Елордамыздың төрінде түркі әлемінің мәдени байланыстарын нығайтуға арналған маңызды іс-шара өтті. Қазақ өнерінің әлемдік сахнадағы мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеген жиында Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген мен Халықаралық Канн кинофестивалінің жеңімпазы Самал Еслямова ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының жоғары марапатына ие болды.
Атап айтсақ, Димаш Құдайберген түркі әлемі мәдениетін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін ұйымның ең жоғары наградасы саналатын «Түркі әлемінің мәдени елшісі» орденімен марапатталды. Бұл Димаштың музыка арқылы халықтарды біріктіруі, мәдени дипломатиялық миссияны атқаруы қазір тек елімізде ғана емес, бүкіл түркі әлемінде танылғанын көрсетеді.
Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актриса Самал Еслямова түркі және әлемдік кино өнерінің дамуына қосқан айрықша үлесі үшін «Түркі әлемінің үздік әртісі» аталымы бойынша ТҮРКСОЙ арнайы жүлдесіне ие болды. Самалдың экрандағы табиғи таланты – отандық кинематографияның айтулы табысы.
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева атынан өнер иелерін құттықтаған Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов қос таланттың еңбегін түркі әлемі елдері арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, қазақ өнерін халықаралық деңгейде танытуға зор үлес қосып отырғанын атап өтті. Ал ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев марапаттардың маңызына тоқталып, қазақстандық мәдениет қайраткерлерінің ортақ түркі мәдени кеңістігін нығайтудағы рөлі туралы айтты:
«Бүгін біз өнер арқылы түркі әлемін шынайы біріктіріп жүрген тұлғаларды құрметтеп отырмыз. Димаш Құдайберген музыка арқылы мәдени елші миссиясын атқарып келеді. Ал Самал Еслямова қазақстандық кино өнерінің рәмізіне айналды. Бұл марапаттар – олардың еңбегіне берілген лайықты құрмет», деді ТҮРКСОЙ Бас хатшысы.
Өз кезегінде Димаш Құдайберген марапатты зор ризашылықпен қабылдай отырып, өнер адамы үшін ең үлкен марапат халықтың қолдауы екенін атап өтті.
«Өнер адамы үшін ең жоғары марапат – халықтың мойындауы мен қолдауы. Бұл құрметті мен елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың нығаюын білдіретін маңызды белгі ретінде қабылдаймын. Сондықтан да айтулы марапатты жеке өзіме емес, бүкіл қазақ халқына көрсетілген құрмет пен ілтипат деп білемін», деді әнші.
Айта кетейік, Димаш – бұл марапатқа ие болған екінші тұлға. Бұған дейін мұндай атақ Түркияның Нобель сыйлығының лауреаты, профессор Азиз Санджарға берілген болатын.