Даму жоспарын айқындап алған ел

Өсімнің болашақ моделі
Бүгінгі материалымыздың тақырыбына шығарып отырғанымыздай Мемлекет басшысы Қазақстан халқына биылғы Жолдауы бойынша мәлімдемесінде өсімнің болашақ моделі деген бұған дейін қолданылып көрмеген тың тіркесті айналымға енгізіп жіберді. Оның бірнеше буындары бар екенін біліп отырмыз. Солардың ең алдыңғы қатарында агроөнеркәсіп кешені тұр.
Сондай-ақ, Жолдауда еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің болашағына қатысты нақты тұжырымдар айтылған. Жолдау жолдарында жазылғандай, бүгінгі басты мақсат – еліміздің әлемдегі ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің қатарына кіруі болып отыр. Бұл аграрлық секторда өңдеу ісімен айналысып жүрген отандық өндірісшілерге жаңа, тың міндеттер жүктейді.
«НовоАльджан» ұн-диірмен комбинаты ЖШС-нің бас директоры Қанат ТАПАЕВПЕН тілшіміздің әңгімесі осындай бағытта өрбіді.
– Қанат Жақсылықұлы, Жолдауда еліміздің Еуразия аймағында «Нан кәрзеңкесі» болуы керектігі атап көрсетілген. Оның басты жолы – шикізат өндірісінен жаппай сапалы өңделген өнім шығаруға көшу екендігі айтылған. Сіз бұған не дейсіз? – Менің ойымша, мұның мағынасы тым тереңде. Президент тұжырымы екінші бір қырынан қарастырғанда Жолдаудың басты тақырыбында тұрған жаһандық бәсекеге қабілеттілік деген ұғымды білдіреді. Бұл – өздігінен оңай бола қалатын іс емес. Әрі аграрлық сектордың алдына Мемлекет басшысы қойып отырған міндеттер тек таза экологиялық тағамдарға қатысты екенін ескерсек, отандық тауар өндірушілердің алдында тұрған жауапкершілік жүгі арта түседі. Бір сөзбен түйіндегенде, бұл – қазақстандық бренд қалыптастыру деген сөз. Жолдауда көрсетілген өнімнің үлгісі және эталоны деген тіркестерді де осы бренд ұғымымен қатар қолдануға болады деген ойдамын. Бұл бағытта еліміздегі азық-түлік шикізатын өндеуші кәсіпорындар ең алдымен еңбек өнімділігін көтеруге көңіл бөлулері қажет. Алайда, мәселенің мәні осылай екен деп өнім сапасына нұқсан келсе, әлемдік ауқымдағы бәсекеге төтеп бере алмай қалуымыз әбден мүмкін. Бұл ой-пікірімнің, әсіресе, экспортқа шығарылатын өнімдерге тікелей қатысы бар демекпін. Еліміздің агроөнеркәсіптік кешені тек тәуелсіздіктің соңғы он жылында ғана шикізаттық шылаудан толық арылып сапалы өнім өндіруге бет бұрды. Бұл жетістіктер халықаралық рыноктармен иық тірестіріп емін-еркін бәсекеге түсуімізге септігін тигізді. Өзгесін айтпағанда, қазіргі кезде бізде Еуразиялық экономикалық одақ пен Дүниежүзілік сауда ұйымының орасан бай рыноктарының есігі айқара ашылған. Жолдау талаптарына сай келешекте Қытаймен бірлескен инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру көзделген. Мұнда аграрлық секторға да ауқымды үлес тиетініне де күмән келтіре алмаймыз. – Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауында аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігі айтылған. Мұның мағынасын қалай түсінесіз? – Бұл терминді қозғаушы күш аграрлық саланы өрге сүйрейтін локомотив және қозғалмалы алға тез жүйткитін тетік, қарқынды қуат көзі тұрғысында қарастыруға болатын шығар. Сондай-ақ, драйверді алдыңғы лепте немесе алдыңғы қатарда деген ұғымдармен тең қойсақ та қателеспейтін шығармыз. Яғни, аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналатын болса, оның болашағы зор әрі сенімді деген сөз. Міне, Президент атап көрсеткендей, көптеген позициялар бойынша әлемдегі ірі аграрлық өнім өндірушілердің қатарына кіретін жолдың басы да осы болса керек. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН,«Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы