20 Қыркүйек, 2016

Қолды болған мал, сенделген бақташы

368 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
mal-1909Әдетте күз айларында малдың жоғалуы жиі кездеседі. Оның бас­ты себебі – қараусыз қалуы, мал­ды бағу жұмыстарының жүйе­лі, ұтым­ды түрде ұйымдас­тырыл­мауы. Бұл – ауыл әкімдеріне де үл­кен сын. Ұрланбайтын мал жоқ. Төрт түлік­тің түйеден басқа түрі – ірі қара да, жылқы да, қой-ешкі де ұрла­на­тыны жергілікті полиция қыз­меті деректерінен айқын көрінеді. 2016 жылдың жеті айы ішінде мал ұрлығы салдарынан 104 миллион 392 мың теңге залал келген. Соңғы үш жылда Орал өңірінде мал ұрлығына қатысты екі мың жарым дерек тіркелген. Осы уақыттың аралығында 4757 бас мал қолды болған. Жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп жасалған журналистік зерттеулер мал ұрлығын жасайтындардың дені арнайы құрылған топтар емес, негізінен жекелеген суық қолды адамдар екенін айғақтайды. Олар – бұрын сотталғандар немесе арнайы есепте тұратындар. Соңғы кезде ел ішінде жеке сектордың иелігіндегі малды бағу­ға ықылас пен құлшыныс таныта­тындар мүлдем сиреп бара жат­қаны байқалады. Оның үстіне мал басына кемінде мың теңге ақы алынады. Осыны қымбатсынып, тұрғындардың көбі малын бағымға қоса бермейді. Жергілікті тұрғындар арасында бақташының еңбекақысын төле­мей, оларды сенделтіп қоятындар да бар. Осыған бір мысал. Шал­ғай­дағы өңірлердің бірінде аудан орталығы тұрғындарының иелі­гіндегі ірі қара малдарды бағуды кәсіп еткен жандардың бірі – Серік Қасымов. Орта мектепті бітірісімен жекенің малын бағуға бел буған ол ұзақ жыл осы бақташылықты кәсіп етіп келеді. Ашығын айтуымыз керек, адал жұмыс істеді. Оның бақ­қан малы жоғалып кетіпті дегенді ешкім де естімепті. Осы Серік Қасымов секілді бақ­­та­шыларды сандалтпай, ақ-адал ең­бегінің ақысын уақытылы төлеу­дің ыңғайлы әрі оңтайлы жолын іздестіру қажет-ау деген ой ке­леді. Қазір алыс аудандарда ауылша­руа­шылық тұтыну коо­пе­ратив­тері құрыла бастады. Мәсе­лен, Жал­пақ­тал ауылында осындай коопе­ра­тив­тің төрағасы өткен жылы ауыл тұрғындарының малдарын қарауылдап, көзден таса қыл­мауға екі бақташы шығарған. Бұл істің нәтижесі тәп-тәуір. Жал­пақ­­­тал­да мал ұрлығы тіркел­ме­ген. Егер өзге өңірлерде де құ­рыл­­­ған коо­пе­­ра­тивтер осы тәжі­ри­бе­ге құлақ асса, бұдан ешкім де ұтыл­мас еді. Батыс Қазақстан Ресейдің Самара, Саратов, Орынбор, Волгоград және Астрахань облыстарымен шектеседі. Мал шекараны білмейді. Екі күннің бірінде көршілес елдің шекарасына өтіп кетіп жатады. Оның ізін кесіп, тауып алу да оңай емес. Мүмкіндігінше малдың шекара­дан өтпеуін қадағалаған жөн ғой. Егер өтіп кетсе, мал ие­леріне көмектесетін орган бар. Ол – жергілікті полиция. Батыс Қазақ­стан облыстық Ішкі істер депар­т­аменті жергілікті полиция қыз­меті басшысының орынбасары Кенжебек Қоспаевтың айтуынша, Қазақстаннан Ресей аумағына өтіп кеткен малды қайтарып алуға ешқандай әкімшілік кедергі жоқ. Таяуда Қазталов  ауданынан шекара асқан бір үйір жылқыны учаскелік полиция қызметкерлері тез тауып әкелген. Осы материалды әзірлеу барысында облыста мал ұрлығын тыю үшін арнайы «Жол картасы» жасалғанын білдік. Бұл жоба бірнеше мақсатты көздейді екен. Бірінші, тұрғындар арасында қауіпсіздік шаралары жөнінде ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Екіншісі – ұрлықтың алдын алу жөнінде нақты іс-шаралар кешені. Осы орайда республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдар арқылы мал тасымалдайтын жүргізушілердің құжаттары мен жүк көліктері тексеруден өт­кізі­­ле­ді. Әрі сол жерде тасымал­ды кім­­дер ұйымдастырғаны анық­та­ла­­­ды. Үшіншіден, ет өнімдерін са­та­­­­тын үлкенді-кішілі орындарда сау­­­да жүргізу құқына байланыс­ты құ­жат­тар да назардан тыс қал­майды. Сондай-ақ өңірдегі вете­ри­нар­лық қызмет өкілдері алдағы кезде әр малдың вете­ринарлық құжаты, оның базасы жасалатынын, тиісті деректер соған енгізілетінін мәлімдеп отыр. Соған сай әрбір малға сырға салынып, оның нөмірі жазылмақ. Бұл жаңа тәсіл малдың иесі кім екенін анықтауға мүмкіндік береді. Қараусыз мал – жол-көлік апат­­тарына да себепші. Мұндай жағ­дайда да малдың құлағындағы сыр­ға арқылы оның иесін анықтап, тиісті жауапкершілікке тартуға болады. Өткен жылы өңірдегі ветери­нарлық сала өкілдерінің ұсыныс-тілектеріне сәйкес Батыс Қазақ­стан облыстық мәслихаты үй жан­уар­ларын ұстау ережесін бекі­­тіпті. Алайда жергілікті полиция қызметі жетекші өкілінің айтуынша, ережеде қойылған талаптар орын­далмай отырған көрінеді. Ереженің аты – ереже. Бұл құжаттың Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы немесе Қылмыстық кодекс секіл­ді тәртіп бұзғандарды жауап­кершілікке тартуға заңды күші жоқ. Сондықтан да Батыс Қазақ­стан облыстық Ішкі істер депар­таментінің жергілікті полиция қыз­меті қолданыстағы заңнамалық талаптар мен нормативтерге өз­геріс­тер мен толықтырулар ен­гізу туралы Ішкі істер ми­нистр­лігіне тиісті ұсыныстар жаса­ған. Бұл ұсыныс қаралу үстінде екен. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы