28 Маусым, 2016

Медициналық сақтандыру – сапалы қызмет кепілі

491 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Байжунусов2Мемлекет басшысы Астананы өмір сүруге ең қолайлы қалаға айналдыру мақсатында келелі міндеттер қойып отыр. Елбасы бас қаланың денсаулық сақтау саласын заманауи озық технологиялармен қаруланған, жоғары өркениет талаптарына сай сапалы қызмет көрсететін деңгейге көтеру үшін барлық қамқорлықты жасауда. Осының нәтижесінде Астана қаласының медицинасы қала тұрғындарына ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың денсаулығын сақтау жолында кешенді қызмет көрсететін орталыққа айналды. Біз халықтың денсаулығын жақсарту жолындағы тың бастамаларға ұйытқы болып отырған елордалық денсаулық сақтау саласының жұмысымен танысу мақсатында қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерік БАЙЖҮНІСОВТІ әңгімеге тартқан едік. – Ерік Әбенұлы, қалалық денсаулық сақтау жүйесіне жататын мекемелер және олардың материалдық-техникалық базасы хақында не айтуға болады? – Бүгінгі күні Денсаулық сақтау бас­қармасына қарасты медициналық меке­мелердің ма­териалдық-техникалық жағ­дайын жақсарту бойынша кешенді жұмыстар жалғасып келеді. Қазір елор­даның денсаулық сақтау құрылымында 36 медициналық мекеме жұмыс істейді, олардың ішінде 10 емхана, 5 отбасылық денсаулық орталығы, 14 аурухана, 1 медициналық жедел көмек көрсету стансасы және басқалар бар. Елбасының тікелей қамқорлығының арқасында бұл медициналық ұйымдар заманауи құрал-жабдықтармен, озық үлгідегі медициналық технологиялық жүйелермен жабдықталған. Өткен жылдың өзінде Қалалық балалар жұқ­палы аурулар ауруханасы, Медициналық-әлеуметтік оңалту орталығының жаңа ғимараты, Ильинка тұрғын алабындағы тұрғындарға медициналық қызмет көрсету үшін №10 қалалық емхананың «Бақыт» отбасылық денсаулық орталығы салынып, пайдаланылуға берілді. Бұл ғимараттардың барлығы жетекші әлемдік өндірушілердің заманауи жаңа медициналық құрал-жабдықтарымен, соңғы үлгідегі меди­циналық технологиялық жүйелерімен жабдықталған. 2016 жылдың аяғына дейін Қалалық жедел медициналық жәрдем стансасы мен туберкулезге қарсы диспансер жаңа ғимаратқа ие болады. Сонымен қатар, халықтың түрлі топтарына тез, тиімді және бүркеншік атпен тексеруден өтуге мүмкіндік беретін Check-up бағдарламасы жақсы дамып келеді. Туберкулезді зертханалық диаг­ностикалаудың заманауи иннова­циялық әдістері енгізілген, қала бойынша 28 фти­зиатриялық учаске жұмыс істейді. Қаланың барлық бастапқы медициналық-санитариялық кө­мек ұйымдарында ба­қы­­лаушы ем жүргізу үшін арнайы бөлме­лер бөлініп, штатта химизаторлар қарастырылған. – Астаналықтарға меди­ци­налық қызмет көрсетудің көлемі мен сапасы ту­ралы не айтасыз? Қалалық ауруханалар мен емханалар қызмет көрсететін халық саны қанша? Емханаларда кезекте тұратын тұрғындар саны қашан азаяды? – Астана қаласы халқының саны күн­нен-күнге өсіп барады. Қазірдің өзінде астаналықтардың саны 900 мың адамға жеткен. Бұл дегеніміз, қолданыстағы ем­ханалардың әлеуеті күннен-күнге қарқынды өсіп отырған қала тұрғындарына толық көлемде сапалы қызмет көрсетуде біршама қиындықтарға тап болуда. Әрбір емхана орналасқан жері бойынша сол төңіректегі осы емханаға тіркелген тұрғындарға «Тегін ме­ди­циналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 жел­тоқ­сандағы №2136 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 27 қаңтардағы №29 қау­лы­сына сәйкес медициналық қызмет көрсетеді. Емханалардағы кезектілікті төмендету мақсатында заманауи талаптарға сай жаңа типті емханалар салынуда, соңғы үш жыл ішінде ғана жаңадан әрқайсысының қуаттылығы ауысымына 500 адам қабыл­дауға арналған №6, 9, 10-шы емханалар ашылды. «Ниет», «Шапағат» және «Шипагер» отбасылық ден­­саулық меке­мелері қайта ұйымдастырылды. Жаңадан ауысымына 250 адамға ар­нал­ған «Достық» отбасылық денсаулық орталығы салынып, пайдаланылуға берілді. