22 Ақпан, 2017

Кәсіптік бағдар байыптылықты қалайды

115 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Бүгінде уақыт өзгерістері өте жылдам өтуде. Ол өмірімізге интернеттің терең­деп еніп кеткеніне тікелей байланыс­ты дер едім. Кемеңгер ағартушы Ыбырай Алтынсариннің осыдан бір жа­рым ға­сы­р­дай бұрын «айшылық алыс жер­лер­­ден жылдам хабар алғызды» деп ғы­лым­ның, оқу-білімнің маңызын айтқан сө­зі ақиқат шындыққа айналып отыр. Қа­зір жердің қай нүктесінде не болып жат­қа­нын сол мезетінде біліп отырмыз. Оқу­шы­­лардың болашақ мамандығын таң­дау­ы­нда осы интернеттің ықпалының да жоқ емес екендігін айтқым келеді. Қазір мек­теп бітіретін түлектер мұхиттың арғы жа­ғындағы Американың, жалпы, жер жүзіндегі қай елдің қай қаласында қандай оқу орны бар, ол несімен ерекшеленетіні ту­ралы интернет арқылы біледі. Ал осыдан 25-30 жыл бұрын мектеп оқушыларының ма­ман­дық таңдауында ұстаздардың ық­палы ерекше күшті болатын еді. Соны­мен қатар, ол кезде жағдай да басқаша бо­ла­тын. Ол заманда бүкіл елімізде екі ғана уни­­верситет, ал Қостанай облысында екі инс­титут қана болды. Сондықтан мектеп оқу­шылары үшін таңдаудың өзі көп бола бер­мейтін. Бірақ біздің тұстастарымыз бо­ла­шақта кім болатынын армандап, кейін мең­герген мамандығымен ғұмыр бойы ең­бек етті. Алматыдан, Қостанайдан жо­ға­ры оқу орнын бітіріп, туған ауылына қыз­метке келетін. Бәріміз де солай еттік. Қос­та­найдан педагогика институтын бітірген соң еңбек жолымызды ауыл мектебінде бас­тадық. Қазір олай емес, «елу жылда – ел жа­ңа» дегендей, мектеп түлегі мамандық таң­дағанда «ертең жұмыс таба аламын ба, жоқ па?» деп ойлануы керек. Несін жа­сырамыз, мамандық таңдауда балаға үй­­дегі ата-анасының ықпалы айтарлықтай. Егер олардың пікірі өмірдің шынайы кө­­рі­нісімен сәйкес келсе, құба-құп қой. Мы­­салы, қазір экономист пен заңгер ма­ман­дығын меңгергендер жетіп артылады. Оның есесіне инженер, технолог секілді мамандықтарға өңдеу кәсіпорындары мұқтаж болып отыр. Өкінішке қарай, үйдегі ата-ана баласының кім болатынын қа­ласа, түлек те сол шешімді қабылдайды. Әдет­те, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дей­ін мек­тепте түлектермен олардың таң­да­ған ма­мандығы жайлы әңгімелер өт­кі­зі­леді де, басты пәнді де соған лайықты таң­дай­­тын еді. Тіпті, кейінгі кездері Ұлттық бі­рың­ғай тестілеу өтетін күні оқушының ма­мандық туралы шешімін өзгертетін сәт­тері аз болмады. Түлектің бұл асығыс әрі ой­лан­бай жасаған шешімі әркез сәтті бола бер­мейді. Біздің мектепте негізінен гуманитарлық пән­дерге басымдық беріледі. Балалардың бейі­мі де солай. Кейде ата-аналар ба­ла­­сының қабілетіне көңіл бөлмей, оның Назарбаев зияткерлік мектебінде оқы­ға­нын қалап тұрады. Ал Назарбаев зият­кер­лік мектебінің бағыты да, бағ­дар­ла­ма­сы да физика-математика пәндеріне не­гізделген. Сондықтан біздің мектепте қан­ша үздік оқығанымен, бала онда бар­ған соң қиналады, кейін мамандық таң­дау­да да қателесуі мүмкін. Сөз жоқ, егер жа­ратылыстану пәндеріне бейімі бар да­рынды оқушылар зияткерлік мектеп өт­кізетін байқауға қатысып, сонда өтіп жат­са, бұл біз үшін де қуаныш. Мұндайда да­рын­ды оқушының бағын байламай, қайта бұлақ көзін ашу керек. Солай етіп те келеміз. Бірақ кейбір ата-аналарға «ба­лам сондай мектепте оқып жатыр» де­ген атақ бәрінен қымбат көрінеді. «Әке – ба­ла­ға сыншы» дегендей, ата-ана да, ұс­таз­дар да көз алдында өскен баланың ма­ман­­дық таңдауда бейімін, қабілетін және дайындығын, мүмкіндігін ескерсе кейін тү­лек те тура жолда болады деп білемін. Қазір мемлекеттік білім гранттары елі­мізде өмірдің қай саласына мамандар қа­жеттігін ескере отырып бөлінеді. Кейде ата-аналар баласы әйтеуір тегін білім алып қалуы үшін де түлектің мамандық таңдаудағы көңіл қалауына теріс ықпал етеді. Педагогика институтына, ауыл ша­руашылығы академиясына, уни­вер­си­тет­теріне түсіп, кейін әсіресе, агроном, мал дәрігері, зоотехник болып ауылға, ауыл мектебіне бармай, қалада кез келген жұ­мыс­ты таңдайтындар, бір жоғары оқу ор­нынан кейін басқа мамандыққа екі жыл оқып алатындар аз ба? Біз сол үшін де 9-сыныптан бастап ата-аналармен ар­найы әңгіме өткіземіз. Оқушылармен тәр­бие сағаттарында ұстаздар, сынып же­тек­шілері, пән мұғалімдері мамандық ту­ра­лы айтып отырады. Мектеп оқушылары оқу жылында түр­лі пәндер бойынша қалалық, облыстық, республикалық байқауларға қатысады, ғы­лыми жұмыстармен айналысады. Мұның өзі де баланың мамандық таңдауына жақсы бағыт-бағдар береді. Дегенмен, жоғары сыныпқа келген соң болашақ мектеп тү­ле­гіне мамандық таңдауда айналасының, ата-анасының ықпалы күшті әсер ететінін жо­ғарыда айттым. Мен ата-ананың бәрі қа­телеседі деп айтудан аулақпын. Әншейін дақ­пыртқа салынбай, баланы дұрыс ба­ғыттаса, ол үшін мектептегі ұстаздармен ты­ғыз жұмыс істесе дұрыс болады дегенді та­ғы да айтқым келеді. С.Мәуленов атындағы гимназия облыс­та­ғы қазақ мектептері арасында таңдаулы білім ошағы болып саналады. Өткен жылы аттестациядан облыс мектептері арасында бірінші орын алдық. Өткен оқу жылында пән­дер бойынша біздің оқушыларымыз об­лыста «үздік олимпиадалық команда» деген атты иеленді. Бұл оқушыларымыздың бі­­лім деңгейін көрсетсе керек. Жыл сай­ын жо­ғары оқу орындарына түскен тү­лек­те­рі­міздің кемінде 60 пайызы мем­ле­кеттік грант­тарға қол жеткізеді. Мұ­ның бар­лығы біз­­дің ұстаздар мен ата-ана­лар­дың тізе қос­қан жұмысының арқасы деп білемін. Бегежан КӨШМҰРЗИН, С.Мәуленов атындағы гимназияның директоры ҚОСТАНАЙ