29 Маусым, 2016

Жаңа басшыға кәсіпорын құрылымы неге ұнамайды?

350 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
20150519204256«АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамы Жұмыс күшін жоспарлау бағдарламасын іске қосты. Бұл туралы соған орай өткізілген баспасөз мәслихатында «АрселорМиттал ТМД» компаниясының жаңадан тағайындалған директоры Парамжит Калон мәлімдеді. Оның айтуынша, кәсіпорынның қазіргі құрылымы дұрыс ұйымдастырылмаған. «АрселорМиттал Теміртау» ком­паниясының құрамында метал­лур­гия­лық комбинат, Қарағанды облысындағы 8 көмір шахтасы, Қарағанды, Ақмола және Қос­танай облыстарындағы темір кенін өндіретін 4 кеніші бар. Кәсі­п­орындағы жұ­мыс­тарды шартты түрде үшке бөлуге болады. Оның біріншісі – өнім өндірісі, екіншісі – құрал-жабдықтарды жөндеу мен қамтамасыз ету, ал үшіншісі – сервистік, яғни қаржылық, мар­кетингтік және басқа да қыз­меттер. Әлемдік тәжірибеге сүйен­сек, алғашқы бөлік бойынша барлық еңбеккерлердің 60 пайы­зы, екіншісінде 30 пайызы және соңғысында 10 пайызы жұ­мыс істеуі тиіс. Ал Теміртау метал­лургия комбинатында жұ­мыскерлердің шамамен өндірісте 45 пайызы, жөндеу мен қамтамасыз етуде 40 пайызы да, қалғандары сервистік қызметте. – Қазір екінші бөліктегі ең­бек­керлердің біразын, бірінші бөлікке, үшіншідегілердің біршамасын екінші бөлікке ауыстыру жоспарланып отыр, – дейді Парамжит Ка­лон мырза. – Ол үшін адамдардың тиісінше тәжірибе жинақтауына мүм­кіндік беру керек. Көпшілік еңбек түрін өзгертуге дайын емес. Оларға жаңа жұмыс орындары қарас­тырылады немесе ор­нына жаңа­дан жас мамандар алынуы мүмкін. Компанияда былтырғы жылы болған қиыншылықтарға тоқтал­ған бас директордың айтуынша, қазір­гі уақытта «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-тың көмір және болат депар­таменттерінің жұмыстарына шолу жасалуда. Дайын өнім шығару шы­ғын­дарын азайту, сапасын, бәсе­кеге қабілеттілігін арттыру қажет. Бас ди­ректордың пікірінше, иелік­тегі кен базасы, көмір сияқты басым­дықтар­ды орынды пайдалану керек. Электр қуатын өндіру көлемін арттыру қажет. Теміртау жылу-электр ор­талы­ғының жұмысын жақсарту да кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Ком­пания инвестициялық даму бағдар­ламасын ойдағыдай жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, қазір №4 дом­на пешіне жетілдіру жұмыс­тары жүргізілуде. Келешекте агро­өндіріс, басқа да салалар жетіл­діріледі. Жал­пы, компания осы комбинатты ал­ғаннан бері оны же­тілдіруге 5 мил­лиард АҚШ доллары көлемінде қаражат жұмсаған. Бір ай бұрын ғана тағайындалған бас директор Украинадағы Кривой Рог металлургия комбинатының директоры қызметін қоса атқарады. Бір жылғы уақытының 80 пайызында Қазақстанда болуды жоспарлап отыр. Ал Теміртау комбинатының мүм­кіндіктері туралы жаңа директор ештеңе айта алмады. Өйткені, өндіріс туралы жан-жақты біліп, үлкен жос­парлар жайлы сенімді сөйлеу үшін бір ай уақыт тым аз. Дегенмен, жаңа басшы журналистермен жиі кездесіп, жағдайдан тұрақты хабардар етіп отыруға уәде берді. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы, Теміртау қаласы