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап Ильинка тұрғын алабындағы тұрғындарға меди­циналық қызмет көрсету үшін №10 қала­лық ем­хананың «Бақыт» отбасылық денсаулық орталығы салынып, жұмысқа кірісті. Мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында амбулаториялық-ем­хана­лық көмек көрсету үшін 7 жеке медициналық ұйымға мемлекеттік тапсырыс орналас­тырылған. Емханаларға келетін адам­дардың кезек күтіп, көп тұрып қалуына жол бермеу, олардың келуін оңтайландыру, тұрғындарға қызмет көрсету уақытын қысқарту, опера­торлардың жұмыс істеу сапасын арттыру, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында № 5, 8, 10-шы емханаларда электрондық кезек жүйесі енгізіліп, емделушілерге күту үшін қолайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар, қала тұрғындары электрондық үкімет және емхана сайты арқылы дәрігердің қабылдауына жазыла алады. Астана қаласы әкімдігінің «Ақылды қала» жобасының аясында №4 қалалық емханада «Ақылды емхана» жо­басы іс­ке асырылып отыр. Бұл бағ­­дар­ламада: емделушінің элек­трондық медициналық картасын ашу, электрондық кезек, бірнеше әдіс­тер арқылы дәрігердің қа­былдауына алдын ала жазылу, емхананың сайты, өзіне-өзі қызмет көрсететін терминалы, штрих-код сканерін қолдану арқылы тіркеу бөлімінде жазылу сияқты қызмет түрлері көрсетіледі. Бұл дегеніміз, емделушінің кезекте тұрмай жазылған уақыты бойынша белгіленген уақытта дәрігердің қабылдауына келуіне мүмкіндік береді. – Ерік Әбенұлы, міндетті меди­циналық сақтандыру жү­йе­сіне көшу мәселесі туралы ойыңызды білсек. – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың 2015 жылғы 20 мамыр­дағы Ұлт Жоспары – бес инс­титуттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» бағдарламасының 80-қадамында міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыруды енгізуді тапсырғаны баршаға мәлім. Осылайша, мемлекеттік бағдарламалар шегінде халық денсаулығына қатысты мәселе өзекті болып қала бермек. Алай­да, кейбір сарапшылардың мәлі­меттеріне сәйкес, аза­мат­тардың өз ден­саулығына және жұмыс берушілердің жұмыскерлердің денсаулығына немқұрайды қарау факті­лері әлі де орын алып келеді. Осы­ған байланысты Елбасы Н.Назарбаев 2015 жылғы 16 қара­шада «Міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдады. Бұл заңның 2017 жылғы 1 шіл­деден бастап қолданысқа енуіне байланысты, елімізде медициналық көмек көрсету міндетті сақтандыру көлемінде және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шегінде де іске асырылатын болады. Жал­пы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс берушілердің төлемдері, мемлекет пен жұмыскерлердің қорға төлейтін жарналары есебі­нен құралады. Осы орайда, аударымдар мен жарналардың көлеміне тоқтала кеткен орынды болар. Мәселен, жұмыс беру­шілердің аударымдары есептеу объектісінің 2 пайызынан басталып 2020 жылға таман 5 пайызға дейін, жұмыскерлердің жарналары есептеу объектісінің 1 пайызынан 2020 жылға дейін 7 пайызға, мемлекет жарнасын есептеу объектісінің 4 пайызынан 2024 жылға дейін 7 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Балалар, көпбалалы аналар, Ұлы Отан соғысының қа­тысушылары, мүге­дектер, жұмыссыз адамдар, интернат тәрбиеленушілері, күндізгі оқу нысанында білім алушылар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер мен бала тууға, оның күтіміне байланысты демалыстағылар, зейнеткерлер, әскерилер, арнаулы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сот үкімі бойынша жазасын өтеушілер мен уақытша изоляторлардағы адамдар мін­детті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жарна төлеуден босатылады. Халықтың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жарна төлеуден босатылған бөлігі үшін мемлекет тарапынан арнаулы жарналар бөлінеді. Ал тегін медициналық кө­мектің кепілдік берілген кө­лемі жедел медициналық көмек, әлеуметтік мәні бар аурулар мен жұқпалы аурулар кезіндегі медициналық көмекті құрайтын болады. Сонымен бірге, міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру жүйесінде азаматтардың алғашқы меди­циналық-санитарлық және стационарлық көмек көрсету ұйымдарын таңдау құқығы қалдырылады. Осылайша, міндетті жарналар ар­қылы азаматтардың өз денсаулығына жауап­кершілігін және нарықтық қатынас арқылы көрсетілетін медициналық қыз­меттердің сапасын арттыру көзделіп отыр. Тағы бір айта кететін жағдай, міндетті сақтандыру жүйесі негізінде халықаралық тәжірибеге сәйкес, азаматтардың дәрігер­лерге алдын ала жазылу тәжірибесін кеңі­нен тарату және шұғыл ста­ционарлық көмек­ті пайдалану деңгейі төмендетуге қатысты жұмыстарын одан әрі дамыту жос­парланып отыр. – Қалалық жедел жәрдем саласы та­лапқа сай ма? – Әр саланың өз олқылықтары мен қиындықтары баршылық. Қалалық жедел медициналық жәрдем стансасының қызметі Астана қаласы әкімінің жеке ба­қылауына алынған. Осы саланы дамыту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды және ол өз жалғасын тауып келеді. Бү­гінгі күнгі басты проблеманың бірі бұл санитарлық автокөліктердің жетіс­пеуі және қолданыстағы көліктердің ескіруі болып отыр. 2016 жылдың І тоқсандық қоры­­тындысы бойынша жедел жәрдем көліктерімен қамтылуы 92 пайызды құрап отыр. Жылдың басынан жедел жәр­дем қыз­метінің алдында 1-3 санатты шақыртуларға 10 (он) минуттың, 4-6 санатты шақыртуларға 20 (жиырма) ми­нуттың ішінде жету бойынша талап қойылған. Бүгінгі күні бұл көр­сеткішке қол жеткізіп отырмыз. – Емдеу орталықтары білікті кадр­лармен қамтамасыз етілген бе? Кадр тап­шылығы қалай шешіледі? – 2016 жылғы І тоқсанындағы ахуал бо­йынша Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасына бағынысты 36 медициналық ұйымдарда 9424 медицина қызметкері жұмыс істейді, оның 3202 дәрігерлер және 6222 орта бі­лімді медицина қызметкерлері. Дәрігерлердің санаттылық деңгейі 3,3 пайызға өсіп, 48 пайызды құрады, орта білімді медицина қызметкерлерінде бұл көрсеткіш 37 пайызды құрады. Кадр тапшылығын төмендету мақ­сатында Денсаулық сақтау басқармасы мен қаланың ме­дициналық ұйымдарында кадр­ларды тарту бойынша жоспарлы жұмыстар, медициналық жоғары оқу орындары мен колледж түлектері арасында насихаттау жұмыстары жүргізіліп келеді. Денсаулық сақтау басқармасы елорда медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру бойынша үлкен жұмыс атқарып отыр. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын іске асыру жылдарында елорданың 10 000-нан астам медицина қызметкері шетелдік және отандық клиникаларда біліктіліктерін арттырды. Шамамен 400 медицина қызметкері жергілікті бюджет есебінен шетелдік клиникаларда оқып келді. 2015 жылдың өзінде еліміздің, таяу және шет мемлекеттерінің ғылыми орталықтарында 4250 дәрігер  мен мейірбике, мейіргерлер біліктілікті жо­ғарылатты және бастапқы мамандық курс­ынан өтті. Шетелдік мамандардың 37 ше­берлік-класы өтті, оны өткізу кезінде бірлесіп 45 операция жасалып, 400-ден астам емделушілер кеңес алды. – Өзіңіз атап көрсеткендей, келесі жылдан бастап елі­мізде міндетті әлеу­меттік меди­цина­лық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Осы маңызды жүйе­нің мәні мен қалалық денсаулық сақтау саласының алдағы міндеттері туралы не айтасыз? – Әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр­ғанындай, міндетті әлеу­­меттік медицина­лық сақ­тандыру жүйесін енгізу қызмет сапасын көтеріп, әр адамның өз денсау­лығына деген жауапкершілігін арттырады. Сарапшылардың болжамы бойынша аталған жобаны енгізгеннен кейін еліміздегі медициналық көмек көрсетудің деңгейі айтарлықтай өсіп, дәрігерлердің жалақысын арттыру мүмкіндігі пайда болады. Елорда мысалында ауруханалар жоғары санатты жабдықтар мен қымбат дәрі-дәрмектер сатып алады. Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру адамға тексеруден өтуіне, қажет болған жағдайда жеке қаржысын жұмсамай ем алуына мүмкіндік береді. Бұл жүйе қолданысқа енгеннен кейін де Конституцияда көрсетілген мемлекеттің халыққа міндетті ақысыз медициналық көмегінің деңгейі сол күйі сақталады. Сон­дық­тан медициналық қызмет сапасын өскелең талап дәрежесіне көтеру үшін біз бұл жүйеге кө­шуіміз керек. Жоғарыда көрсетілген стра­тегиялық тапсырмалар мен бағыт­тарды іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі 2016-2019 жылдары еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған «Денсаулық» бағдарламасын бекітті. Оның мақсаты: тұрғындардың ден­­саулығын қорғау мәселелі бойынша мүдделі секторлар мен ведомстволардың қарым-қатынасын жетілдіру; МСАК дамыту басымдылығымен меди­циналық көмек көрсету жүйесін жетілдіру; медициналық ұйымдарды басқаруды жетілдіру және денсаулық сақтау инфра­құрылымын дамыту; адами ресурстарды басқару, инновация мен медициналық және фармацевтикалық ғылымды дамыту тиімділігін арттыру; дәрі-дәрмекпен қамсыздандыруды жетілдіру, медициналық жаб­дықты, медициналық мақсаттағы бұйымдарды пайдалану тиім­ділігін арттыру; міндетті меди­­циналық сақтандыру жағ­дайында денсаулық сақтау жүйесін басқару және қаржыландыруды жетілдіру болып табылады. Елорданың денсаулық сақтау саласы осы міндеттерді іс жүзіне асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын болады. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»