
Күнделікті өмірімізде киберкеңістік жылдан-жылға мейлінше кең қанат жаюда. Біздің өмір сүріп отырған ортамыздың өзі шапшаң әрі елеусіз түрде киберкеңістікте болып жатқан оқиғалар және құбылыстармен тығыз байланысып кетті.
Біз қажетті заттарды өзіміз ешқашан болмаған, көрмеген дүкендерден ала бастадық, тіпті, олардың ғимараттарының бары не жоғы біз үшін бәрібір. Диспетчерге қоңырау шалмай-ақ немесе билет кассасына бармай-ақ, қолымыздағы смартфон арқылы ақысы төленген авиабилетке ие боламыз. Әлеуметтік желілердің арқасында саяқ немесе шалғай жерлерде тұратын адамдар үшін де әңгімелесуші иә болмаса пікірлес жан табу оңай шаруаға айналды.
Жалпы, киберкеңістік біздің өмірімізге жағымды үрдістермен қатар, түрлі тәуекелдер мен қауіптерді де ала келді. Бұрын компьютерлік желілерді бұзу және олармен манипуляциялар жасау деп түсіндірілетін киберқылмыс ұғымы өзінің бастапқыда айқындалған анықтамасынан басқаша сипатқа ойысып кетті. Дәлірегі, қазіргі таңда киберкеңістік адамдардың қатысуынсыз жүзеге асуы мүмкін емес түрлі террористік идеялар, есірткі саудасы және басқа да жағымсыз әрекеттер жасырынған баламалы әлемге айналды.
Киберкеңістік пайда болғалы бері көптеген қылмыстар жаңаша серпін алып, бір-екі емес, жүздеген, мыңдаған жанның жүрегін жаралап, өмірлерін құрбан етуде. Ол бұрынғыдан да қауіптірек бола түсуде және оны әшкерелеу қиындық туғызуда.
Компьютер мониторы қылмыскер үшін мыңдаған шақырымдарды, мемлекеттік шекаралар мен сағаттық белдеулері секілді кедергілерді жоятын терезеге айналды.
Қазір қоғамда балаларды нысанаға алған суицидтік бағыттағы интернет-қауымдастықтар жайлы ақпарат дүрбелең туғызып отыр. Өзінің қатыгездігі мен бұқаралық сипаты жағынан естен тандырарлықтай бұл қылмыстық әрекеттің киберкеңістіктен тыс жасалғанын елестету мүмкін емес. Ақпараттың орасан зор көлемін цифрлық форматқа көшіру киберкеңістікте бопсалау мен қорқытып ақша алу, жеке өмірдің құпиясын бұзу және өнеркәсіптік шпионаж жасау секілді келеңсіздіктердің көптеп орын алуына әкеліп соқтырды.
Сарапшылардың бағалауынша, әлемдік экономикаға интернет-қылмыстың тигізген зардабы тек 2016 жылы ғана 500 миллиард АҚШ долларынан асып түскен. Алдын ала болжамдар бойынша, бұл көрсеткіш таяудағы жылдарда өсе бермек. Былтырғы жылы алғаш рет беделді Allianz Global Corporate & Specialty нұсқасы бойынша киберқылмыстар бизнес жүргізудің басты қауіптері мен тәуекелдерінің үштігіне кірді.
«Касперский лабораториясы» қазіргі уақытта интернетке қосылған әрбір үшінші дербес компьютер зардап шегеді деп санайды.
Киберқылмыстардан келетін қауіптер пен қатерлер ауқымы туралы түсінік біздің мемлекетімізде бүгін ғана қалыптасқан жоқ. Мемлекет басшысының 2011 жылғы 14 қарашадағы №174 Жарлығымен Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздігінің 2016 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілгені белгілі. Сол кезден-ақ, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету негізгі екі тарапта – техникалық және әлеуметтік-саяси тұрғыдан жүзеге асырылатын шаралар кешені ретінде қарастырылған болатын. Тұжырымдама міндеттерін іске асыру мынадай үш бағыт бойынша дамуды талап етті:
– заңнамалық және нормативтік-әдістемелік;
– ұйымдастырушылық-басқарушылық және ұйымдастырушылық-техникалық;
– кадрлық.
