27 Қыркүйек, 2016

Дақыл мол, диқан мерейлі

734 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
2594_oko-2Отырар шөлейтті жер. Шөлейтті жердің қауыны дәмді болады. Осыны жақсы білетін Ресей кәсіпкерлері торлама қауын піскен кезде күн-түн жүріп осында келеді. Жақында Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов Маяқұм, Балтакөл ауылдық ок­руг­теріне барып, осындағы атқарылып жат­қан жұмыстардың барысымен танысып, диқандармен жүздесті. Сыр жағалап қон­­ған ауылдардың жағдайы жаман емес. Халқымызда «көктемнің әр күні жылға азық» деген қанатты сөз бар. Ерте қамданған ди­қан­дар қоңыр күзде «қазан аузы жоғары» деп отыр. «Отырар агроөнімдері» кооперативіне осы ауылдарда «Серікбай-Б», «Мейірбек ЛТД» және «Үсенов-Н» серіктестіктері кі­ріп, өнім­ді жұмыс жасауда. 100 гектар алқапқа «Жиенбай» сортты қауын, 130 гектарға жоңышқа, 100 гектарға жүгері еккен диқандар артық өнімдерді қай­да өткіземді ойлай бермейді. Сонау Санкт-Петербург, Мәс­кеу­ден ат ары­­тып шыққан ресейлік алар­мандар бұл жер­дің жағдайын жақсы біледі. Арада алыс-беріс бар. Піскен бау-бақша өнімдерін ал­қап басынан артып әкетеді. – Мұның бәрі Мемлекеттік қамқор­лықтың арқасында мүмкін болып жатыр, – дей­ді аудан әкімі. – Бұрындары ди­­қан­­­дарымыздың жеке-дара жасаған жұмыстары өнбей, көбіне еңбегі еш болып жататын. Шағын шаруашылықтар ірі­леніп, кооперативке біріккеннен кейін арзан жанармайдан тыңайтқышқа дейін тиімді бағамен алынатын болды. Сонымен қатар, бақша дақылдарына мемлекет тарапынан берілетін субсидия түсетін пайданы еселеуде. Сондықтан, кәсіпкерлеріміз Елбасының ауыл шаруашылығына жасаған қамқорлығына рахмет айтады. Расында, күні кеше шарасыздықтан шаруасының ретін келтіре алмай, құла дүзде қаңбақ тоқтай алмаған алқап бүгінде ауылдың бүйірін шығарып отыр. Диқандар тамшылатып суару технологиясы бойынша 104 гектар жерге пияз егіп, гектарынан 60 тоннаға дейін өнім жинап алуда. Мұнымен тоқмейілсімей, 50 гектар жерге тамшылатып суару арқылы күздік пияз егіпті. Ауыл – қазақтың алтын бесігі, ортаймайтын құтты қазаны, молшылық мекені. Ауыл түлесе, қаланың берекесі кіреді. Күні кеше ебелек жортқан құла дүз еңбектің арқасында ырысы тасып жатыр.  Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы