Суретті түсірген: Мәди ҒҰБАЙДУЛЛИН
Форумға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай арнайы келді. Өңір басшысы Нариман Төреғалиев, облыстық деңгейдегі барлық лауазымды тұлғалар қатысқан жиынның екінші бөлігі ауыл әкімдеріне түрлі бағытта нақты көмек беретін панелдік сессиялармен жалғасты.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі халқымыздың тамыры – ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ. Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше. Әкім – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші. Бұл – өте жауапты жұмыс» деп ауыл әкімдеріне үлкен жауапкершілік артып отыр», деді Нариман Төреғалиев форумда сөз алып.
Әкімнің айтуынша, елімізде 2019 жылдан бері жүріп жатқан саяси реформалар негізінде соңғы 5 жыл ішінде облыстағы барлық ауылдық округтің әкімі сайланған. Жаңадан сайланған әкімдердің басым бөлігі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар.
«Халық таңдаған басшылар жергілікті жұрттың мұң-мұқтажын, шешімін таппай жатқан түйткілдерді жақсы біледі», деді Н. Төреғалиев.
Ата қоныс, алтын бесік ауылды дамыту үшін Ақ Жайық өңірінде соңғы 3 жылда ауқымды жұмыс атқарылған. Мәселен, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 50 медициналық нысан пайдалануға берілген. Бүгінде Қазталов және Бөрлі аудандарында ауданаралық аурухана құрылысы жүріп жатыр. Жоғары оқу орындарымен байланыс орнатып әрі әлеуметтік қолдауды күшейткеннің нәтижесінде 2023 жылдан бері өңірге 461 дәрігер маман тартылса, оның 246-сы ауылға жіберілген.
«Олардың барлығына көтерме жәрдемақы беріліп, тұрғын үймен қамтамасыз етілді», деді әкім.
Соңғы үш жылда облыста 30 жаңа мектеп салынды. Оның 9-ы – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Жаңа білім ошақтарының 22-сі ауылда ашылған. Осының нәтижесінде өңірде 11 апатты, 6 үш ауысымды және 12 бейімделген мектеп ғимаратының мәселесі толық шешілді. 15 мәдениет үйі мен мәдени-спорттық кешен пайдалануға берілді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен ауылдарда 25 кітапхана жаңғыртылды. Олардың кітап қоры 20 000-нан астам кітаппен толықты. Оның сыртында 2 аудандық кітапханаға жаңа ғимарат салынды.
Өңір басшысы ауыл әкімдерінің біліктілігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылып отырғанын айтты. Осы бағытта былтыр 159 әкім «AMANAT» партиясының бастамасымен қолға алынған «Әкімдер мектебінен» оқып шыққан. Бұл мектепте әкімдер ауыл тұрғындарының табысын арттыру, ауылдық округтердің әл-ауқатын көтеру, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту және мемлекеттік қолдау құралдарына қатысты қажетті ақпараттарға қанығып, практикалық дайындығын пысықтаған.
Ауыл-аймақты басқару, көшбасшылық қабілетті дамыту мәселесімен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жергілікті департаменті де тұрақты айналысып келеді. Осы форум аясында өткен панельдік сессияларда да сала мамандары ауыл әкімдеріне қажетті кеңес, бағыт-бағдар берді.
Нариман Төреғалиев өңірде сәтті жүзеге асып отырған ауылнайлар институты туралы айтып өтті.
«Мәселен, Қазталов ауданында 31 ауылнай бар. Тұрғындар сеніміне ие болған белсенділер азаматтық қоғам өкілі ретінде жергілікті мәселелердің шешілуі, игі бастамалардың жүзеге асырылуы жолында ерікті түрде еңбек етіп келеді. Мысалы, Сатыбалды ауылының ауылнайы Руслан Сарбаев туған жерге деген жанашырлығымен, ізгі істерімен ауылдастарының алғысын арқалап жүр. Ол кезекті бастама көтеріп, 2026 жылы дүниеге келген сәбилердің ата-анасына 200 мың теңгеден сыйақы берген. Мұндай белсенділікті Жаңақала ауданы туралы да айтуға болады», деді облыс әкімі.
