
Осынау жақсы ағаны еске алғанда ойыма бақытқа кенелтетін еңбек деген ұғым оралады. Өйткені, Мүсімхан Қабылтайұлы шын мәнінде бақытты ғұмыр кешті. Туған елінің қажетіне
жарап, адал еңбек етіп, тер төкті. Отбасының мерейін тасытып, жар құшып, бала сүйді. Ағайын-туған, дос-жарандарының ортасына сыйлы болды. Осындай дәреже-атақ оған оңай
келмеді. Атпал азаматтың өмірбаяндық дерегіне көз жіберсек, запыранды 37-де Жамбыл облысының бұрынғы Красногор ауданында туғанын көреміз. Осындағы ауылшаруашылық техникумын 1960 жылы техник-механик мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Жамбыл ауданының «Рославль» кеңшарындағы №3 бөлімшеде механик болудан бастайды.
Дихан-механизаторлардың жұмысы жылдың төрт мезгілінде де әсте толастамайды. Бір-бірімен жалғасып жатады. Істен шыққан техниканы жөндеу, қатарға қосу үшін жас маман күндіз-түні дамылдамады. Екі жылда оның еңбегі ескеріліп, инженер-бақылаушы, машина-трактор жөндеу шеберханасының меңгерушісі, шаруашылықтың бас инженерлігіне дейін жоғарылатылады. Өндірістен қол үзбей 1971 жылы бір кездегі арманы болған Қазақтың ауыл шаруашылығы институтының инженер-механика факультетіне оқуға түсіп, бітіреді. Бұдан кейінгі өмір белестері алға ұмтылу, өз бағытынан адаспай, елге адал қызмет етумен жалғасқанын көреміз.
Мүсімхан Қабылтайұлы бас инженерліктен кейін Алматы облысындағы «Казсельхозтехника» ауданаралық бірлестігі басқармасының бастығы, Жамбыл ауданындағы Мыңбаев атындағы тәжірибе шаруашылығының директоры, Ақсеңгір тәжірибе шаруашылығының директоры, Жамбыл атындағы кеңшар директоры, «Рославль» қой өсіру кеңшарының директоры, Жамбыл атындағы жылқы зауытының директоры қызметтерінде сатылап өсіп, үлкен мектептен өтіп, шыңдалып, халықпен қоян-қолтық араласып, ел экономикасын өркендетуге сүбелі үлес қосты. Аудан, облыс басшылары оны өз ісінің білгірі, ұтымды ұйымдастырушы болғандықтан әрдайым экономикасы тұралаған шаруашылыққа жіберіп отырды.
Ол 1992-1996 жылдары Талғар ауданындағы «Кербұлақ» кеңшарының директоры, 1996-2002 жылдары Жамбыл ауданы, «Беріктас» кооперативінің директоры лауазымдарын да абыроймен атқарды. Халықтың сенімінен шығып, шаруашылық жүгін алға сүйреді.
Қай кезде де төккен тердің өтеуі болады. Осылайша, Мүсімхан Қисықов Қазақстанның еңбек сіңірген ауылшаруашылық қызметкері атанды. Кеңестік кезеңде КОКП ХХVІІІ съезінің делегаты болды.
Әрбір жұмыс нысанын жіті қадағалай білетін талапкер басшы Мүсімханның тәрбиесімен шыңдалған сол кездегі жастар арасынан сүзіліп шыққан саналы жігіттер бүгінде еліміздің әр түкпірінде өз орындарын тауып, жемісті еңбек етіп жүр. Жалпы, сол кездегі шаруашылық басшыларының жаңашыл бастамаларына журналист ретінде таңданатын едім. Егін орағы, мал азығын дайындау, қысқа дайындық, төл алу және басқа жыл мезгілдерінде бір-бірімен сабақтасып жататын науқандарда Одақтық, облыстық, аудандық ауыспалы қызыл тулар тапсырылып, жарыс жеңімпаздары жеті сайын, ай сайын, жыл аяғында марапатталатын. Рославльдіктер сондай сәттерде үнемі көш басында жүретін. Ұзын бойлы, кең жауырынды азаматтың тура сөйлейтін мінезі, еңбекқорлығы мен ұйымдастырушылық қабілеті астасып, осындай шаралар барысында оны биікке көтеретін.
Аудан басшысы 1987 жылы тозығы жеткен малшы үйлері мен мал қораларын сапалы жөндеуді шаруашылық басшыларына қатаң тапсырып, арнайы айлық жарияланды. «Рославль» кеңшары ауданнан шалғай орналасқандықтан құрылыс материалдарын тасу мен жеткізуге қыруар қаржы керек болды. Сол кездің өзінде қаржыны есептеу, үнемдеу қатаң бақыланатын. Сондықтан басшылар тығырыққа тірелді. Осы тығырықтан жол тауып, жергілікті құрылыс материалдарын тиімді пайдаланған шаруашылық директоры Мүсімхан Қисықов қысқа мерзімде малшы үйлері мен мал қораларын, монша салып, әріптестеріне өнеге көрсетті. Озық тәжірибемен танысу үшін барлық колхоз, совхоз басшылары Мәтібұлақ ауылына жол тартты. Шөлейтті аймақ, құм суырған дала жолымен бір белден асып, екіншісіне көтерілеміз. Алдымыздан тап-тұйнақтай салынған шопан үйі шығады. Жұмыртқадай аппақ құрылысты шопан үйі деп айтуға ауыз бармайды. Қарсы беттегі ұзыннан ұзын салынған мал қорасы қандай қыс қаһарына да төтеп беретіндей. Төлге арналған орындары да бар. Тәжірибелі деген директорлар алғашында күліп келсе, құрылысты көргеннен соң осы әдісті пайдаланып, жүздеген малшы үйлері мен мал қоралары жаңарды. «Қисықовтың тәжірибесінің» осылайша аудан, облысқа тарағанын әлі ұмытпаймын.
Мүсімхан Қабылтайұлы 1989 жылы мал қыстатуды ойдағыдай өткізгені, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен сатудағы қол жеткізген табыстары үшін Бүкілодақтық дәрежедегі бас жүлдені жеңіп алып, еңбегі ақталды. Оған қоса қомақты ақшалай сыйлыққа ие болды. Бұл халықтың мерейін өсірді. Жақсының шарапатымен аға шопандар Алмасай Нұрланғазиев пен Сәлем Сұртаев және басқалары марапатталды. Омырауларына Отан наградасын тақты. Озаттар кезексіз автокөлік мінді. Ол кезде қазіргідей, автокөлікке екінің бірінің қолы жетпейтін. Оны тек еңбектегі жоғары жетістіктерімен ғана алатын.
Отыз жылдан астам іргелі шаруашылықтарды басқарып, үлкен шаңырақтың бақытын шалқытқан жан жайлы «Ел үмітін ер ақтар» деген естелік жинақты парақтап отырмын. Онда туған жерге туын тіккен азаматтың халқына, ата-анасына, ұрпағына, замандастары мен достарына деген сүйіспеншілігі кеңінен сөз болыпты. Және Мүсімхан Қисықовпен әр жылдары бірге еңбек еткен әріптестері, белгілі тұлғалар пікірлерін тебірене жазыпты.
Дана халқымыз адамгершілікке қатысты үш сауапты атап айтқан. Ол – шөлге құдық қазған, өзенге көпір салған, жолға ағаш еккен, деп келеді. Азаматтың азаматына ғана тән бұл қасиеттер Мүсімхан Қабылтайұлының өмірлік ұстанымына айналып, өмірінде оны толық жүзеге асырған жандардың қатарынан саналады. Мәтібұлақтың көктеуі мен қыстауына құдық та қаздырды, көпір де салды. Бүгінгі Мәтібұлақ ауылы танымастай сәулеттенсе, ондағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени орындар азаматтың бастамасымен тұрғызылған. Жайқалған жасыл желекті тал-теректер оның басшылығымен, бірқатары тіпті өз қолымен отырғызылған. Шаруашылық тәсілмен сол жылдары 60 тұрғын үй, асхана, 320 орындық балабақша, тағы басқа құрылыстар бой көтерген. Құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін балаларымен кеңесіп, Мәтібұлақта өз қаржысына күмбезі көк тіреген Алланың үйін тұрғызып, жерлестерінің игілігіне берді. Мешіт арғы аталары Кебекбай бидің атымен аталады.
Данышпан Абай айтқан «Әкеңнің ғана баласы болма, адамның баласы бол» деген даналық өсиетке сай өмір сүрген, ұлағатты ұл-қыз өсіруге ден қойған халықтың өкіліміз. Міне, қазақтың сондай перзенттерінің бірі 2011 жылы мына фәни дүниеден өткен Мүсімхан аға мен отағасының соңынан сағынышын арқалап кеткен Бәтима жеңгей еді.
«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген ақиқат бар ғой. Сол айтқандай, үмітін ақтаған азаматын еске алып, Ұзынағаш ауылындағы бір көше Мүсімхан Қисықовтың атымен атау жайы ойластырылуда. Бұл да азаматқа деген бір құрмет десе болады.
Иә, ол отызында орда бұзды, қырқында қыр асып, қамал алды. Халқына, туған еліне көп еңбек сіңірген, үлгі-өнегенің, биік адамгершіліктің, тәлім-тәрбиенің үлгісі болған аға буын өкілдерінің тұлғасы бүгінгі ұрпақтары үшін әрдайым өнеге болып қала бермек.
Күмісжан БАЙЖАН,
мәдениет қайраткері,
Алматы облысының құрметті азаматы