Үкімет • Кеше

Жылына 54 мың тонна авиаотын өндіре аламыз ба?

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов америкалық LanzaJet компаниясының бас атқарушы директоры Джимми Самариц және коммерциялық қызмет жөніндегі вице-президенті Стефан Тионмен кездесу өткізді. Кездесу барысында индустриялық және технологиялық ынтымақтастық, сондай-ақ экологиялық таза авиаотын өндіру саласында қазақстандық локализация мүмкіндіктері қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жылына 54 мың тонна авиаотын өндіре аламыз ба?

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Талқыланған негізгі жоба – Қостанай облысы, Рудный қаласында SAF (Sustainable Aviation Fuel) авиаотынын өндіретін зауыт салу. LanzaJet компаниясы әртүрлі шикізаттан, соның ішінде дән, жүгері және картоп сияқты органикалық заттардан алынған этанолдан экологиялық таза авиаотын өндіру технологиясын жасап шығарған. Болашақ зауыттың жобалық қуаты жылына 54 мың тонна авиаотын және 100 мың тонна қайта өңделген биоэтанол шығару көлемін қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта зауыттың техникалық-экономикалық негіздемесі дайын.

Жобаның жасыл авиацияны дамыту және агроөнеркәсіптік кешенде өңдеуді тереңдетуді мақсат етеді. Биоотын өндірісі парниктік газ шығарындыларын азайтуға ықпал етіп, Қазақстанның климаттық және энергетикалық стратегиясына сәйкес жүзеге асырылады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда халықаралық әуе хабын құру міндетін қойды. Әуежайлардың әлеуетін кеңейту және инфрақұрылым құрумен қатар, саланы сапалы әрі экологиялық таза авиаотынмен қамтамасыз ету мәселесі маңызды. Біз ынтымақтастықты нығайтуға дайынбыз. Үкімет бұл жобаға жан-жақты қолдау көрсетеді», деді Олжас Бектенов.

Кездесуге қатысушылар еліміздегі тұрақты авиациялық отын өндірісінің негізгі бағыттарын талқылап, жобаны бірлесіп іске асыру үшін интеграцияланған басқару құрылымын құру мүмкіндігін қарастырды.