14 Ақпан, 2017

Әлемдік экономиканы өзгерістер күтеді

824 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Батпандап кірген кесел, мысқалдап шығады» демекші, 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысы мен 2009 жылғы «ұлы рецессиядан» тұралаған әлем экономикасы енді-енді ғана ес жиып, баяу да болса, даму бағытына бет бұрды. Жа­қын­да жарыққа шыққан БҰҰ-ның «Әлем экономикасының ахуалы жә­не болашағы» атты дәс­түр­лі баян­дамасында жаһандық эко­­но­ми­каның 2016 жылғы өсімін 2,6 пайыз деңгейінде бағалапты. Төрт­күл дүниені тығырыққа тіреген «ұлы рецессиядан» кейін әлемдік эко­­номиканың мұншалықты баяу да­муына жаһандық инвести­ция қар­қынының төмендеуі, дүние­жү­зілік сауданың қысқаруы, ең­бек өнім­ділігінің баяу өсуі, әлем елдерін­де­гі қарыз деңгейінің жоғарылауы себеп болып отыр. БҰҰ-ның аталмыш баяндамасында Үндістан экономикасының даму қарқыны соңғы жылдары өте жоғары еке­н­дігі көрсетіліп, 2017 жылы бұл ел эко­­номикасының өсімі 7,7 пайызға же­те­тіндігіне бол­жам жасалыпты. Баян­да­мада жа­һандық жалпы өнім көлемінің өсімі 2017 жылы 2,7 пайызды, ал 2018 жы­лы 2,9 пайызды құ­рай­­тындығы ай­тылған. БҰҰ са­рап­­шыларының пі­кі­рі­нше, бұл көр­сеткіштер негізінен әлем эко­но­микасының өсімін емес, дағ­да­рыс­тан кейін толық тұрақтана бас­­та­ғанын дә­лел­дейтін көрінеді. Ал Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) жа­һандық экономиканың 2017 жылы 3,4 пайы­зға өсе­тін­ді­гін алға тартады. Жалпы, дүние жү­­­зінің дуалы ауыз сарапшыла­ры үстіміздегі жылы әлемдік эко­­номиканың даму жолына нық бет бұратындығын бірауыздан ма­құлдайды. Олардың айтуын­ша, АҚШ экономикасының өсу қар­қыны артады, Brexit-ке қа­рамастан кәрі құ­рлықтағы да­мы­ған елдердің экономи­касы да алға басады. Қытайдың да­му дең­гейі де 6 пайыздан тө­мен­демеуге тиіс. Үндістан Рес­пуб­­­ли­касында жоғары даму қар­қы­ны сақталып, өсім деңгейі 7,7 пайыздан асады. Ресей мен Бразилия экономикасының да біршама жақсы көрсеткіштерге қол жеткізетіндігіне қа­жет­ті ал­ғы­шарттар бар. Дамушы елдер то­­б­ындағы мемлекеттердің эко­но­­микасы да 2017 жылы жо­ға­ры да­му деңгейінде бо­лады. Жаһандық экономиканың нық да­му бас­палдағына көтерілуіне төр­тінші өнер­кәсіптік төңкеріс аясындағы цифр­лы технологияны әкелген ғылыми-тех­никалық прогресс берік тұғыр болып тұр. Цифрлы технологияның әлем­дік эко­номикаға тигізетін игі ық­палы барған сайын арта бермек. Мә­селен, алдағы уа­қытта агро­өнер­кәсіптік кешен, қайта өң­деу өнер­кәсібі, энергетика салаларын­да революциялық өзгерістер орын ала­тын болады. Өмірдің барлық са­л­асында ақпараттық-цифрлы тех­нология ше­шу­ші рөл атқармақ. Бұл біріншіден, тиім­ді­лік пен еңбек өнімділігін жедел арттыра отырып, өндірісті және тұтыну дең­гейін түбегейлі өзгертеді, екін­шіден, бар­лық делдалдардың мүм­кін­дігін жоқ­қа шығаратын тауар және қызметті өн­ді­ру­шілер мен тұ­тынушылар арасында ті­ке­лей бай­ланыстың жүйелі құрылымын қа­­лыптастырады. Болашақ даму қарқынының ше­шуші факторларының бірі экология болмақ. Экологиялық технологияларды өндіріске енгізу кешенді тиімділікке жеткізеді. «Жасыл» экономиканы өрістету ресурс­тар­дың барлық түрлерін, оның ішінде еңбек ресурстарын пайдаланудың игілігін еселеп, табысты арттырады. Жоғарыда атап көр­сет­ке­ні­міз­дей, үсті­міздегі жылы АҚШ эко­номикасының жо­ғары даму