17 Қыркүйек, 2016

Жарыстар жаңғырығы

307 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Теннис. Мәскеуде бейсенбі күні өткізілген Дэвис Кубогы әлемдік тобының жеребесі плей-офф матчын Ресей және Қазақстан құрамалары ашатынын көрсетіп берді. Топ ойындары 16-18 қыркүйек күндері осы қаланың ұлттық теннис орталығының кортында ойналады. Мұнда кеше Андрей Кузнецов (Ресей) – Александр Недовесов (Қазақстан), Евгений Донской (Ресей) – Михаил Кукушкин (Қазақстан) кездесті. Бүгін ресейлік Константин Кравчук және Андрей Рублев жұбы қазақстандық  Недовесов және Андрей Голубев дуэтімен ойнайды. Ал ертең Кузнецов – Кукушкин, Донской – Недовесов матчтары өтеді. Волейбол. Вьетнамда өтіп жатқан Азия кубогы үшін турнирде Қазақстанның қыздар құрамасы Оңтүстік Корея командасын үш партияда (25:9, 25:13, 25:14) ұтып шықты. Бұл ойынға біздің қарсыласымыз жастар құрамасын қойды. Мұның алдында қазақстандықтар Жапония командасынан 1:3 есебімен ұтылып қалған еді. Кеше Вячеслав Шапранның шәкірттері Қытай волейболшыларымен кездесті. Турнир 20 қыркүйекте аяқталады. Футбол. Қазақстанның 19 жасқа дейінгі жасөспірім қыздар құрамасы Еуро-2017 іріктеу турнирінде Финляндия командасынан 0:7 есебімен күйрей жеңілді. Қарсыластар бірінші допты 4-минутта түсірді (Роня Иконен). Ал 7 және 11-минуттарда Юули Кетола тағы екі гол салды. Бұдан кейін ол пенальтиден хет-трик жасады. Дубльді Эммалийна Тулкки жасаса, соңғы нүктені Туулиа Миккола қойды. Жерлестеріміз келесі кездесуін бүгін Исландия құрамасымен өткізеді. Бокс. Дағыстанның астанасы – Махачкалада М-С. Умахановты еске түсіруге арналған XVIII мемориал мәреге жетті. Халықаралық турнирге қатысқан қазақстандық қыздар арасында Назым Ишанова (60 кг) – алтын, Ақмарал Шамшиденова (75) – күміс, Шынар Юлдашева (75) қола медальға қол жеткізді. Назым бірінші орынды белорус қарсыласы Галина Брюевич рингке шықпай қалуына байланысты шайқассыз алса, Ақмарал ақтық айқаста сол елдің өкілі Виктория Кебиковадан ұтылып қалды. Жігіттер арасында Сапарбай Айдаров (75) финалда ресейлік Владислав Федюриннен 0:3 есебімен жеңіліп, күміс медальды қанағат тұтты. Велоспорт. «Астана» италиялық жас велошабандоз Рикардо Миналимен келісімшартқа отырды. Бұған дейін ол өз елінде өткен Trofeo Comune di Vertova жарысында 2012, 2013 жылдары, Circuito del Porto – Trofeo Arvedi сайысында 2015 жылы жеңіске жеткен. 21 жастағы спринтер – бұрынғы белгілі велошабандоз Николо Миналидің ұлы. Ол биылғы маусымда бірінші рет «Астана» велокомандасы сапында кәсіпқой спортшы ретінде өнер көрсететін болады. «Егемен-ақпарат»