Ауыл дегенде, бүгінде округтердің өзін-өзі қамту мәселесі де өте өзекті. Мемлекет басшысы да төртінші деңгейлі бюджеттің дербестігін арттыруға назар аударып отыр. Осыдан бірер жыл бұрын Ақжайық ауданына қарасты Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі Жәнібек Әбіров тың бастама көтерген: Ол өз ауылынан шыққан, бүгінде Қазақстанның әр жерінде табысты еңбек етіп жүрген кәсіпкер жерлестерімен келіссөз жүргізіп, ол компанияларды туған ауылында тіркеуге көндірген. Соның арқасында соңғы төрт жылда 5 компания Қарауылтөбе ауылдық округіне тіркеліпті. Нәтижесінде Ақжайық ауданының қазынасына 981 млн теңге көлемінде салық түскен. Жәнібек Иғалиұлының осы бастамасы форумда барлық ауыл әкімдеріне үлгі ретінде таратылды.
Әрине, ауылдағы кәсіпкерлікті өркендету мәселесі Президент айқындаған басым бағыттың бірі. Бүгінде Батыс Қазақстан облысында 291 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі нақты жұмыс істеп тұр. Олардың дені мал шаруашылығымен айналысады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2023-2025 жылдары өңірге бөлінген 14,4 млрд теңгеден астам қаржының 11,2 млрд теңгесіне 1469 микрокредит беріліп, 1797 жаңа жұмыс орны құрылған. Мысалы, Бәйтерек ауданына қарасты Макаров ауылдық округіндегі «АМАНАТ-2022» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі 2024 жылы 26 млн 400 мың теңге несие және 52 млн 700 мың теңге лизинг алыпты. Кооперативте 96 адам тіркелген. Агробірлестік кәсіпті әртараптандырып, бау-бақша, құс және сүтті мал шаруашылығымен қатар айналысады.
«Біз «бір ауыл – бір кооператив» қағидасын басшылыққа алған осындай озық тәжірибелерді кеңінен таратуымыз қажет. Кооператив халыққа сервистік қызмет көрсетіп, өнімді орталықтандырылған түрде өткізуді ұйымдастыруы тиіс. Қай кезде де біріккен бітіреді, ұйымдасқан ұтады. Менің бастамаммен «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында өндірілген өнімдерді өткізу бойынша облыс әкімдігі мен «KПО Б.В.» компаниясы арасында меморандум жасалды. Зәкірлік кооперациялар арқылы жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам ет, сүт, май, жұмыртқа және бау-бақша өнімдері тапсырылды», дейді Нариман Төреғалиұлы.
Халықты жұмыспен қамту, олардың табысын арттыруға жағдай жасау – мемлекеттік саясаттағы басым бағыттың бірі. Кейінгі үш жылда жүйелі мемлекеттік қолдау нәтижесінде өңірде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайып, күні бүгін облыс тұрғындарының 1,1 %-ы ғана жәрдемақы алады. 52 елді мекенде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы мүлдем жоқ. Былтыр өңірде 30 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылса, оның 19,1 мыңы – ауыл тұрғыны болған.
Ақ Жайықта ауылдың бағын ашып отырған бағдарламаның бірі – «Қаладан – ауылға» өңірлік жобасы. 2024 жылы тікелей облыс әкімінің бастамасымен іске қосылған бағдарлама аясында 218 отбасы, 1080 адам қаладан ауылға көшті. Оның 675-і – бала.
«Осы жоба арқылы кадр тапшылығын азайтып, жабылудың алдында тұрған бірнеше мектептің мәселесін шештік. Бүгінде біздің бастамамыз өзге облыстарға да үлгі ретінде ұсынылды. Аудан, ауыл әкімдері «Қаладан – ауылға» өңірлік жобасын алда да белсенді түрде жалғастыруға тиіс», деді Нариман Төреғалиев.

Форумда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай да сөз алып, мұндай жиындар ауылдық аумақтарды дамытуда маңызды екенін айтты. Ол елімізде мемлекеттік басқару жүйесі үнемі жетілдіріліп отырғанын көрсетіп, кадр саясатындағы жаңа бастамаларға тоқталды.
«Елімізде мемлекеттік қызметтің гибридті моделі қалыптасты. Бүгінде мемлекеттік қызметке, басшы лауазымдарға жеке сектордан 700-ден аса адам тағайындалды. Бұдан басқа 450 жоғары білікті жас маманнан тұратын Президенттік жастар резерві қалыптасты. Олардың 76 %-ы бүгінде түрлі секторда ел игілігі үшін табысты еңбек етіп жүр. Өңірлерде жас басқарушылар пулын қалыптастыру мақсатында әкімдіктерге қажетті салалар бойынша өңірлік кадр резервін жасауға мүмкіндік берілді. Мысалы БҚО-да 30 адам резервке алынып, олардың 73 %-ы жұмысқа орналастырылды. Мемлекеттік аппаратта, әсіресе ауыл және аудан деңгейінде кадр тапшылығын жою мақсатында мемлекеттік қызметке жастарды тарту үшін өзге де мүмкіндіктер беріліп отыр. Атап айтқанда отандық ЖОО-ларды аяқтаған үздік түлектерді аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстан тыс тағайындау практикасы қолданысқа енді. Осы жаңашылдық арқылы 2023 жылдан бастап мемлекеттік қызметке ЖОО-ның 788 үздік түлегі қабылданды. БҚО-да осындай тәртіппен 82 жас маман мансабын мемлекеттік қызметтен бастады», деді Дархан Медеғалиұлы.
Форум мінберінде сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облысының прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы «Заң мен тәртіп» қағидасы – мемлекеттік саясаттың негізгі бағдары екенін ауыл әкімдерінің қаперіне салды. Өйткені енді қоғамдық орындағы әрбір қылмыс үшін әкімдердің әрекетіне қылмыстық-құқықтық тұрғыдан баға берілетін болады.
«Біз елдімекендердің инфрақұрылымын жақсартып, құқық бұзушылықты азайтуға бар күшімізді саламыз. Мақсат – ортамызды таза және ұқыпты ұстауды қамтамасыз ету, халықтың құқықтық мәдениетін арттыру», деді прокурор.
Н. Ұласбекұлы соңғы кезде өңірде 62 көше мен 36 аула жарықтанғанын, 300 камера жасанды интеллектіге қосылғанын хабарлады. Заңсыз алкоголь сатқан 100-ден астам алкомаркет жауапқа тартылған, 95 лизенцзия тоқтатылып, 7 дүкен лицензиясынан айрылған. 2025 жылы қоғамдық орында мас күйде болған 10 600 тұлғаға хаттама толтырылған. Былтырғы 4 айда масаң күйде 200 қылмыс жасалған болса, биыл қылмыс саны 36%-ға төмендеген. Өңірде жалпы қылмыс көлемі де 20%-ға азайған. Орал қаласы криминогендік рейтинг бойынша 3-тен 8 сатыға төмен түскен. Облыста ішімдіктен бас тартқан ауылдар көбейіп келеді екен. Мәселен, жыл басында 9 ауыл алкогольден бас тартқан болса, қазір 25-ке жетіпті.
Нұрбек Ұласбекұлы ауыл әкімдерін өз елдіекендерінде «Қауіпсіз өңір» жобасын сапалы жүзеге асыруға шақырды. Яғни ауыл басшылары үй жануарларын бағуды ұйымдастыру, мал ұрлығының алдын алу, жол-көлік оқиғаларына жол бермеуге жауапты болуы тиіс.
«Өткен жылы көліктің малға соғылған 20 оқиғасы тіркелді. Облыстағы 1 млн 100 мың ірі қара, 304 мың жылқының тек 19 мыңына флиппер орнатылған. Яғни жұмыс әлі көп!», деді прокурор.
Ауыл әкімдерінің форумы аясында «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылардың өнімдері де көпшілік назарына ұсынылды.
«Мен Жәнібек ауданы Қамысты ауылынан келіп тұрмын. Мамандығым дәрігер болса да бесінші балам дүниеге келген соң көңілім қалаған кәсіппен айналысуға бел будым. Былтыр жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 1,5 млн теңге қайтарымсыз несие алдым. Қазір өз дүкеніміз, тәтті нан пісіретін шағын цехымыз бар. Екі адамға жұмыс беріп отырмын. Ауыл халқын, мектеп оқушыларын тәтті тағамдармен қамтып, жеке тұрғындардан тапсырыс алып, дамып келеміз. Болашақта тәтті тағамдар ғана емес, адам денсаулығына пайдалы ашытқысыз нан пісіруді қолға алмақпыз. Кәсібімізді кеңейтіп, аудан орталығына да шығамыз деген жоспарымыз бар», дейді «Памир» ЖК иесі Мейрамгүл Күсенова.
