14 Ақпан, 2017

«Өмір өтті-ау, сырғып ағып...»

514 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Өмірде Мұқағалидан бір-ақ күн кеш туған Есенқұл ақын 60 жасын атап өтіп үлгермей жатып, оқыста дүниеден өткен күні қазақ ақындарының «Жетісудағы жыр бәйтерегі құлады» деп жү­ректері «қарс» айырыла күңі­ренгені әлі көз алдымызда... Есенқұл Жақыпбековті еске алу кеші Ұзын­ағаш­тың Мәдениет үйінде атап өтілді. Сахнаға көзі түс­кен қауым: Сарғалдаққа бір қуанып, Қызғалдаққа бір қуанып, Өмір өтті-ау сырғып ағып, сырғып ағып... – деп Есенқұл жазған жыр жолдарына көзі түсіп, бір мұ­ңайды... бір қуанды. Мұ­ңая отырып, Есенқұлдың халықтық әнге айналған жыр жолдарын іштей ыңылдап айтып, ара тұра кө­зіне жас іріккендер де аз болмады. Ат­шаптырым залда ине шаншар орын қалдырмай ақын жырымен үнсіз ғана іштей тербеліп, толқып отыр­ған ха­лық­тың қуанғаны ақынның екінші өмірінің басталғаны еді. Жамбыл ауданы әкі­мінің орынбасары Дас­тан Шалтабаев қызметке тағайын­далғаннан кейінгі бірінші өткізіп тұр­ған бұл кеші оның мәдени саладағы қызметінің тұсаукесеріндей болғаны да ақиқат. Халық ол жауап­кершілік жүгін өмір­ден асығыс өткен ақ жүрек ақынның пәк жүрегіндей, мұн­таздай тап-таза өткіз­гені үшін Шалтабаевқа ризашылық танытты. Өмірден жұлдыздай ағып өткен ақынның халық арасындағы екінші өміріне мән бере тоқталып, елінің арлы ақынын ешқашан ұмытпайтынын алға тарта сөйлеген Дастан Шалтабаев қазақы салттан да аттамай, ақын Есенқұлдың жары Мең­сұлудың иығына камзол жапты, бір құшақ райхан гүлін сыйлады. Сахнаға бірінен соң бірі шыққан Есенқұлдың өнердегі сыралғы достары, шәкірттері тағдыры қызық, таланты дара ақынның шығармашылығын мейлінше дәріптеді. Жыр оқылды, ән айтылды, театр­ландырылған қойылым көрсетілді. Журналист, сатирик, сазгер, лирик әрі айтыс ақынының Жамбыл атамыздың ізін басқан жас өреннің бірнеше буынын халықтық саф өнерге өндіре баулығаны өз алдына бір төбе. «От тілді, орақ ауызды» бүгінгінің айтыс ақындары – Есенқұлдың шәкірттері сахна төрін бермеді. Әрбір көрініске көз тіге тынып, Есенқұлдың әні мен жырын құлағына құйып тыңдап, дүркін-дүркін қол соғып отырған халық екі сағаттан аса уақыт алып, шашаусыз өткен кеш біткен сәтте «үһ» деп бір күрсінді. Мұнысы – мұңлы ақынның ән-жырымен шын сезімге беріле тербелгені еді. Есенқұлдың ел аузындағы аса танымал «Өмір өтті...» өлеңіне ән жазған, ақынның тірісінде шығармашылықта үзеңгілес болған адал досы Бағлан Омаровты сөзге тарт­тық: – Есенқұлдың еске алу кеші бүгінмен, яғни, бір күн­мен аяқталмақ емес. 23-24 ақпан күні Қарасай ауданын­да ақынға арналған шығар­машылық үлкен жиын өтеді. Қазақтың барша әдебиет-өнер жұлдыздары сонда жиналады, келіңіздер, есік ашық, – деді шығар­машылық жиынның бас режиссер-модераторы композитор Бағлан Омаров. ...Алдай-ау, алдай, алдай-ау, Дүние түбі балдай-ау. Алқынған күндер талпынған, Жәутеңдеп қарап артымнан, Қалды-ай-ау, бәрі... қал­ды-ай-ау, – деп жиналған жұрт Мәдениет үйінің маң­дайын тұтастай ала жазылған үкілі бөрік, зерлі шапан киген 25-тегі Есенқұл ақынның суретіне қарайлай, бір қуа­нып... бір мұңайып бара жатты. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы, Ұзынағаш ауылы Суретті түсірген Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