13 Ақпан, 2017

Ресейліктер біздің тәжірибемізге сүйенеді

195 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Он күн бойы әлем назарын аударған XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиада өз мәресіне жетті. Келесі ақ Универсиада 2019 жылы Ресейдің Красноярск қаласында жалауын көтермек. Келесі студенттер сайысына жауапты ресейліктер Алматыда өткен доданың ұйымдастыру жұмыстары мен өту барысына өте жақсы деген баға берді. Универсиада кезіндегі қаладағы тәртіп пен қауіпсіздік шараларының жақсы ұйымдастырылуы, тамақ­тандыру жүйесінің сапасы, еріктілер қауымының белсенділігі сынды бірқатар шаралар қонақтар назарын аударды. Бұл турасында Универ­сиада-2017 дирекциясының жетекшісі Наиль Нұров былай деді: «Аталған шараны өткізу барысында қашықтықтан басқару әдісі қолданылды. Мұндай әдіс тек ірі іс-шараларда ғана қолда­нылады. Бұл үшін Қазақстан Республикасы Президенті күзетінің қызметкерлері бақылау жүргізетін арнайы орындар жабдықталды. Қала мен облыс аумағындағы тәртіп сақшылары мен құқық қорғау қызметкерлерінің жұмысы күшейтілді». Жоғарыда айтылған қауіпсіздік жұмыстары мен басқа да ұйымдастыру шаралары Красноярскіден келген делегацияны да бейжай қалдырған жоқ. «Біз Алматыға тәжірибе жинау мақсатында келдік. Көргеніміз бен түйгеніміз көп болды. Универсиаданы жоғарғы деңгейде өткіздіңіздер. Алматыда жаңадан бой көтерген спорттық кешендер ғана емес, жаңа тұрғын үй аудандарының құрылысы, сондай-ақ, қаланы абаттандыру шара­ларының оң жолға қойылуы бізді тәнті етті. Қазақ халқы – қашан да барын қонағының алдына тосатын қонақжай халық. Ұйымдастырушылар ғана емес, жарысты тамашалауға келген қала мен аймақ тұрғындары да қазақстандықтардың спортқа деген қызығушылығының зор екенін көрсетті. Осыларды ескере келе, алдағы Универсиаданы өткізу дайындығы кезінде сіздердің тәжірибелеріңізге сүйенеміз. Тек ірі шығындарды есептегенде Красноярскідегі Универ­сиаданы өткізуге шамамен бір миллиар­д доллар қаржы жұмсау жоспарланып отыр», – деді Красноярск қаласының басшысы Эдхам Акбулатов. Краснояр өлкесі үкіметінің төрағасы Виктор Томенканың сөзіне сүйен­сек, студенттердің қысқы Уни­версиадасына дайындық жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатқан көрінеді. «Тұрғын үйлердің құры­лысына келер болсақ, жаңа нысандар салынуы мүмкін немесе бұрын­ғыларды қайта жөндеуден өткізетін боламыз», – деп атап өтті ресейлік мейман. Сонымен қатар, красноярлық делегация алматылық кәсіпкерлермен кездесіп, екі жақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Алматылық кәсіпкерлер азық-түлік тауарлары мен өнеркәсіп өнімдерін Краснояр өлкесіне жеткізіп, қазақ­стандық өнімдердің сол жерде молынан таралуына ниетті екендіктерін жеткізді. Айта кетейік, 2016 жылдың қорытын­дысы бойынша, Қазақстан мен Краснояр өлкесінің арасындағы тауар айналымы 2,5 есеге артқан. Әсіресе, жоғары технологиялық өнімдердің экспорттық тауар жеткізілімі айтарлықтай өскен. Қазақстанның халықаралық арена­­дағы беделін көтеріп, даңқын аспандат­қан XXVIII Дүниежүзілік қыс­қы Универсиада жайлы өзге ел өкілде­рінің білдірген жылы лебіздері біздің мерейімізді өсіре түсетінін айта кеткеннің артығы жоқ. Арман ОКТЯБРЬ, журналист АЛМАТЫ