Тұжырымдаманы бекіткеннен бергі аралықта осы бағыттардың барлығы бойынша нәтижелі жұмыстар жүргізілді. Бұдан құқық қорғау жүйесі де тысқары қалған жоқ. Атап айтқанда, діни экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттауды анықтау мен оның жолын кесу мақсатында интернет-ресурстарға тұрақты түрде мониторинг жүргізу өзінің нақты әрі жоғары тиімділігін көрсетті. Соның нәтижесінде, 2011 және 2016 жылдар аралығында мемлекеттік органдар 771 ақпараттық материалдың таратылуына сот арқылы тыйым салуға қол жеткізді. Терроризм мен діни экстремизм идеяларын орналастыруға тырысқан 1073 интернет-ресурс анықталып, ерекше бақылауға алынды. Мұндай идеяларды насихаттау үшін құрылған сайттар бұғатталды.
Мұндай шаралар 2013 жылғы қыркүйекте қабылданған Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада да көрініс тапты.
Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында да діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресті басты назарда ұстау атап көрсетілді. Бұл мәселе, яғни интернетте зиянды идеяларды насихаттауды бейтараптандыру ісі Жолдауда айтылғандай, қазіргі таңда дайындалып жатқан 2017-2020 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөніндегі мемлекеттік бағдарламада да көрініс табатынына еш күмән жоқ.
Киберқылмыстарға қарсы тұру тәжірибесі уақыт өткен сайын тиісті заңнамалық қамтамасыз етуді талап етті. 2014 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасының «Байланыс туралы» Заңы «Байланыс желілері мен (немесе) құралдарының жұмысын тоқтату тәртібі» туралы 41-1-баппен толықтырылды. Сонымен қатар, 2014 жылғы 23 сәуірдегі заңмен Қылмыстық кодекске «Көрінеу жалған ақпарат тарату» атты 242-1-бап енгізіліп, онда сараланатын белгілердің бірі ретінде ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалану тікелей көрсетілді.
Аталған заңнамалық толықтыруларға 2014 жылдың ақпанында үш қазақстандық банктің банкрот алдындағы жағдайда тұрғаны туралы жалған ақпаратты тарату фактісі себепкер болғанын еске салған артық емес. Бұл жалған ақпарат клиенттер арасында дүрбелең туғызып, банктердегі шоттардан ақшаны жаппай алу мен аудару мәселелерін туындатты.
Ақпараттық-байланыс желілеріндегі арандатушылық, жалған ақпарат үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу және тыйым салынған ақпаратқа қолжетімділікті тұйықтау тетігін заңнамалық тұрғыда белгілеу – «Қазақстан киберқалқаны» жүйесінің маңызды элементтері болып табылатыны сөзсіз. Олар киберқылмыстардың әрқилы көріністеріне қарсы тұруда өзінің тиімділігін іс жүзінде дәлелдеді.
Мәселен, терроризмді насихаттайтын сайттарды тұйықтауда қолданылатын «Байланыс туралы» Заңның 41-1-бабы негізінде, 2015-2016 жылдары балаларды суицидке итермелеген 318 интернет-қауымдастық әрекетінің жолы кесілді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бастамасымен «Қазақстан киберқалқаны» сияқты жүйені құру, оның қызметін құқықтық қамтамасыз етуге жаңа талаптар қоя отырып, бізді заман талабына сай алға басуға жетелейді.
Бұл ретте, құқықтық қамтамасыз етуді нормативтік-құқықтық базаны құру деп қана түсінуге болмайды. Дегенмен, нормативтік-құқықтық базаны құрмай жүйенің қызмет етуі мүмкін емес.
«Қазақстан киберқалқанының» қалыпты жұмыс істеуі үшін құқық қорғау жүйесінің арнайы дайындықтан өткен және жоғары білікті қызметкерлерінің саны жеткілікті болуы қажет екені түсінікті. Мұның отандық киберкеңістікті техникалық қорғау жүйелерінің заңдық қондырғыларын реттеуге ғана емес, кінәлілерді анықтап, жауапкершілікке тарту бойынша кейінгі атқарылатын әрекеттерге де қатысы бар.
