
Павлодардың "Ертісі" жаңа маусымның алғашқы турларын тәуір нәтижелермен бастады. Ұжым бірінші турда Оралдың "Ақжайық" командасын 2:1 есебімен ұтса, келесі ойында азулы "Астанамен" тең ойнады. Алғашқы матчтан кейін Павлодар футбол федерациясының президенті Расул Оразғұловпен сұхбаттасқан едік. Әңгіме әлемдегі бірінші нөмірлі спорттың аймақтағы дамуы жайлы өрбіді.
– Жеңіс құтты болсын, Расул Қабдоллаұлы! Биылғы футбол маусымы «Ертіс» үшін ерекше. Клуб бірнеше жылдық үзілістен соң, Еуропа лигасында ойнау мүмкіндігіне ие болды. Осы орайда, команданың жаңа маусымға дайындығы қалай?
– Рахмет. Әзірлік ойдағыдай өтті. Клуб Түркияда үш оқу-жаттығу жиынында болып қайтты. 11 жолдастық кездесуге қатысты. Трансферлік бағыттағы жұмыстарға да көңіл толады. Бапкерлер жақсы команда жасақтады. Былтырғы маусымнан командада Давид Лория, Қазбек Гетериев, Пиралы Әлиев, Руслан Есімов, Карлос Фонсека және Серікбол Қапанов қалған еді. Биыл ұжымды Қазақстанның Ұлттық және жастар құрамаларында өнер көрсеткен тәжірибелі футболшылар толықтырды. Атап айтқанда, қазақ футболында өзіндік орны бар Александр Кислицын мен Илья Воротников «Ертістің» жейдесін киді. Жартылай қорғаушылар Аслан Дарабаев пен Илья Калинин клубпен келісімшартқа отырды.
Павлодарлық клубтың сапында Серж Бандо, Франк Джа Джедже, Стефан Живкович, Родриго Антонио, Евгений Ткачук және Исмаэль Фофана сынды легионерлер өнер көрсетеді. Жергілікті жас футболшыларды да ұмытқан жоқпыз. Валерий Леньков, Арман Смаилов және Мадияр Рамазанов сынды жергілікті футбол мектебінің түлектері «Ертістің» негізгі құрамына алынды. Жігіттер жерге қаратпауы тиіс.
– «Ертістің» алдына қойылған нақты меже қандай?
– Былтыр біріншілікті үшінші орынмен түйіндедік. Биылғы меже – сол деңгейден төмен түспеу. Сондай-ақ, УЕФА Еуропа лигасының бірінші кезеңін бағындыру. Қалғанын бара көрерміз.
– Өңір футболының дамуы туралы не айтасыз? Балалар, жасөспірімдер футболына қаншалықты көңіл бөлінген?
– Облыста барлығы 628 футбол секциясы жұмыс істейді. 232 шағын футбол және 1 жағажай футболы секциясы бар. Аймақтағы футболмен шұғылданушылардың жалпы саны – 19 061 адам. Олармен 417 жаттықтырушы жұмыс істейді.
Материалдық-техникалық база да жыл сайын жетілдірілуде. Өңірде 1 жабық манеж және 15 стадион бар. Сондай-ақ, жасанды көгал төселген 106 шағын футбол алаңы ел игілігіне қызмет етуде. Облыс орталығында футбол бойынша мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жыл сайын таланттарды үлкен спортқа қосуда. Бүгінде мұнда 800-ге жуық оқушы тәлім алады. Сондай-ақ, Павлодар қаласында 2012 жылғы мамырдан «Ертіс» футбол орталығы жұмысын бастады. Онда 6-17 жас аралығындағы 365 бала тәрбиеленуде.
Өңірде жыл сайын түрлі турнирлер ұйымдастырылады. Мысалы, мектеп оқушылары арасында «Былғары доп» додасы, Б.Кулаевты, А.Святовты, И.Вагнерді еске түсіруге арналған дәстүрлі турнирлер жыл сайын жүздеген футболшының басын қосады. Футбол әуесқойлары арасындағы облыс чемпионаты да тартысты өріледі.
Футбол инфрақұрылымын дамытуға көңіл бөлінген. Былтыр 38 шағын футбол алаңы орнатылды. Биыл облысқа қарасты үш қала мен Баянауыл және Тереңкөл ауылдарында толық өлшемді футбол алаңдары пайдалануға берілмек.
– Биыл Павлодардың Орталық стадионы сенімді басқаруға берілді. Бұл қадам өзін өзі қаншалықты ақтайды?
– Енді Орталық стадионның 2022 жылға дейін дамуы «Ертіс» футбол клубына байланысты. Себебі, стадион толықтай клубтың қаражаты есебінен қамтамасыз етілмек. Нысанды сенімді басқаруға беру арқылы мемлекет биыл 37 млн теңге үнемдейді. Үнемделген қаржы қаланың өзге қажеттіліктеріне бағытталмақ. «Ертіс» футбол клубы шарттарға сәйкес, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушыларына, спорттың І, ІІ топтағы мүгедектеріне және мүмкіндігі шектеулі балаларға футбол алаңын тегін ұсынатын болады.
Әңгімелескен
Фархат ӘМІРЕНОВ,
журналист
ПАВЛОДАР