндік береді.

«Жасанды интеллект министрлігінің алдында осы ұлттық жобада жоспар­ланған барлық іс-шараны тиімді орындау міндеті тұр. Сондай-ақ мына мәселелерді атап өткім келеді. Бірінші, бүгінде біз телефон мен интернет-алаяқтық жағдайларының көбейіп жатқанын көріп отырмыз. Олардың дені шетелдік нөмірлер мен ұлттық жүйемізде тіркелмеген құрылғылардың көмегімен жасалады. Сондықтан Жасанды интеллект және Ішкі істер министрліктері осындай заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою жұмыстарын күшейтуі қажет», деген Үкімет басшысы деректер базасынан азаматтардың дербес мәліметтерінің таралып кеткені үшін жазаны қатаңдату керек екенін ескертті.

Мұндай талап мемлекеттік органдармен қатар, қаржы ұйымдарына, мобильді операторлар мен жеке бизнес­ке де қатысты болуға тиіс. Балалардың цифрлық кеңістікте қорғалуын қамтама­сыз ету үшін sim kids жобасының тәжірибесін кеңінен тарату керек.

«Екінші, байланыс нысандарын салу кезінде басы артық бюрократиядан арыла алмай келеміз. Кейде антенна бағанын орнату жұмыстарының өзі бір жылға дейін созылып кетуі мүмкін. Жаппай цифр­ландыру жағдайында мұндай үдеріс­­терді оңтайландырып, барынша жедел­дету керек. Жасанды интеллект министрлігіне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі байланыс операторларымен бірге бір ай мерзімде осы мәселе бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын», деді Үкімет басшысы.

Үшінші, елді мекендерде байланыс пен интернет сапасы төмен аймақтардың мәселесін біржола шешу үшін өңір әкімдіктеріне байланыс операторларына базалық стансалар орнатуға орын бөлуге, соның ішінде кез келген қолайлы нысандарда орналастыруға жәрдемдесуге тиіс.

 

Төтенше жағдай ЖИ арқылы қадағаланады

Үкімет отырысында жылыту маусы­мын­дағы өрт қауіпсіздігі шарасы да күн тәртібіне шықты. Төтенше жағдайлар ми­нистрлігінің мәліметі бойынша, тұр­ғын үй секторында 2025 жылғы 1 қазан­нан бері 340 өрт тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,5%-ға аз. Қазірде төтенше жағдайларға мониторинг жүргізіп отыру үшін жасанды интеллект арқылы талдау мен геоақпараттық жүйелер енгізілген.

 «Өрт қауіпті жағдайын бақылау мақса­тында барлық өңірде бейнеба­қы­лау камералары іске қосылды. Еліміз­дің барлық аймағында өрт сөндіру деполары мен құтқару стансаларын салу мен оларды жаңарту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Осы кезеңде 25 өрт сөндіру депосы мен құтқару стансалары салынып, 196 нысан қайта жаңғыр­тылды (173 өрт сөндіру депосы, 6 трас­са медициналық-құтқару пункті, 17 жатақ­хана). Жыл соңына дейін тағы 23 өрт сөндіру бөлімінің құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз», деді Төтен­ше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов.

Премьер-министр жалпы республика бойынша тұрғын үй секторында өрт оқиғаларының саны азайғанына қарамастан, олардың Атырау, Ақмола, Жамбыл және Павлодар облыстарында оның өскені байқалғанын атап өтті. Негізгі себеп – халықтың пеш жағу, сондай-ақ газбен және электрмен жылыту жүйелерін қолдану кезінде қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауы.

«Өртке қарсы ережелерді бұзғаны үшін тиімді шаралар қабылдау қажет. Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігі саласында түсіндіру мен алдын алу жұмыстарын күшейтуі керек. Сонымен қатар еріктілер мен қоғам өкілдерін жұмылдыра отырып, халықтың қауіпсіздік саласындағы мәдениетін арттыру үшін түсіндіру жұмыстарын жандандырған дұрыс», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы бұдан бөлек бірқатар мәселені атап көрсетті. Бірінші, қалыптасқан жағдай өрттің басым бөлігі әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтардың үйінде болатынын көрсетіп отыр. Мәселен, өткен жылу беру маусымында өрттен қаза тапқандардың дені – зейнеткерлер, жұмыссыздар, мүгедектігі бар адамдар. Өңір әкімдіктері, Төтенше жағдайлар министрлігі Еңбек министрлігімен бірге, бір ай ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын үйлердің тізімін нақтылауға тиіс екенін айтқан Үкімет басшысы, өңір әкімдіктері осы санаттағы адамдардың үйлерін ерекше бақылауда ұстап, оларға қажетті қолдау көрсетуді жүктеді.

Екінші, тұрмыстық өртпен қатар газ баллондарының жарылу жағдайлары да болды. Олжас Бектеновтің мәліметінше, былтыр осындай 70-тен астам оқиға болып, шамамен 90 адам зардап шеккен. Жары­лыс­тардың негізгі себебі – тұрмыс­тық бал­лондарды пайдалану кезінде қауіп­сіздік талаптарының бұзылуы. Бұдан бөлек, 350 мыңға жуық тұрмыстық газ баллоны 40-50 жыл бойы пайдаланылып келеді, бұларды дереу ауыстыру қажет. Осы күнге дейін пайдалану мерзі­мі өтіп кеткен тұрмыстық баллондар­ды алып қою мен кәдеге жарату тәртібі әзірленбеген. Энергетика министрлігіне мүд­делі мемлекеттік органдармен бірге газ баллондарының айналымын бақылау­дың нақты тетігін әзірлеу тапсырылды.

Сондай-ақ тұрмыстық газ баллондарын өндіру мәселесі де ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келеді. Бұл мәселе жыл сайын айтылады. Сондықтан Премьер-ми­нистр Өнеркәсіп және құрылыс, Ұлттық эко­номика мен Экология министрлік­тері­не осы жылдың соңына дейін еліміздегі баллон шығару мәселесін шешуді міндеттеді.

Үшінші, кейінгі жылдары иіс тиіп улану оқиғалары жиілеп кетті. Өткен аптада ғана Ақтөбе облысында табиғи газдан иіс тиіп үш адам қайтыс болды, оның біреуі – кәмелетке толмаған бала. Мұндай жайттарды барынша азайтуымыз керек. Қазір елімізде тұрғындарды газдандандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Газ жабдықтарын орнату кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет. Газбен жылыту жүйесі бар әр үйде міндетті түрде ескерту датчигі орнатылуға тиіс. Газ қызметтері тұрғын үйлерде газды қауіпсіз пайдалануды бақылау бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуге міндетті. Өңір әкімдіктеріне осы бағытта қажетті шаралар қабылдау жүктелді.

Төртінші, әкімдіктер Төтенше жағдайлар министрлігімен бірге тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығын ұйымдастыруы қажет. Тұрғындарға негізгі қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, оларды өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзбай, жауапкершілік танытуға шақыру керек.