қар­қыны бүкіл әлемдік эко­номиканың да­муына игі ықпал ете­ді. Білікті са­рапшылар 2017 жылы АҚШ эко­номикасының өсімі 2,5 пайыз дең­гейінде болады деп болжайды. Ха­лық­­аралық валюта қоры өзінің АҚШ эко­номикасының 2017 жылғы өсімі 2,2 пай­ыз болады деген бұрынғы болжамын өзгертіп, биылғы өсім 2,3 пайызды құ­рай­ды деген ақпарат таратып отыр. Бұл жаңа президент Дональд Трамп әкімшілігі ел­дегі ІЖӨ-нің өсу қарқынын барынша же­де­л­детеді деген болжамды растайды. Сарапшылар Еуропалық одақ елд­ері эко­номикасының өсімі 2016 жылғы 1,7 пай­ыздан 2017 жылы 1,5 пайызға дейін тө­мендейді деген пікір айтады. Бұл ең алдымен, Ұлыбритания экономикасының дамуы төмендейді деген болжамнан туындап отыр. «Брексит» бо­й­ын­ша келіссөздердің басталуы жә­­не оның барысы 2016 жылғы Ұлы­британия экономикасының 1,9 пайыз деңгейіндегі өсімін 2017 жы­­лы 0,9 пай­ыз­ға дейін тө­мен­де­туі мүмкін. Әлем экономикасының ер­теңі көңілге бір­шама сенім ұя­лат­қанымен адамзаттың алдыңғы қа­тарлы ақыл-ойын алаңдатқан мә­селелер де баршылық. Дүние жү­зіндегі барлық мемлекеттер үшін түйіні күрделі про­блема – жұ­мыссыздық. Бірқатар мем­ле­кет­тердегі, мәселен, Жапония, Гер­ма­ниядағы жұмыссыздық төмендеп, жа­һандық дағдарысқа дейінгі деңгейге же­тіп қалғанымен, әлем бойынша бұл ке­леңсіздік ушығып тұр. Еуроаймақ ел­деріндегі жұмыссыздық деңгейі 2016 жы­лы 10,0 пайыздан төмендеген жоқ. Жақында Давоста өткен Бүкіл­әлемдік эко­номикалық форумда Халықаралық ва­­люта қорының басшысы Кристин Лагард әлем эко­номикасының алдында тұр­ған бір­неше қатерлерді атап көрсетті. «Ха­лықаралық сауданы бөл­шек­­теп иелену пиғылының өсуі, әлем­дік жетекші эко­номикаларда эко­но­микалық про­тек­цио­низ­м­нің бе­лең алуы, салық жүйесіндегі илі­к­­­- тіру (бағындыру) саясатының кү­шеюі биыл­ғы жылы әлем экономи­ка­сы үшін елеу­лі проблемалар туын­датады», – деді ХВҚ басшысы жаһандық басқосуда сөй­ле­ген сө­зінде. Жалпы, соңғы кезеңде бір­қа­тар бе­дел­ді сарапшылар 2016 жыл жаһандану дәу­ірінің со­ңы, енді «көрпеге қарай кө­сі­ле­тін» тұйықталу дәуірі бастау ала­ды де­ген пікір айтады. Оған өңір­лік даму үр­дістерінің артуын, Ұлы­британияның Еуро­палық одақ­тан бас тартуына әкелген «брек­­ситті», АҚШ-тың 45-ші пре­зиденті Дональд Трамптың жеңіске жетуін, еуро­па­­лық елдердегі жаһандануға қарсы қоз­ға­­лыстардың күшеюін мысалға кел­тіреді. Де­генмен, біздің ойымызша, жаһандану дәу­іріне нүкте қоюға ертерек. Жаһандану – бұл әлем­дік даму үрдісінің болмай қой­­май­тын қажетті құбылысы. Ал бү­гінгі өңір­лік пиғылдардың артуы да жаһандану құ­былысының құ­рамдас бір бөлігі болып та­бы­лады. бұл орайда қозғалатын те­рең әң­гіме алдағы уақыттың еншісінде. Әзірге айтарымыз, 2017 жылы жә­не таяу болашақта Азия әлемдік эко­но­ми­каның драйвері болып қалмақ. PwC (Pricewaterhous Coopers) экономистерінің ай­туын­ша, Қытай мен Үндістан әлемдік эко­­номиканың өсіміне ықпалды әсер етеді. «Азия бұрынғысынша дүние жүзіндегі ең жыл­дам дамушы өңір болып қалады, алайда ­ендігі басты назар Қытайдан Үндістан мен Индонезияға ауы­сатын бола­ды», дей­ді PwC эко­но­мистері өз баяндамаларында. Ен­деше, 2017 жыл әлемдік эко­номиканың 2008 жылғы жаһан­дық қаржы дағдарысы мен 2009 жыл­ғы «ұлы рецессия» салдары­нан тазарып, шынайы даму үрдісіне шы­ғатын кезеңі болмақ. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»