27 Қыркүйек, 2016

Астық жинау аяқталуға жақын

368 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
22-09-da9_2847КөкшетауданБақберген АМАЛБЕК Елбасы Н.Назарбаев қыркүйек айында облысқа екі рет келді. Екеуінде де Қазақстан астығының ширек бөлігін қамтамасыз ететін өңір диқандарымен дидарласып, емен-жарқын әңгімелесті. Маңызды науқандағы игілікті іске табыс ті­леді. Тілек қабыл болды. Екі кезде­су арасында ауа райы да шайдай ашық, шырайланып тұрды. Кешегі күні облыс әкімі Сергей Кулагиннің аппарат мәжілісіне қатысқанбыз. Келтірілген дерек бойынша, 3 миллион 800 мың гек­тардың астығы жинап алынған. Бұл бүкіл егістік алқаптың 88,5 па­йызы. Гектар түсімділігінің 13 центнерден айналуы, биыл өңірде 5,7 миллион тонналық рекордты өнім алынатындығына үмітті күшейтеді. Бұл орайда, 591,1 мың гектарға егін сепкен Жарқайың, 435,7 мың гектардың қызыл дәнін жинап жатқан Жақсы, 441,6 мың гектар алқаптағы еңбекті қыздыру үстіндегі Есіл аудандарының үлесі мол болмақ. Өңірдегі ең көп егіні бар аталған аудандар жұмыстың 87-98 пайызын еңсеріп, гектарынан 13 центнерден дән бастыруда. Ал, Зеренді, Сандықтау, Бурабай аудандары көрсеткішті 14 центнер­ден асырып тастады. Ауыл ша­руа­шылығы мамандарының айтуынша, 1 қазанда биылғы науқан толық аяқталады. Ендігі жұмыс ау­қымы арнайы лицензияланған 62 ас­тық қа­­былдау кәсіпорындарына ауысқан. ҚостанайданНәзира ЖӘРІМБЕТОВА Қазір Тобыл-Торғай өңіріндегі астық алқаптарында  дүбір қыза түскен. Күздің құбылмалы күнінің жылт еткен шуағын диқандар қалт жібермей пайдаланып қалуға тырысуда. Өнімді комбайндарға  қанша сенгенмен,  жаңбыр тоқтаусыз құй­ған күндері техникалар бірнеше күн қаңтарылып қалады. Астықтың ылғалы да кеуіп үлгермейді. Бүгінге дейін 3 546,6 миллион гектар ораққа ілінді. Бұл 4 215 миллион гектар болатын барлық алқаптың 84 пайызын құрайды. Түсім де жаман емес, қоймаларға 4 612 миллион тонна астық құйылып алынды. Гектарына 13 центнерден айналуда. Биыл егіннің шығымы жаман болған жоқ. Өйткені, қыста қар өте мол түсті, жердің ыл­ға­лы жақсы болды. Алайда, мау­сым-шілде  айларындағы тым көп жауған жаңбырдан егіс алқап­тары біраз зардап шекті. Бір миллион гектарға жуық алқап­тың  би­дайы саңырауқұлақ ауруларына шалдықты. Оған қарсы агротехникалық шаралар күшейтілді.Тамыз айында жауған жаңбыр да ораққа көлденең тұрды. Дегенмен, соңғы аптада күздің шуағы мол түсті, соның арқасында диқандар  қамшы басты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Кенже Жұ­ман­дықовтың айтуынша, егер жаңбыр жауып, аяқты тұсамаса, енді бір апта көлемінде астықты түгел жинап алуға мүмкіндік бар. Қазір облыстың оңтүстік аудандарында науқан аяқталып келеді. Жангелдин ауданы астығын түгел жинап алды.  Амангелді, Арқалық, Денисов, Таран аудандары алда ке­леді. Науқан негізінен Қамысты, Қарасу, Меңдіқара, Алтынсарин, Жіті­қара аудандарында кешеуілдеп отыр. Себебі, аталған аудандарда жаңбыр жиі жауды, ал кейбірінде техника қуатсыздығы да қолбайлау болып тұр. Қазақстандағы астықтың төрт­тен бірін өндіретін Қостанай биыл да жылдағы межеден қалыс қалмайды. ПетропавлданӨмір ЕСҚАЛИ Қырда да, қырманда да қызу еңбек өрлеуі бір толастар емес.Қы­зыл­жар өңіріне жуырда жасаған жұмыс сапарында Елбасы Н. Назарбаев солтүстікқазақстандық ди­қан­дардың жерді агротех­никалық талаптарға сай өңдеп, бітік егін баптап өсіргенін ризашылықпен атап, уақытылы жинап алу міндетін қойған еді. Мемлекет басшысының қанатты сөздерімен жігерленген астықты өлкенің еңбеккерлері биыл да Отан­ды Қазақстанның сапалы да мол өнімімен қуантуды көздеп, құлашты кеңге жая түскен. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Қа­тыран Қарманов берген жедел ақпараттарға қарағанда күн өткен сайын ырыс дәні еселене түсуде. 3,2 миллион гектар алқаптағы ма­сағы дәнге толып, желмен ырғала тербетілген дәнді дақылдардың 92 пайызы бастырылып, қамбаларға 5,2 миллион тонна ел ризығы жөнелтілген. Гектар берекелілігі 17,4 центнерден айналып, ал жекелеген шаруашылықтардың табысы тіпті қомақты. Мәселен, Қызылжар ауданы «Зенченко және К» командиттік серіктестігі мен Ғ.Мүсірепов ауданы «Тұқым» ЖШС-інде шығымдылық 23 центнерді құрайды. Аудандар арасында Қызылжар, Айыртау, Жамбыл, Аққайың аудандары 18 центнерге жеткізіп, сөреге үзеңгі қағыстырып келеді. 512 мың гектар майлы дақылдардың 60 пайызы бастырылып, 308 мың тонна дән жиналған. Қырдағы қызу еңбек қырман­дар мен элеваторларға ауысып, жұ­мыс екі ауысымда ұйым­дас­тырылған. Жауапты науқанға он мыңға жуық техника бірліктері тартылған. Қа­зіргі қарқынға қара­ғанда астықты аймақтың тауар өн­дірушілерінің ерен қимылдары мен озат іс-тәжірибелері қандай құр­метке болсын құрметтеуге әбден лайық. ҚызылордаданЕржан БАЙТІЛЕС Көктемде басталған қарбалас тіршілік саябыр табатын, шаруа белін жазып, жаз бойғы еңбегінің жемісін жейтін, қамбаға тонналап егін құятын, солайша ел ырысын арттыратын мезетке жақын қалдық. Бүгінде егіс алқабында қызу жұмыс жүріп жатыр. Қазан ұрмай, қар жаумай егінді жинап алу басты мақсат. Сондықтан комбайндар күні-түні, уақытпен санаспай жұмыс істейді. Биыл Қызылорда облысында барлығы 79598 гектар алқапқа күріш егілді. Оның 67110 гектарына орақ түсті. 56954 гектар күріш бастырылып қойды. Бұл шамамен жұмыстың 84,3 пайызы аяқталып тұр деген сөз. Енді бір аптадан сәл асатын уақытта толықтай өнім жинау науқаны аяқталады деп жос­парлануда. Әзірге орташа өнім 49,7 центнерден келіп тұр. Екі жыл қатарынан рекордтық көрсеткішке қол жеткізген аймақ биыл да сол қарқынынан түспек емес. Егін орағында Сырдария, Жалағаш аудандары көш бастап келеді. Нақты айтқанда, осыған дейін Сырдария ауданы 38395 тонна күрішті қамбаға құйып үлгерсе, Жалағаш ауданы 379222 тонна Сыр салысын жинап алды. Тиісінше, қос аудан гектарына орташа 48 центнерден өнім жинауда. Диқандар үшін алтын күздің базары енді басталды. Жылдағыдай науқанды ерте аяқтайтын шиеліліктер жалпы орымның 71 пайызын еңсеріп, күрішінің 65 пайызын бастырып қойды. Қармақшы, Жаңақорған, Қазалы, Қызылорда диқандары да 40-60 пайыз аралығында күріш орылымын жақындатып келеді. Қамбасы дәнге, даласы әнге толған Сыр елі өзге дақылдарды толықтай жинап алды десе де болғандай. 4 қазан күні күріш орағы аяқталса, оның соңы «Ал­тын күз» мерекесіне ұласады. Осылайша, қызылордалық диқандар биылғы егін науқанын да тиісті дәрежеде аяқтамақ.