Ол Уфадағы «Ғалия» медресесінің түлегі, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Ақтөбе облысы Темір уезінде оқу-ағарту саласында еңбек етіп, Ақтөбедегі «Кедей», Петропавлдағы «Бостандық туы», Қызылордадағы «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып, Алматыда қазақ мемлекеттік баспасында жұмыс істей жүріп, денсаулығына байланысты туған жері Темір қаласына оралып, 1933 жылы көктемде дүниеден өткен, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жиенғали Тілепбергеновтың Орынбор, Уфа мұрағаттарында жинақталмай жатқан мол мұрасы туралы ең бірінші болып ғалым Тұрсынбек Кәкішев дабыл қақты. «Ғалия» медресесінде оқитын қазақ студенттерінің «Садақ» қолжазба журналының соңғы сандарын Жиенғали Тілепбергеновтың бір өзі шығарып келгенін, жазушының төңкеріс жылдарындағы жазған мақалалары мен фельетондарын жинақтап, зерттеу мәселесін көтерді.
Ғалым 1995 жылы Темір қаласына арнайы келген еді. Сол жолы ауыл ақсақалы Ілесов Сейтен ескі қорымнан аштық кезінде Жиенғали жерленген орынды көрсеткен. Осыдан бастап есімі де ұмытылған, жерленген жері де белгісіз болып келген жазушы ұлықтала бастады. Жиенғалидың зираты тұрғызылды.
Бұл жолы ескі Темір қаласына келген қонақтар жазушының бейітіне зиярат етіп, бірнеше тарихи нысанды аралады. Бұрынғы уезд орталығы, Қарақамыс жәрмеңкесінің орны, 1918 жылы көктемде Мұстафа Шоқай эмиграцияға кетіп бара жатқанда, үш күн аялдаған уез бастығының екі қабатты үйі, 1903 жылы салынған мешітке бас сұқты.
Одан кейінгі сапар аудан орталығы Шұбарқұдықта жалғасты. Жолда 1865-70 жылдары мешіт-мердесе салып, ағартушылықпен айналысқан Досжан ишан атындағы тарихи кешенге аялдады. ХІХ-ХХ ғасырлардың алапат оқиғалары ізін қалдырған Темір топырағы тарихи туризмге сұранып-ақ тұрған жер. Шұбарқұдықта былтыр жаңа кітапхана және музей үйлері салынған. Музейде жазушының немересі Ақмарал Нұрашқызы Жиенғалиева атасының төте жазумен өз қолымен жазған өмірбаянын, 1917 жылы түсірілген «Ғалия» медресесінде оқитын қазақ студенттерінің фотокөшірмелерін табыстады.
«Ж. Тілепбергеновтың тарихи тұлғасы мен рухани мұрасы қазіргі заман зердесінде» тақырыбындағы жиында филология ғылымдарының докторы Серікқали Байменше жазушының мұрасына қатысты бұрын еш жерде жарияланбаған екі дерекпен таныстырды. Оның айтуынша, 1933 жылы наурыздың соңында Жиенғали қайтыс болғанда, Алматыда «Социалды Қазақстан» газеті Жиенғалиға арнап кеш өткізіп, «Жиенғалидың өмір тарихы» деген мақала жариялайды.
«Бұл мақала 1933 жылдан кейін ешбір жерде жарияланған жоқ және ешбір зерттеуші мән берген емес» дей отырып, мақаланың мәтінін оқып берді.
«Жазушының өліміне қатысты айтқаны – кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Темір-Орқаш болысында мектептер ашумен айналысып жүргенде, көктемде балаларды судан өткізіп жүріп, өкпесіне қатты суық тиіп ауырып, айыға алмай елде ұзақ жатады. Оның түбіне жеткен өкпе ауруы осыдан басталған», деді ол.
Жиенғалиды көзі тірісінде қудалап, көз жұмған соң да есімін атамауға тырысқан. Оның бір себебі мынада дейді Серікқали Байменше: «1920-25 жылдары өлкелік партия комитетіне «Заявление 14-ти киргизских работников из Темирского уезда» деген құжат түскен. Темір уезінде жұмыс істейтін 14 қызметкер қол қойған хаттың ең басында Жиенғали тұр. Арызда Темір уезіне сырттан жергілікті жағдайды дұрыс білмейтін кадрларды әкеліп, жергілікті кадрларды пайдаланбай жатқанына наразылық білдірілген. Мұның үлкен әсері болды. Сол кезде губерниялық атқару комитеттерінің құзыры партиядан жоғарырақ болып, атқару комитетіне кім төраға болып келсе, уездерге де өз адамдарын тағайындаған. 14 қызметкердің шағымы губерниялық, өлкелік партия Бюросында қаралып, «Темір уезінің болашақ тағдырына әсер етуі мүмкін саяси маңызы бар хат» деп бағаланған. Наразылық дұрыс деп танылса да, артынан қуғын-сүргінге себеп болған».
Осы жиында Темір ауданындаы ХІХ ғасырда салынған тарихи ғимараттарды сақтау жөнінде ұсыныс түсті.
Ақтөбе облысы