
Өскемендегі Достық үйі-қоғамдық келісім орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясының конституциялық реформаны қолдау бойынша республикалық бірыңғай күні шеңберінде өңірдегі этномәдени бірлестіктер мен жергілікті құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Жиынды ашқан Шығыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Асқар Нұрғазиев конституциялық реформалар халық арасында бір ай бойы қызу талқыланғанын, жұмыс тобына 6 мыңға жуық ұсыныс түскенін, жергілікті деңгейде 10 мыңға тарта кездесу өткенін, оған 2 миллионға жуық адамның қатысқанын тілге тиек етіп, шын мәнінде бүкілхалықтық талқылау болғанын атап өтті.
– Бүгін біз тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Мемлекет басшысы халықтың, елдің болашағы үшін аса маңызды, тарихи шешім қабылдады. Президент өзіне тиесілі 35 өкілеттігін Үкімет пен Парламентке беру жөнінде ұйғарым жасады. Ерекше атап өтер жайт, депутаттар тарапынан Тұңғыш Президент – Елбасының мәртебесін Конституцияда бекіту туралы ұсыныс айтылып, қолдауға ие болды. Себебі, Тәуелсіздік пен Елбасы – егіз ұғым. Екеуі де біздің айбынды мемлекетіміздің айшықты бедері, – деді дөңгелек үстелде сөз алған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Бақтияр Қамалов.
Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ирина Смит Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды талқылауға өңір жұртшылығының белсенді ат салысқанына, аймақта 3 мыңға жуық кездесу өткеніне, бұған 100 мыңға тарта адамның қатысқанына тоқталып, бұл іске өз үлестерін қосқан этномәдени бірлестіктер мен ғалымдарға алғысын білдірді.
«Әрине, мұнымен бәрі бітті деуге келмейді. Алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Біз халыққа Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды жан-жақты түсіндіру жұмыстарын одан әрі жалғастыруымыз керек», деді ол.
Бұдан кейін сөз алған облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Қайрат Чакпантаев бүкілхалықтық талқылауға сот саласы өкілдерінің де белсене қатысқанын жеткізіп, Конституцияға енгізілген өзгерістер құқық қорғау саласының жұмысына тың серпін беретініне сенім білдірді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН
Суретті түсірген
Ғылымбек СӘБИТОВ