24 Қыркүйек, 2016

ЭКСПО: Асханалар қалай таңдалады?

340 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
obshhepit«Астана ЭКСПО-2017» компаниясы халықаралық көрме аумағында қызмет көрсететін қоғамдық тамақтандыру операторларын таңдауды бастамақ. Ол үшін жыл соңына дейін ашық байқау өткізіліп, тиісті талаптарға сай келетіндер іріктеліп алынады. Айтулы шара аясында халықты тамақтандырып табыс табу мүмкіндігіне ие болғысы келетіндер үшін қойылатын талаптарға тоқтала кетейік. Алдымен, ондай компанияның осы саладағы тәжірибесі мол болуға тиіс. Екіншіден, тамақтану орнының дизайнының тартымдылығына көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, баға сая­саты да көңілге қонымды, халықтың қалтасына салмақ салмайтын болуға тиіс. – Біз 30 мейрамхана мен 14 дүңгіршек қажет деп тауып отырмыз. Көрменің форматын ескере отырып, өз еліміздің азаматтары ғана емес, шетелдік қонақтар да көп болады деп күтілуде. Сол үшін әлемнің танымал асханаларын қарастырмақпыз, – дейді компанияның Коммерцияландыру департаментінің директоры Дәулет Еркімбаев. Оның айтуынша, байқауға отандық және шетелдік компаниялар ашық негізде қатыса алады. Іріктеу премиум санаттағы мейрамханалар мен барлар, кофеханалар, дәмханалар және фастфуд желілері арасында жүргізіледі. Байқаудың қоры­тындысы келесі жылдың басында шы­ғарылып, ақпан, наурыз айларында павильондарда жеңімпаз мекемелер жұмыс істейтін орындар нақтыланады. Байқауда жеңіске жеткен компаниялар көрме аумағында арендалық не­гізде жұмыс істейді. Жалдау ақысы елор­дадағы орташа баға деңгейінен төмен бол­мақ. Сондай-ақ, бұл жерде тамақтану бағасы да Астанадағы басқа тамақтану нысандарының бағасымен шамалас болуы керек. – Байқау шарттары тендер өткізу шарттарына ұқсайды, бірақ одан гөрі біршама жеңілдеу. Өйткені, бұл жерде бюджет қаражаты болмайды. Байқауға ұйымдастырушы компанияның өкілдері төреші болады, – дейді Дәулет Еркімбаев. Елордада өтетін халықаралық көр­менің ашылуына 9 айдан аз уақыт қалды. Күні бүгінге дейін әлемнің 103 елі ау­қым­ды шараға атсалысуға ниет білдіріп отыр, олармен арадағы келісімшарт жасау жұмыстары жыл соңына дейін тәмамдалуға тиіс. Маусым-қыркүйек ай­ларының аралығында елордаға осы ел­дерден және басқа мемлекеттерден 300 мың адам келеді деп күтілуде. Ал елі­міздің өзге аумақтарынан келетін адамдарды қосқанда, туристердің жалпы саны 2 миллионнан асып түсуге тиіс. Жуырда ғана компания басшысы А.Есімов айтып өткендей, қазір 74 мың билетті сату үшін ірі келісімдерге қол жеткізілген. Халықаралық көрме отандық турзим саласына соны серпін береді деп үміт артылып отырғанын ескерсек, туристерді ыңғайлы әрі тартымды қоғамдық тамақтандыру орындарымен қамтудың да маңызы арта түседі. «Астана ЭКСПО-2017» компа­ниясының Қоғаммен байланыс депар­таменті директорының орынбасары Ақсұлу Арзықұлованың айтуынша, халықаралық көрме аумағын тамақтандыру орындарымен жабдықтау кезінде әлем елдерінің танымал асханаларын қамтуға көңіл бөлінеді. Сондай-ақ, шетелдік меймандар үшін қазақтың ұлттық тағам түрлерін көрсету де назардан тыс қалмайды. Көрмеге келушілерге елімізде тұратын өзге де ұлыстардың тағамдары ұсынылуға тиіс. Халықаралық көрме өткеннен кейін оны ұйымдастырушы компания тарайтыны белгілі. Ал көрме павильондарындағы қоғамдық тамақтандырушыларға олардың өздерінің қалауы бойынша, жұмыстарын одан әрі жалғастыруға мүмкіндік жасалады. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»