13 Ақпан, 2017

Аралық қорытынды талқыланды

119 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Ақордада Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен құрылған Мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының үшінші отырысы болып өтті. Отырыста «Қазақстан Рес­публика­сының Конститу­циясы­на өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бүкіл­халықтық талқылаудың аралық қорытындысы талқыланды. Қазақстан азаматтары Мем­лекет басшысының бүкілха­лық­­тық талқылауға енгізген заң жоба­сы­ның базалық ережелерін, тұтастай алғанда, қолдап отыр. Бұл ретте, республика азаматтары­нан Пар­ла­менттің рөлін, Үкімет пен жер­гілікті билік органдарының жауап­кершілігін күшейту, құқық қорғау және сот жүйелері қыз­метінің мәселелері бойынша, сон­дай-ақ, меншік құқығы мәсе­лелері бойынша бес жүзден аса ұсыныс түсті. Заң жобасы келіп жатқан ұсы­­ныс­­тарды ескере отырып пысық­талып, Елбасының қарауы­на ұсынылатын болады. Зинаида ФЕДОТОВА, Мемлекеттік басқару ака­де­мия­сының профессоры, Жұмыс тобының мүшесі: – Қазақстандық кейбір аза­матт­ар «Президенттің бірқа­тар өкілеттіктерін Үкімет пен Парламентке беру қажет пе? Бәлкім, Үкімет пен Парламенттің өкілет­тігін кеңейтуге әлі ерте шығар? Мүмкін, 25 жыл бойы табысты ілгерілеп келе жатқан президенттік биліктің өкілеттіктерін сол күйінде қалдыру керек шығар», дегендей мазмұнда күмән келтіруде. Ал кейбір азаматтар Президентті жүктемеден жеңілдету қажет деп санайды. Жалпы, Жұмыс тобына келіп түскен ұсыныстар қазақстан­дық­тардың конституциялық түзету­­лерді талқылауға белсене арала­сып жатқандығын білдіреді. Негі­зі­нен, ел тұрғындарының басым бөлігі аталған заңнамадағы өз­геріс­­терді қолдайды. Дегенмен, кейбір түзетулерге қатысты пікір­лер әрқалай. Мәселен, Консти­туцияның 26-бабына байланысты түрлі ұсыныстар бар. Яғни, оң да, теріс те көзқарастың бар екендігін атап көрсеткен жөн. Жалпылай алғанда, біздің қоғам бұл түзетуді қолдайды. Бұл бапты қолдайтындар 26-баппен теңдесетін Конституцияда 6-бап­тың бар екендігін біледі. Сондық­тан, халықтың алаңдауына негіз жоқ сияқты. Бұл әзірше жоба ғана. Әлі де терең сарапталып, зерде­л­енеді. Содан кейін ғана нақты нұсқа ұсынылады. Өмірәлі ЖАЛАИРИ, Д.Қонаев атындағы Еуразия­лық заң академиясының ректоры, Жұмыс тобының мүшесі: – Кейбір азаматтарды «Мем­лекет басшысы өзіндегі өкілет­тіктерді неліктен Үкімет пен Пар­­ламентке беріп жатыр?» деген сауал толғандыруда. Олар Үкімет пен Парламентке ұсыны­лып отырған өкілеттіктер Прези­денттің өзінде қала берсін дейді. Негі­зінде, Парламенттің рөлі, мәсе­лен, Үкіметті жасақтауда кү­шейе­ді. Халық Мемлекет басшы­сының заңдық күші бар Жарлық­тар шығармайтындығын дұрыс қабылдауда. Прокуратура, Жоғарғы сот, сонымен бірге, жергілікті мемле­кет­тік органдардың өкілеттік­теріне де қатысты ұсыныстар бар. Мәселен, Қазақстан азаматтары саяси реформалар аясында про­куратура органдарының жал­пы қадағалау бойынша өкілет­тігін олардың қылмыстық қуда­лау­мен айналысуы үшін қыс­қар­туды ұсынуда. Енді осылар­дың барлығын Жұмыс тобы сарап­тайтын болады. Біз ақпанның 26-сына дейін жұмыс істейміз. Жалпы, қазақстандықтар тарапынан Жұмыс тобына келіп түсіп жатқан ұсыныстардың басым бөлігінде мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуге қолдау білдірілген. Төлеш ҚАУДЫРОВ, Азаматтық-құқықтық зерт­теу­лер ғылыми-зерттеу инсти­тутының директоры, Жұмыс тобының мүшесі: – Конституциялық рефор­маның өзі қоғам арасында зор сілкініс тудырды. Жұмыс тобы өз ұсынысын жіберген азамат­тардың барлығына ризашылығын білдіреді. Реформа басқа да жол­мен жүргізіліп жатқандығын есте ұстау маңызды. Бұл тек конс­титуциялық өзгерістер ғана емес. Біз 45-тен 39 өкілеттік Үкімет пен Парламентке берілетіндігін санап шықтық. Өз еркімен 39 өкілеттікті биліктің өзге тар­мақтарына бере салу әлемдік оқиға екендігін атап өткім келеді. Жұмыс жүріп жатыр, заң жобасы әзірленуде. Ол айдың соңына дейін Парламентке енгізілуі тиіс. Ел азаматтарынан келіп түс­кен ұсыныстар сан алуан. Тұң­ғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін Конституция мәтінінде бекіту туралы да ұсыныс болды. Тіпті Президент өз өкілеттіктерінің басым бөлігін беріп отырған жоқ па деген алаңдаушылық та бар. Ұсыныстар сайлаудан бастап биліктің жоғары тармақтары өкілеттіктеріне дейінгі біздің қоғамдық-саяси өміріміздің сан­алуан бөліктерін қамтиды. Заң жобасына қатысты шешім әлі қабылданған жоқ. Ол әзірлеу және талқылау сатысында тұр. Осы заң жобасын жақсарта түсетін барынша құнды ұсыныстар міндетті түрде ескеріледі. «Юрист» бастауыш партия ұйымының мүшелері: – «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» жоба редакциясына сәй­кес, Қазақстан Республикасы Конс­титуциясы 57-бабының 6-тар­мақшасына өзгерістер е­нгізу­ді ұсынамыз. Сонымен қатар, Парламент палаталарының Үкі­мет мүшелері заң талаптарын орын­дамаған жағдайда лауазы­мынан босату жөніндегі Респуб­лика Президентіне қайырылуы бөлімін бастапқы қабылданған редакцияда қалдыруды, яғни мұндай шешімді палаталар депу­таттарының басым дауы­сымен қабылдауды ұсынамыз. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар