18 Қыркүйек, 2016

Аймақта теңдесі жоқ "Алматы-Арена" мұз айдыны ашылды

452 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
alma Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған салтанатты шараларға келді. Мемлекет басшысы жаңа салынған «Алматы Арена» мұз айдынының ашылуына қатысты. Мұз айдында «Алматының 25 шыңы» атты салтанатты шара өтіп жатыр деп хабарлайды Егемен-ақпарат. «Алматының 1000 жылдығын алматылықтармен бірге Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастық та атап өтуде. Бұл тарихи дата ЮНЕСКО-ның мерейтойлық даталар тізбесіне енді. Осы шешімнен Алматының аймақтық, жаһандық дамудағы айрықша рөлі көрініп отыр. Алатау бөктеріндегі қасиетті мекен өзінің үлкен тарихында талай оқиғаларға куә болды. Бұл жермен Ұлы Жібек жолы өтті. Ол Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті, ұланғайыр Еуразияны жалғаған алғашқы бүкіл адамзаттық сауда жолы еді. Бұдан 550 жыл бұрын бүкіл Жетісу жері Қазақ хандығының алтын бесігі болды. ХХ ғасырда да Алматы ерекше рөл атқарды. 1929 жылы ол Қазақстан астанасы болды. Біртіндеп миллион тұрғыны бар мегаполиске айналды. Алматы егемен, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы астанасы мәртебесіне ие болды. Сол себепті де қаланың 1000 жылдығын ел болып Отанымыз тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен қатар тойлап жатқанымыз символдық мәні бар нәрсе», деді Нұрсұлтан Назарбаев. 14341742_1449403848419484_537318613_n «Алматы Арена» Орталық Азияда теңдесі жоқ кешен, ол жалпы әлем бойынша техникалық тұрғыдан үздік жабдықталған айдындар қатарында. Кешен үш блоктан тұрады: мұз айдыны, жаттығу айдыны және жүзу бассейні. Мұз айдыны 12 мың орынға есептелген, мұнда қысқы Универсиаданың ашылу және жабылу салтанаты, сондай-ақ шорт-трек конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау және хоккей жарыстары өтеді. led Бүгін Елбасы Атлетикалық ауыл атты объектіні де аралап көрді. Ол 5 мың спортшы мен делегация мүшелерінің тұруына лайықталған тұрғын үй кешенінен тұрады. Алматы әкімі Бауыржан Байбек Елбасыға Универсиада өткеннен кейін оған арнап салған кешендердің қалай пайда асатыны туралы айтты. Мәселен, ойындардан соң «Алматы Арена» спорт мектептерінің, кәсіби және әуесқой командалардың жаттығатын орнына айналады. Сонымен қатар ол адамдар сырғанақ тебетін айдын ретінде де пайдаланылады. Өйткні, кешен бастапқыда дене шынықтырумен айналысып, саламатты өмір салтын ұстанғысы келетін адамдар үшін салынған. 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада Алматы қаласында 2017 жылдың 28 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында өтеді. Студенттер ойынында 55 мемлекеттен 2 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Универсиада – Халықаралық Университеттік Спорт Федерациясының (FISU) ұйымдастыруымен студенттер арасында өтетін халықаралық жарыс. Олимпиада ойындарынан бір ерекшелігі – жазғы және қысқы универсиада екі жыл сайын өткізіледі. Универсиада-2017 қысқы бағдарламасына 13 спорт түрі енді: биатлон, тау шаңғы спорты, керлинг, коньки тебу спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарысы, трамплиннен шаңғымен секіру және сноуборд. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының өтініші бойынша, қабылдаушы ел ретінде, допты хоккейден жарыстар енгізілген болатын. Егемен-ақпарат