Форум кезінде 13 ауыл түрлі бағыттағы табысты нәтижелері үшін 10 млн теңгелік сыйлыққа ие болды. Мәселен, инфрақұрылымы дамыған, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және жол салалары жүйелі жолға қойылған, тұрғындарына жайлы орта қалыптастырған үздік ауыл ретінде Бөрлі ауданының Пугачев ауылдық округіне «Береке бастауы» аталымы табысталды. Ал Теректі ауданының Подстепное ауылдық округі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, жеке инвестиция тартуда жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін «Инвестиция ордасы» атанды. Ауыл шаруашылығы саласын өркендетіп, жер қадірін арттырып, еңбек өнімділігін еселеген Бөкейорда ауданының Хан ордасы ауылдық округіне «Жер жәннаты» номинациясы табыс етілді. Жастарды қоғамдық өмірге белсенді тартып, ауыл дамуына тың серпін берген, жас буынның бастамаларын қолдай білген Қаратөбе ауданының Саралжын ауылдық округі «Жас екпін» сыйлығына ие болды. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, мәдени іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып, салт-дәстүрді сақтаған Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылдық округі «Мәдени мекен» атанды. Ал «Таза ауыл» атағы тазалықты ту етіп, табиғатты қорғау, абаттандыру мен көгалдандыру жұмысын жүйелі жүргізген, көрікті келбетімен ерекшеленген Қазталов ауданының Жалпақтал ауылдық округіне берілді. Цифрландыру мен жаңа технологияларды ауыл өмірінің әр саласына енгізіп, заманауи даму жолын таңдағаны үшін Ақжайық ауданының Тайпақ ауылдық округі «Технология тарланы» деген сыйлыққа ие болды. «Қаладан ауылға» өңірлік бағдарламасы аясында жоғары жетістікке қол жеткізген Жаңақала ауданының Жаңажол ауылдық округіне «Көрікті көш» номинациясы табыс етілді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті дамытып, тұрғындардың табысын арттыруда нәтижелі жұмыс жүргізген Бәйтерек ауданының Макаров ауылдық округі «Кәсіптің кілті» сыйлығын иеленді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, құқықтық тәртіпті нығайтып, тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруіне қолайлы жағдай жасаған Орал қаласының Деркөл кентіне «Темірдей тәртіп» сыйлығы табысталды. Салауатты өмір салтын насихаттап, спортты дамытуда және халық денсаулығын нығайтуда үздік нәтиже көрсеткен Сырым ауданының Қособа ауылдық округіне «Салауатты сана» номинациясы табыс етілді. Еріктілер қозғалысын дамытып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне қоғамдық негізде белсенді үлес қосқан Шыңғырлау ауданының Алмаз ауылдық округі «Еріктілер елі» атанды. Жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, тұрмысы төмен отбасы санын азайтқан Тасқала ауданының Мерей ауылдық округіне «Еселі еңбек» аталымы табыс етілді.
Форум кезінде туған ауылына, өскен жеріне әрдайым қолдау көрсетіп жүрген кәсіпкерлер де құрметке бөленді. Түрлі секцияға бөлінген отырыстарда ауылда агроөнеркәсіп кешенін кеңейту, ауыл инфрақұрылымын дамыту мәселесі кеңінен талқыланды. Әсіресе «Ауыл экономикасы мен бюджеті: бүгінгі әкімнің рөлі» тақырыбында өткен сессия отырысы қызықты болды. Панельдік сессияда ауыл экономикасын дамыту, жергілікті бюджетті тиімді жоспарлау мен пайдалану, салық базасын кеңейту, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жетілдіру және коммуналдық активтерді басқару мәселелері жан-жақты талқыланды. Спикерлер нақты тәжірибеге сүйене отырып, қолда бар мүмкіндік пен тетікті тиімді пайдалану жолын түсіндірді. Әсіресе, кіріс көздерін ұлғайту, кәсіпкерлікті қолдау, бюджет қаражатын тиімді игеру және рәсімдік кедергілерді азайту бағыттарына ерекше назар аударылды. Ауыл әкімдері толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын да ортаға салды.
Мемлекет басшысы өз Жолдауларында ауылды дамыту – ел дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін әрқашан айтып келеді. Ауылды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың өзегі екені рас. Өңірдегі барлық ауылдық округ әкімдерінің басын қосып, тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға және жаңа серіктестік бағыттарын айқындауға мүмкіндік берген Орал форумы да осының айғағы болды.
Батыс Қазақстан облысы