
Италияның Милан қаласында ALTAI деп аталатын дүкен бар. Онда үнемі жүннен басылған киіз, текемет, сырмақ сатылады екен. Текеметтер көлеміне қарай 11 000-43 000 АҚШ доллары арасында тұрады. Жүннен жасалған өнімнің денсаулыққа пайдалы, жылы екендігін ескерген италиялықтар сатушыға дән риза.
ALTAI деп аталған брендті Раффаэле Кариерри (Raffaele Carrieri) есімді азамат 1994 жылы жасапты. Алдымен көшпенді халықтардың, әсіресе, ауа райы, климаты суық елді мекенде орналасқан қазақтың тұрмыс-тіршілігіндегі киізден жасалатын сырмақ, текеметті зерттей жүріп, кілем, төсеніш, тұс кілем, күрд паласы сияқты бұйымдарды сатқан. Сөйтіп жүріп ол биылға дейін қазақы бұйымдардың 16 түрлі коллекциясын жасап үлгерген. 2002 жылы ALTAI бренді сәулетшілермен және дизайнерлермен ақылдаса отырып, Өзбекстанда да тігін шеберханасын ашқан. Кариерри Ферғана қаласындағы көзкөрген адамдармен бірге жаңа текеметтер тоқумен айналысады. Бұл таза табиғи өнім, жүннен жасалады және ешқандай химия қосылмайды. Ол өзінің тауарларының брендіне орай Ancient Saharan Mats, Antique Felts of Central Asia деген атпен көрме де ұйымдастырыпты. Бұл көрмелерге дүние жүзіндегі ғалымдар, антропологтар қатысқан.
Ал бізде жүн өндірісі кенже қалып отыр. Заманауи қазақтың үйі толы кілем, баға жетпес текемет пен сырмақтың, жүннен басылған қалың кілемдердің қажетсіз болып қалғандығы рас. Италиялықтар, шіркін бір ғана қой-ешкінің жүнінен жасалған текеметті білетін шығар-ау. Ал бізде түйенің жүнінен де жасалатын текеметтер бар. Мәселен, Астана қаласында түйе жүнінен көрпе жасау өндірісі дамып келеді. Сатып алушылар қатарында тек қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де бар екен. Цех бастапқыда шұлық, кейіннен көрпе тігуді қолға алған. Ендігі жоспар жүннің қалдығынан матрастар жасау екен.
– Түйе жүнінің сапасы жақсы, пайдасы мол. Қой жүнінен екі есе жеңіл. Жылуды жақсы сақтайды, ылғал жұтқыш және аллергия туғызбайды. Экологиялық таза өнімге деген сұраныс жоғары. Сол себепті, тапсырыс қашанда көп. Тұтынушылар тауардың сапасына ғана емес, бағасына да риза. Мысалы, Түркия не Моңғолиядан келген көрпе 30 мың теңге тұрса, мұның бағасы 3 есе арзан. Бүгінде көрпені елімізден тыс мемлекеттер де сатып алып жатыр. Ресейге жеткізу жолға қойылды. Алдағы уақытта экспорт көлемі ұлғаяды. Ендігі жоспар айына 2 мың көрпе шығару, – дейді «Қазақ оюлары» ЖШС директорының орынбасары Гүлсанат Мерқұлова.

Десек те, экспорттан бұрын өз елімізде неге осындай бағалы бұйымдар сұранысқа ие болмай отыр деген сауал әркімді де толғандырады. Текемет, тіпті, кілем тоқу өнері де біздің қазақта өріс алған. Мәселен, ауылдық жерлерде тұратын қазақ әйелдері мен қыздары тоқыма тоқып, жүн түту, жүн сабауды ұмыта қойған жоқ. Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Ақтөбе облыстары мен қалаларында кілем тоқу өнері ұрпақтан-ұрпаққа ауысып жаңаша түрлі ою-өрнектермен әсем безендірілуде. Мәселен, Семейдің киіздеріне мәскеуліктер қатты қызығып отыр. Шығыстың аязды, боранды күнінде далада еңбек ететін жұмыскерлерге, құрылысшыларға жүннен басылған, киізден жасалған пима ауадай қажет. Сол үшін де олар көбіне «Роза» ЖШС жасайтын пиманы сатып алып жатады. Бүгінде кәсіпорынның жасаған пималары сұранысқа ие болған.
– Біз бұрынғыдан да қарқынды жұмыс істеуді жолға қойдық, – деді кәсіпорын директоры Харис Сайфутдинов. – Жаңадан өндірістік цехтар ашып, жүн өңдеу, пима басу айналымын ұлғайтып келеміз. Қазіргі кезде жасап жатқан пималарымыз жұрттың сұранысына, талапқа сай, түрлі сәндік үлгіде. Базар саудагерлерінің бағасы біресе шарықтап, біресе төмендеп тұр. Әйтпесе, біздің дүкендердегі баға әлдеқайда арзан. Пима 2800 теңге, резеңкемен табандатылғаны 3500 теңге, унтыларымыз да осы шамада. Базарда баға шарықтап өскенмен, бізде өндіріс технологиясының көлемі өскен сайын өнім бағасы арзандау үстінде. Біз пима, унтылардан басқа аңшылық бахилдарды да шығарамыз. Оны ойлап тапқан біздің кәсіпорын. Бұл аңшыларға ғана емес, шаруаларға, балықшылар мен жүргізушілерге таптырмайтын аяқ киім. Сыртында су өтпейтін материал, іші киіз, аяққа жылы. Цельсий бағаны бойынша 50 градус аязға төтеп бере алады.
Негізінде киіз басу ежелден келе жатқан дәстүр, бұл өнердің біздің заманымызға дейінгі ғасырларда қазақ даласына кеңінен таралып кеткені мәлім. Қазіргі уақытта пима киіп, үйіне текемет төсейтін қазақтар аз болғанымен, киізден жасалған бұйымдарға деген сұраныс бар. 2004 жылы Семейдегі «Роза» ЖШС елде ең үлкен пима жасап шығарды. Өлшемі – 106, қонышының биіктігі – 178 сантиметр, салмағы – 16,5 келі. Ал бұл күндері «Розаның» киізден басып, жасап шығаратын түрлі өнімдеріне италиялықтар, қытайлықтар мен ресейліктер де қызығушылық танытып отыр. Өнімдері өте сапалы. Бұрындары ТМД көлемінде саудаға шығарса, енді бүкіл әлемге тарата аламыз дейді басшылық. Осыдан он жыл бұрын жүн жетпей жататын. Бұл күндері облыста мал басы өскендіктен, шикізаттан кедергі жоқ. Барлық ауданнан мал жүні әкелініп тапсырылады екен. Қара қойдың жүні кәдеге жарады деген осы. Текемет те өзімізге қайта оралса дерсің осындайда.Әлем оны қазақтың бренді деп таныса...
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,
журналист
Семей