Халықаралық ынтымақтастыққа да жаңаша көзқарастар қажет. Өзара сындарлы іс-қимылы қалыптасқан елдердегі әріптестермен бірге киберқылмыстарға қарсы тұрудың заманауи, кері байланыстың жылдамдығына сай алгоритмін жасауға әбден болады. Осы орайда, отандық және халықаралық үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жасаудың тәжірибесі назар аударарлық.
Құқыққа қайшы контентке қарсы тұру бойынша сенім телефондарының халықаралық желісі, айталық, контентті сақтау орны бойынша ҮЕҰ-ны анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай ҮЕҰ ұлттық құқықтық тәртіп органдарына өзіндегі қылмыс жасалуы мүмкін нақты серверін көрсете отырып қана жүгінеді.
Өзара іс-қимылдың мұндай жүйесі балалар порнографиясын таратуға қарсы күресте өзінің тиімділігін дәлелдеді. Алайда, оның киберқылмыстардың алдын алудағы әлеуеті әлі де толық пайдаланылып отырған жоқ.
2015 жылғы тамызда сыбыс таратушылардың бірін соттау отандық медиакеңістікте кеңінен жария етілді. Мұндай қылмыстарды тергеудің әдістемесі, әдеттегідей, қоғам назарынан тыс қалдырылды. Соған қарамастан, қылмыстардың киберкеңістікке көшуі құқық қорғаушылардың жаңа, бұрын қолданылмаған жұмыс әдістерін игеруін талап етеді.
Тиісті оқытулардың мамандандырылған жоғары заң оқу орындарында жүйелі түрде жүргізілуінің қажеттігі анық. Соған орай, бірінші кезеңде оқыту әдістемесінің өзін сапалы түрде әзірлеу міндетті шарт болып табылады, онсыз кейінгі күш-жігер текке зая болуы мүмкін.
Ашығын айтқанда, құқық қорғау органдары психологиялық және әдістемелік тұрғыдан киберкеңістіктегі қылмыстарға қарсы тұру жөніндегі белсенді жұмысқа әлі де жеткілікті даяр емес. Егер көшедегі қылмыстылықты анықтаған жағдайда соған байланысты барлық тиісті шараларды қабылдайтын патрульды-бекеттік қызмет бар болса, киберкеңістік үшін мұндай тәжірибе әлі қалыптаспаған.
Бұл арада террористік және экстремистік идеологиясы бар сайттарға мониторинг жүргізу, порнографияны қадағалау және суицидке шақыруды бақылау тәжірибесін ғана айта аламыз.
Интернетте кең тараған есірткі саудасы, жеңгетайлық, криминалды интернет-қауымдастықтар және басқа да түрлі қылмыстық көріністер көп жағдайда біреу көрсеткенде ғана құқық қорғау органдарының назарына ілінеді. Сондықтан «Қазақстан киберқалқаны» жүйесінің идеясы құқық қорғаушылар тарапынан неғұрлым белсенді және табанды әрекетті талап етеді.
Әлбетте, алда тұрған ауқымды жұмыстың жауапкершілігін түйсіну үшін тіпті, жоғарыда аталған және алғашқы әсерден туындаған мәселелер де жеткілікті.
Бұл – «Қазақстан киберқалқанының» құқық қорғаушылық құрамының тұжырымдамасын анықтау, қажетті нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыру барысындағы тергеу мен оперативті жұмыстың мүлде жаңа әдістері болып табылады.
Әрине, барлығын болжап білу мүмкін емес, өмір алға басқан сайын алдымызға жаңа міндеттер қоятын болады. Ең бастысы – өзіміз көп уақытымызды бөлетін киберкеңістікке де заңдылықты орнықтыру.
«Қазақстан киберқалқаны» идеясын барынша толық іске асыру мемлекетімізді өркениетті дамудың жаңа деңгейіне сөзсіз шығарар еді. Өйткені, сын-қатерлерге қарсы тұруда киберкеңістікті мемлекет пен жеке азаматтың мүддесіне сай келетіндей техникалық және құқықтық қорғауды мейлінше үйлестіруге әлемнің бәсекеге қабілетті мемлекеттерінің өздері де әлі қол жеткізе алмай келеді.
Бір сөзбен айтқанда, алдымызға осындай концептуалды және суперзаманауи міндетті қоюдың өзі мәдени-өркениеттік жетістік болып табылады.
Алексей КАЛАЙЧИДИ,
Президент Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі