13 Ақпан, 2017

Денсаулық бұрынғыдан да қымбат (сұхбат)

964 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
немесе ер-азаматтарға арналған оңаша әңгіме Бүгінгі медицинаның бір артықшылығы – емделудің балама көздері көп. Инновациялық технологиялардың алуан түрлері табылуда. Науқастың өзі де ғаламтордан дертін дендеп зерт- теп, мүмкіндігіне қарай білікті деп таныған дәрігеріне қарала алады. Сонымен бірге, елді адастыратын өтірік-шыны аралас жалған жарнамалық ақпараттар, пайдасы жоқ дәрі-дәрмектер, шипасы жоқ ем түрлері де көбейді. Мұндай жағдайда медицина саласының тәжірибелі мамандарының уәжіне құлақ түріп, денсаулықты сақтауға қатысты дұрыс шешімдер қабылдау аса өзекті. Бүгінгі әңгіме ер-азаматтардың денсаулығына қатысты болғандықтан, сұрақтарымыздың бір парасын «Академик Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы» АҚ профессоры, жоғары санаттағы хирург-уролог, «Алтын қандауыр» сыйлығының лауреаты Суният ҚҰСЫМЖАНОВҚА қойдық. – Суният Мырзекенұлы, қазіргі таңда жастар арасында урологиялық аурулар белең алып тұрғаны қаншалықты шындыққа жанасады? – Қазір кейбір дерттердің жасарып бара жатқаны рас. Мысалы, қуықасты безінің қатерлі емес гиперплазиясы осыдан оншақты жыл бұрын ғана көбінесе 70-ке жақындаған егде адамдарда кездесетін. Соңғы жылдары бұл дертке елудегілер, тіпті қы­рық­тың айналасындағылар да жиі ұшырайтын болды. Және бұл жағдай біздің елімізде ғана емес. Сол сияқты, ер-аза­мат­тарда қуықасты безінің қатерлі ісігі айтарлықтай көбейді. Де­генмен, бұл бір жағынан онко­логиялық ауруларды ерте бастан анықтауға мүмкіндік бере­тін диагностикалаудың скри­нинг­тік, УДЗ, PSA мен қандағы онкомаркерлерді анықтау әдіс­терінің кеңінен қолданыла бас­тағанына да байланысты. Демек, бұл аурулар бұрын болса да нау­қасты қатты мазаламаған соң, ас­қынғанша жүре беретін болған. – Урологиялық дерттер «жасара» бастаған болса, онда ерлер қай жасынан бастап дәрігерге қаралуы керек? – Жігіттерде жыныстық қыз­меттің бұзылуы жиі кездессе, үлкендерді дәрет сындырудың қиындауы, онкологиялық аурулар мазалайды. Қазіргі медицина мамандары ер-азаматтардың ұзақ жасауына, денсаулығының мықты болуына қызмет ете алады. Біздің «Академик Б.Жар­босынов атындағы урология ғылыми орталығы» АҚ пре­зиденті, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты Мырзакәрім Ал­шынбаевтың тікелей бастамасымен «Еркектердің денсаулығы» деген ерекше бастама жүзеге асқанын білесіз. Бұл бағдарламаға кезінде шетелдік әріптестеріміз көп қызығушылық танытқанын «Егемен Қазақстан» газеті жазды. Осы бағдарлама аясында көп жұмыс атқарылды. Нақты ғылыми пайымдар мен көрсеткіштер жасалды. Сол сияқты, біздер жас­өс­пірімдер арасында кездесетін урологиялық дерттерге де көп көңіл бөлдік. Сондықтан жас демей, кәрі демей, ұлдың денсаулығынан қандай кінәрат білінсе, бірден дәрігерге жүгіну керек. – Сөзіңіз аузыңызда, осы кейбір балалар «сүндеттеліп» туылды деп жатады? – Қуанатын түгі де жоқ. Өзі сүндеттеліп туылған бала – бұл аномалия. Бұл туралы кеңінен әңгімелеуге болады. Бізде мұндай туабітті ауруларға, зәр шығару жолдарына қатысты диагноз бен ота түрлері де көп. Қазір көптеген ота түрлері қан шығарылмай жүзеге асырылады. Көп аурудың түрін операциясыз әдістермен емдеуге болады. Бірақ, кішкентай ер балаға есін білгеннен денсаулықтың қымбат екенін құлағына құйып отыру керек. – Белсіздік бекерге көбей­мейтін шығар? Сыртынан қара­ғанда тепсе темір үзетін жігіттер ауырып жүргенін жасырады. – Өкінішке қарай, біздер бала таптыруға қабілетті дейтін жастағы ер-азаматтардың ұрық­сыздығын жиі айғақтауға мәж­бүрміз. Мұның бәрі қабыну, суық тию, жыныстық жұқпалы аурулардың асқынуынан болады, Созылмалы простатит, эпидимоорхит, варикоцеле, яғни көк тамырдың кеңеюі сияқты аурулардан дер кезінде емделмеу түбінде белсіздікке алып келеді. Арақ ішу, темекі шегу, бей-берекет жыныстық қарым-қатынас­тар, ашқарақтық, гормоналдық қызметтің бұзылуы, қант диабеті, уайым-қайғыға берілу сексуалдық қызметті әлсіретіп, дертке ұшы­ратпай қоймайды. – Ештеңеден қаймықпайтын ер-азаматтар тіс дәрігеріне, уро­логқа барудан жүрексінеді. Бұл қорқыныш немен байланысты? – Бұл қорқыныш емес, барып тұрған жауапсыздық. Адам деген алдымен өз денсаулығын сақтауы керек. Әсіресе, ер-азамат отбасының ертеңі өзінің денсаулығына тікелей тәуелді екенін білуі керек. Ауруды асқындырып, қаралмай жүре берсең, мүгедек боласың. Бала-шағаңа масыл боласың. – Онда ер-азаматтар қандай медициналық тексерілулерден өтіп тұруы керек? – Кез келген ауруды асқын­дырмау керек екенін несіне айта береміз?! Бірақ қырыққа таяғаннан кейін-ақ урологиялық сырқаттар мазаласа, бірден ем-дом алып, дәрігерге қаралып тұруды әдетке айналдырған жөн. Жалпы, анализдерден бөлек, ер адамдар жыныстық гормондарға, простотаспецификалық антигендерге тексеріліп тұруы қажет. Қазір ультрадыбыстық зерттеулермен көп дерт алдын ала білінеді. Ең бастысы, жыныстық жолдармен берілетін жұқпалы ауруларға жылына 1-2 рет болса тексеріліп тұру – адамның өмірін ғана сақтамайды, ер-азаматтардың жасы еңкейгенше күш-қуатының сарқылмауына жол ашады. Қысқасы, әйелдердегі сияқты әр адамның жеке дәрігері болуы керек қой. – Медицина дамып жатса да, мықты мамандар аз. Дертіңді дәл табатын дәрігер тапшы. Соған қарамастан, жекеменшік клиникалардың жарнамасы жер жарады. – Шетелге барып та ақша шашып алданып, не ем жоқ, не қаражат жоқ, қайтып келіп жатқандар бар. Бірінші кезекте өзің білетін, тәжірибесіне күмән келтірмейтін отандық меди­цинаның көмегіне жүгіну қажет. Бізде де қандай қиындық кездессе де, өз мамандығына үлкен жауапкершілікпен қарайтын мықты мамандар бар. Ал ақша жүрген жерде алаяқтар барлық салада кездеседі. Ақылды адамдар бәрін парықтап, безбендеп алады. Аңқаулар мен білімсіздер жылтыраған жарнамаларға ереді. Әлемдік тәжірибе халықтың сеніміне ие болған мамандарға жүгінуге кеңес береді. – Дәріханаларды былай қой­ғанда, қара базарларда да ер-азаматтардың күш-қуатын арттыратын препараттар ашық сатылады. Жуырда ғана Ұлттық экономика министрлігінің Тұ­тынушылардың құқығын қорғау комитеті БАҚ пен интернет-ресурстарды бақылау нәтижесінде «Мадерия с Лице­тином», «Ал­костопин Форте», «Муж­ская сила», «Дианормин Ультра», «ITONE/Айтон» көз тамшысы, «Кардицепс», «СаганДали» мен «АртроСила» пре­параттарының денсаулыққа қауіпті екенін анықтады. – Шынында да, қазір нарықта мұндай препараттар өте көп. Өн­дірушілердің жарнамаларына сенсек, бұлардың бәрі керемет, ешқандай зияны жоқ. Кейбір препараттар теледидар, БАҚ арқылы ашық саудаға салынып жүр. Нарықтық заманда мұның бәрі қалыпты сияқты көрінгенімен, кез келген дәріні сатып алмас бұрын уролог-дәрігермен кеңесіп алған дұрыс. Мұндай пре­параттардың көпшілігі жай жар­нама, тіпті зардабы өте үлкен болуы мүмкін. Тамақпен ішетін био­қосындылардың (БАД) өзінің де зиянды әсерлері айтарлықтай. Кейбір препараттардың құрамы жүрек-қан тамырлары аурулары мен артериалдық қан қысымы бар адамдарды одан да әлсіретуі мүмкін. – Адам денсаулығы маман­дығыңа, тұратын жеріңе, ішіп-жегеніңе тікелей тәуелді екені анық? – Нақты статистика адамның өмір сүру салты мен денсаулығының арасында тікелей байланыс бар екенін дәлелдеп келеді. Ауылдық жерде тұратын адамдар мен мегаполисте тұратын адамдарға тән дерттер бар. Мәселен, күні бойы үстелде тапжылмай отыратын ер-азаматтарда қан айналымының бұзылуынан урологиялық ауру­лар жиі байқалатын болды. Көп қозғалмаған адамның қаны ұйып, кіші жамбаста, қуықта түрлі дерттер пайда болады. Ал бұл еркектердің екінші «жүрегі» болып саналады. Уақыт өте келе мұның бәрі кем дегенде созылмалы прос­татитке, қуықасты безінің қатерлі емес гиперплазиясына алып келеді. – Қазір әлемдік медицина қатерлі ісікті түбегейлі емдеп жазуда көп еңбектеніп, іргелі зерттеулер жүргізіп жатыр. Онко­логиялық науқастардың өмірі ұзартылды. Ал уроло­гиялық ракты емдеуде ілгерілеу қандай? – Бұл мәселеде отандық урологияда да алға жылжу бар. Зәр жүретін жолдардағы бірқатар уро­логиялық қатерлі ісіктерді ем­­­деуде клиникалық тиімді нә­ти­­желерге қол жеткізілуде. Ғы­лыми орталық ретінде кли­никалық зерттеулермен бірге, ең заманауи, жоғары технология­лы әдістерге жүгінеміз. Баяғы со­қыр әдіс жоқ. Эндоскопиялық, ла­пароскопиялық әдістер дәл диаг­ностикалауға, дәрігердің жұ­мысын жеңілдетуге, көп жағ­дайда отасыз-ақ ауру түрлерін емдеуге мүмкіндік береді. Нақты айтайын, біздің клиникада бүйректегі ісік эндо­ла­па­роскопиялық әдіспен емделеді. Науқастың денесі болар-болмас тілініп, бейнекамералы арнайы құрал ішке еніп, ісікті дәл анықтап, қатырып тастайды. Семіп қалған ісік уақыт өте жазылып кетеді. – Қазіргі заманда жыныс алмастыру да таң қалдырып, жаға ұстататын жағдай болмай қалды. Біздің елімізде мұндай жағдай бар ма? Жалпы, Қазақстанда құзырлы мекемелер арқылы мұндай ота жасауға рұқсат берілген бе? – Бұл ота Қазақстанда заңмен реттелген. Бірақ ол үшін алдын-ала ресми заңдық тұрғыда сәйкес құжаттарды ресімдеу қажет. Біздің ғылыми орталықта жыныс алмастыру үлкен оқиға болып есептелмейді. Уролог-хирургтарымыздың бұл ота түрі бойынша жеткілікті тәжірибелері бар. – Урология тек ер-азамат­тардың денсаулығымен байланысты деген түсінік бар. Дәрі­герлерге кезек күткен әйел адамдарды қандай сырқаттар мазалайды? – Әрине, біздің клиниканың дәліздерінен әйел адамдарды да көп байқаған боларсыз. Зәр жолының қабынуы, қуыққа суық тию, цистит, зәрді ұстай алмау, пиелонефрит, айта берсең қыз-келіншектерде де урологиялық сырқаттар көп кездеседі. Мұндай дерттер білінгенде, уақыт созбай, урологқа бірден қаралу қажет. – Ғылыми орталық бол­ған­нан кейін шығар, мұн­да халықаралық симпозиум­дар, шеберлік-сыныптар жиі өтеді екен. Өткен жылы ТМД елдері урологтарының пле­­нумы Астана қаласында ұйым­­дастырылғанын айтып қалдыңыз. Демек... – Демек бұл форум қазақ­стандық урологияның уақыт­тан қалмай, ырғақты дамып келе жатқанын білдіреді. Әріп­тестеріміздің жылдар бойы жинаған ғылыми тәжірибелері мен нақты жетістіктері кешегі КСРО аумағындағы урологтарды бей-жай қалдырмайды. Мәселен, орталық құрылғалы бері аса ірі 36 халықаралық форум өтіпті. Бұл – аз емес. Біздегі халықаралық жиындардың нәтижелі болуына Урологтардың еуропалық ассоциа­циясы да мүдделілік танытады. – Инновациялық меди­циналық технологиялар дегенді қарапайым науқас қалай сезініп, түсіне алады? – Қазір озық медициналық технологиялардың барлығы да Қазақстанда бар. Қан шығарылмай, ашық кесіліп, тігілмей, ағзаға барынша зиян келтірмейтін оталардың бәрі осындай әлемдік технологиялардың көмегімен жасалады. Эндоскопиялық, ла­па­роскопиялық аппараттарымен жасалған оталардан кейін науқастар тез оңалады. Аурудан емес, операциялардың өзінен болатын зиян айтарлықтай төмендеді. Мемлекетіміз де медицина са­ласының дамуына аз қаражат бөліп жатқан жоқ. Барынша же­тілдірілген диагностикалық аппараттар алынуда. Жас мамандар шет елдерде тәжірибе арттыра алады. Біздің ғылыми орталықтың өзінде жоғары санаттағы кәсіпқой мамандар жетерлік. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