27 Қыркүйек, 2016

Рүстем Есдәулетов атындағы театр фестивалінің жүлдегерлері анықталды

415 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
dsc_0212Рүстем Есдәулетов қазақтың шығармашылық тынысы кең, келешегінен үлкен үміт күттірген жастарының бірі болатын. Жасындай жарқылдаған жастың қол созған армандары қандай асыл, биік болса, өнерді өрге сүйреген іс-қимылы да сондай нық, нақты еді. Қарыштап қадам басып, қалықтап қанат қағып келе жатыр еді. Жазмышқа амал бар ма, маңдайына келте ғұмыр жазылыпты...  Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, кино және театр актері, ақын, режис­сер Рүстем Есдәулетов атындағы І рес­пуб­лика­лық Жастар және студенттер фес­тивалі сал­та­натты түрде тұсауын кесті. Шығыс Қазақ­­стан об­лыс­тық драма театрында шы­мыл­­­ды­ғын түр­ген шараға Астана, Алмат­ы, Қараған­ды, Көк­ше­тау, Семей сынды қала­лар­­дан бір­қатар театр ұжымдары келді. Фес­тиваль­ға қатысу­шы­лар алдымен Рүстем Ес­дәулетов шығар­ма­шы­лығына арналған көрмені тама­шала­ды. Көрмеге режиссердің түрлі театр фестиваль­­дерінде қол жеткізген жетістіктері мен мара­паттары, театр тарландарымен және әріптес­тері­мен, сондай-ақ жұмыс барысында түскен фото­суреттері, өлеңдер жинағы мен түрлі жи­нақ­тарға енген топтамалары және баспасөз бетін­дегі естеліктер қойылыпты. Тұңғыш рет ұйым­дастырылған театр мерекесі үш күнге созыл­ды. Қоңыр күз­дегі адам жанын тербейтін руханият мере­кесінің ашылу салтанатында облыс әкімі­нің орынбасары Жақсылық Омар құт­тықтап, рухтас досы туралы шынайы сыр шертті. – Рүстем туралы көп айтуға болады. Ол Өске­менде қазақ театрының байрағын биік жел­біретемін деп тер төкті. Осыдан біраз уақыт бұрын өңірімізде өткен республикалық драма театрлары фестивалінде Рүстем досы­мызды еске алуға арналған ауқымды шара ұйым­­­дастыр­сақ, елдің барлық тарапынан театр ұжым­­дарын шақырсақ, оған жастар театр­лары қатысса деген ойымыз бүгін жүзеге асты. Өйткені, ол қазақтың өнердегі жас­тары­ның бет-бейнесі болып қалыптасып, елдің жадында да сол болмысымен қалды, деді Жақсы­лық Омар. Бұған қоса, облыс әкімінің орынбасары фестивальді дәстүрлі түрде жыл сайын ұйым­дастыру көз­деліп отырғанын жеткізді. Бұдан кейін Р.Есдәулетовтің өмірі мен өнері­нен сыр шерткен «Бөрінама» деректі фильмі көр­сетілді. Фильмде қазақтың әдебиеті мен мәде­ниетіне талантты ұл-қыздарды сыйлаған іргелі әулет, ауылдағы Оразбай әкенің мәуелі бағында қиялы жүйрік болып өскен арманшыл бала, оның өз бағытын айқындаған жастық шағы мен шын жүйрікке тұсау жоқ екенін танытқан сахна мен сахна сыртындағы сан түрлі ерен еңбегі баян­далады. Кадрда отыз бір жасында талай биік­терді бағындырып үлгер­ген Р.Есдәулетовтің өл­шеу­лі өмірі де сағат тілі­мен сыртылдап, адам баласы­ның бұл пәни­дегі мақсат-мұратының мәнін аша түседі. Санкт-Петербургте ресейлік әйгілі театр тар­ланы Л.Додиннің тәлімін алған Рүстемнің сол кез­дегі өзі жетекшілік жасаған Жамбыл атын­дағы Шығыс Қазақстан облыстық театрын Стани­слав­ский жүйесімен қайта құруы да өнердегі жансебіл еңбегінің бір көрінісін паш етті. Жары Маржан бүгінде Рүстемнің түтінін өшірмей, артында қалған Олжас, Ботагөз, Ханзада, Нұрзада есімді балаларын тәрбиелеп отыр. Оның өмірден ерте озған режиссердің мұрасы бойынша Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында кандидаттық диссертация қорғағанын айта кеткен ләзім. Яғни, Р.Есдәулетовтің мұрасы іздеусіз емес. Фестиваль барысында Көкшетау қаласы Ақан сері атындағы мәдениет колледжі­нің «Жас толқын» жастар студиясы Р.Мұқанова­ның «Мәңгілік бала бейне», Семей қаласы М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің «Дәуір» студенттік театры М.Шахановтың «Танагөз», Алматы қаласы «А.И музыкалық театр орталығы» М.Әуезовтің «Қарагөз», Қарағанды қаласы Тәттімбет өнер колледжінің «Q» студенттер театры Иран-Ғайыптың «Қор­қыт­тың көрі», Астана қаласы Қазақ ұлт­тық өнер университетінің «Студенттік зертхана­сы» И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» және бағдарламадан тыс Шығыс Қазақстан облыстық драма театры Абайдың «Атымды адам қойған соң...» атты ой-тол­ғанысы арқау бол­ған қойылымдарын сахналады. Белгілі театр сыншылары сахнаның жас буынына баға берді. Тақырып таңдау, эксперименттік із­деніс, актерлік ансамбль, сахнадағы қимыл-қоз­ғалыс, режиссерлік шешім сынды сахнаның сан сырын қамтыған сын-ескертпелер келешек театр шеберлеріне бір жағынан тәжірибелік дәріс іспетті болды. Фестивальдің жабылу салтанатында ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет бұл театрдың Рүстемнің өзі жобасын сызып, армандап кеткен өнер ордасы екенін, адам жанын мөлдірететін театр өнерінің Өскемендегі өрлеуі Рүстемнен басталатынын, осы орайда фестиваль келешекте шетелдердің ұжымдары да қатысатын халықаралық шара­ға айналса деген тілегін айтты. Сондай-ақ, көпшіліктің тілегіне сай облыстық театрға Рүстем Есдәулетовтің есімі берілсе деген ұсы­ны­сын жеткізді. Айта кету керек, бұл мәселе бұдан бұрын жергілікті баспасөзде бірнеше мәрте көтерілген болатын. Үш күнге созылған фестиваль қорытын­дысы бойынша бас жүлдені Астана қаласы­нан келген Қазақ ұлттық өнер университеті­нің «Студенттік зертханасы» жеңіп алды. Бұл – И.Сапарбайдың «Сыған серенадасын» қойған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Қамиевтің режиссер ретіндегі алғашқы жеңісі екен. Фестивальға қатысқан барлық театр ұжымдары жеке аталымдар бойынша марапатталып, қаржылай сыйлықтарға ие болды. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» ӨСКЕМЕН