17 Қыркүйек, 2016

Таланттыларымызды тарыдай шашпайық

281 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
pirnazarҚазақ – талантты халық. Қай жағынан алып қарағанда да. Бірақ санымыз аз. Біздің әлемге әлі де болса қатты таныла алмай келе жатқанымыздың бір себебі де осы болса керек. Ал санның сапа туғызбай қоймайтыны бесенеден белгілі. Жалпы, елді, халықты жаһанға жария етіп, жар салатын салалар баршылық. Осылардың ішінен елді танытуда ерекше рөл атқаратын екеуін бөле-жара атаған абзал. Бірі – Мемлекет басшысы, екіншісі – спорт. Яғни, Мемлекет басшысы шетелге ресми сапармен барғанда және спортшымыз жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілгенде Әнұранымыз шырқалып, Туымыз көтеріледі. Әңгімемізді бұлай бастап отыруымыздың өзіндік себебі бар. Үстіміздегі жылдың 26 тамы­зында қазақстандық 12 жасар талантты шах­матшы қыз, мектеп оқушылары арасында үш дүркін, 8 жасқа дейінгі қыздар арасында бір мәрте әлем чемпионы, 7 жасында Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) қыздар арасындағы шебері (әйелдер деп те түсінген жөн) атағы берілген (7 жасында осындай атақ алған жас шахматшы қыз осы спорт тарихында бұрын-соңды болмаған, яғни рекорд) Бибісара Асаубаеваның Ресейге, оның ішінде осы ел астанасы – Мәскеу түбіндегі Химки қаласына ата-анасымен бірге қоныс аударғаны туралы ақпарат тарады. Естіген кезде қаршадай қыздың Отанынан безгені несі деп таңғалғанымыз да рас... Ал қолға қалам алуымызға күні кеше Әзер­бай­жан­ның астанасы – Баку қаласында аяқ­талған Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының қорытындысы бойынша  қазақстандық шах­матшы қыздардың лайықты ойын өрнегін көрсете алмағандары себеп болды. Шахматшы қыздарымыз алған орындарға көз жүгіртсек, спортсүйер қауымға онша-мұнша таныс еместей әсер қалдыратын, яғни аса балғын шағында оза шауып бәйге ала қоймаған Шолпан Жылқайдарова отандастарымыздың арасында ең тәуір нәтиже көрсеткен – 113-ші орын. Өскін кезінде өрісінің кеңдігімен, қадамының қарымдығымен әлемді мойындатып, жаһан жеңімпазы атанған Жансая Әбдімәліктің алған орны көңіл қоңылтақсытады – 137. Ал жарысқа тағы бір үкілеп қосқан үмітіміз Гүлмира Дәулетова бар болғаны 146-шы орыннан көрінген. Бұл нені білдіреді? Біздіңше, бұл Қазақстанда жас кезінде жақсы қырынан көрінетін дарын­ды шахматшылардың есейе келе тоқырауға ұшы­­рай­тынын білдіреді. Елімізде олардың өсуіне, шеберлігін шыңдауына жағдай жасап, көмектесетін білікті жаттықтырушылар жоқ-ау, шамасы деген де ой келеді осындайда. Бұл жерде біздің айтпағымыз басқа. Бола­шағынан үлкен үміт күттіретін 12 жасар аса талантты шахматшы қызымыздың көрші ел – Ресей асуы. Кейбір дерек көздерінің сөз саптастарына қарағанда, Қазақстанның шахмат федерациясы (ҚШФ) мен Бибісара Асаубаеваның ата-анасы (жас таланттың бұл іске араласпағаны анық) тіл табыса алмаған сияқты. Ата-ана қыздарының талантына сай бағаланғанын, талантына лайық құрмет көрсетілгенін қаласа, несі айып?! Мәселенің қаржы жағы тағы бар. Біздің көк дөнен көңіліміз айтады, егер болашақта Бибісара секілді биіктен көрінуі әбден ықтимал таудай талант иелерін өз деңгейінде бағалап, туған Отанына қызмет ететіндей ахуал қалыптастырсақ, осынау бір көнеден келе жатқан зияткерлер ойынында бағындырар шыңдарымыз қазіргіден әлдеқайда жоғары болар еді деп. Әрине, спортшылардың өз елінен өзге елге ауысып, жаңа «отанының» намысын қорғап жататын кездер қазіргі таңда жиі кездеседі. Бір ғана мысал ретінде Бразилияның аяқдоп шеберлерін келтірейік. Өйткені, бұл – үлкен ел, халқының саны 210 миллионнан асып жығылады. Әрі бұл елде футбол ойнап өспейтін бала жоқ. Сәйкесінше, таланттылар да жетіп-артылады. Яғни, сан сапаға айналады деген сөз. Ал олардың бәріне бірдей Бразилия құрамасынан орын табылмайтыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан бақыттарын басқа елден іздеуге мәжбүр. Енді негізгі тақырыбымызға оралып, «се­гіз қырлы, бір сырлы» дейтінге келетін дарынды жасөспірім қыз – Б.Асаубаеваның жан-жақтылығымен де ерекшеленетінін айта кетейік. Ол гимнастикадан Астана қаласының чемпионы болып табылады. Иә, қазақ – талантты халық. Несібесі де ешкім­дікінен кем емес. Бірақ, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, таланттыларын тарыдай шаша­тын қарасы қалың ел емес. Сондықтан, барымызды бағалай білуіміз керек. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегенді тауып айтқан қазақы қалыпқа салсақ, қызымыздың өзгенің намысын жыртатыны өзегімізді өртейді-ақ... Серік Пірназар, «Егемен Қазақстан»