
Елордада Сирия мәселелерін реттеу бойынша халықаралық келіссөздердің үшінші раунды өтуде. Халықаралық аренада «Астана процесі» деген атауға ие болған келіссөздер барысында Шам еліндегі атысты доғару режімін нығайту, бейбіт халыққа гуманитарлық көмек жеткізу жолдарын жетілдіру, гуманитарлық нысандарды, оның ішінде ЮНЕСКО қорғауына алынған нысандарды минадан тазарту мәселесі сөз болды.
Әдеттегідей «жабық есік» жағдайында өтіп жатқан келіссөздерге Ресей, Иран, Түркия тараптарының делегациялары қатысуда. Байқаушы ретінде Иордания, АҚШ және Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандары келген. Халықаралық жиынның алдын ала жоспарына сәйкес, кеше тараптардың түрлі қайшылықты жағдайларға қатысты өзара пікір алмасуы болды. Негізгі пленарлық отырыс бүгін өтуге тиіс.
Астана процесі 6 жыл бойы соғыс зардабын тартып келе жатқан Сирия халқының бейбіт өмірге деген үмітін қайта оятты. Кешегі алқалы жиыннан кейінгі баспасөз мәслихатында еліміз Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов осылай деді.
– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың толық қолдауымен және тікелей атсалысуымен басталған Сирия мәселелері жөніндегі Астана процесінің үшінші раунды аталған елдегі атысты доғару режімін нығайтуға, сонымен қатар, әскери және гуманитарлық мәселелерді талқылауға бағытталды. Қазақстан бұл дағдарыста бейтарап әрі объективті араағайын болып қала береді. Астана – Сирия бойынша болашақ келіссөздер үшін лайықты орын. Астанада өтетін келіссөздер Сирияда бейбітшілік орнауына үлес қосуы үшін тиісті қажеттіліктермен қамтамасыз етуге әзірміз. Қазақстан бұл мақсатқа қол жеткізу үшін белсенді түрде үлес қосуды жалғастыратын болады. Кепілдік беруші мемлекеттер – Ресей, Түркия және Иранның жоғары лауазымды делегациялары Астана платформасында осыған дейін қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуы барысын талқылап, Сириядағы дағдарысты реттеу бойынша үшжақты өзара іс-қимылды нығайту жолдарын қарастырды. Қазіргі таңда халықаралық қоғамдастық Астана процесіне үлкен сенім артып, қол жеткізілген келісімдерге жоғары баға беруде,– деді А.Камалдинов.
Сыртқы саясат ведомствосы хабарлағандай, басқосу барысында қақтығыс аймағына халықаралық көмек жеткізу, сонымен қатар, Сириядағы ЮНЕСКО қорғауына алған мәдени мұраларды сақтап қалу сынды мәселелер көтерілген.
Кешегі отырыстан кейін Сирия мәселесі бойынша кепіл-мемлекеттер бірлескен мәлімдеме жасады. Оны еліміздің сыртқы саясат ведомствосының өкілі оқып берді. Бұл құжатта:
– Сириядағы азамат соғысын бейбіт жолмен шешудің маңызды екені белгілі. Сондықтан, Женевада өткен келіссөздерден кейін өтіп жатқан Астана процесі өте маңызды. Біз наурыз айында Женевада өтетін келіссөздердің жалғасын табуын қолдайтынымызды білдіреміз. Үшжақты кездесулер жоғары деңгейде өтетіндігін атап өтеміз. Сирия Үкіметі мен Сирия оппозициясының өкілдері, сол сияқты басқа да тараптар, байқаушылар осы отырыстарға шақырылады. Біз жоғары деңгейдегі келесі отырысты Астанада 3-4 мамырда өткізу туралы шешім қабылдадық және 2017 жылдың сәуір айында Тегеранда сарапшылық кеңес өткізу туралы келістік. Сириядағы қақтығыстардың аяқталуы туралы айтуға әлі ерте. Біздің алдымызда күрделі жол бар. Соған қарамастан, біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы терроризммен және экстремизммен күресе аламыз. Осы орайда, Астана процесінің өзіндік тәжірибелік үлес қосатынына сеніміміз мол. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және Қазақстан билігіне кездесулерді өткізуге мүмкіндік туғызғаны үшін алғысымызды білдіреміз,– делінген.
Келіссөздердің үшінші раунды барысында Сирия дағдарысын реттеуге қатысты кепіл-мемлекеттерінің қатарына Иран Ислам Республикасы қосылғаны белгілі болды. Бұл туралы пленарлық отырыстан кейін тараптар өткізген баспасөз мәслихатында айтылды.
– Бүгінгі кеңесте қол жеткізілген өте маңызды нәтижелердің бірі Иран делегациясының кепіл-мемлекеттерің қатарына қосылу туралы келісім құжатына қол қою туралы шешім қабылдағаны болды. Енді Иран Ресей және Түркиямен қатар, қақтығысушы тараптар өз мойындарына алған міндеттемелерді орындауға қатысты кепіл-мемлекеттердің бірі, – деді Ресей Президентінің Сирия мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев.
Кешегі келіссөздер жұмысына Сирияның оппозициялық топтарының делегациясы қатыспағаны белгілі. Аталған делегация Астанаға бүгін келеді, келіссөздер процесіне қатысады деп күтілуде. Бұл туралы елміздің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Әнуар Жайнақов хабарлаған болатын. Сириялық оппозициялық топтар делегациясының келетіні туралы Ресей делегациясының басшысы А.Лаврентьев те айтып өтті.
– Кездесуге қатысушы тараптардың барлығы қақтығыс аймағындағы зорлық-зомбылықтар деңгейінің айтарлықтай төмендегенін қуаттады. Астанадағы келіссөздерге сириялық қарулы оппозиция делегациясының қатыспағанына қарамастан, біз олардың өз ұстанымдарын өзгертетініне үміт артамыз. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, олар таңертең Астанаға келуге тиіс. Осы себепке байланысты, сириялық оппозицияны қызықтыратын мәселелерге қатысты кең ауқымды консультация өткізу үшін Ресей, Түркия және Иран делегацияларының бір бөлігін Астанада қалдырамыз,– деді ол. Осылайша, Сирия оппозициясының делегациясы келеді деп күтілуіне байланысты, Астана процесінің үшінші раунды бір күнге ұзартылды, яғни «жабық есік» жағдайындағы жиын бүгін де жалғасатын болады.
Астана процесінің алғашқы раунды Ресей, Түркия және Иран елдерінің ұсынысымен, Қазақстан тарапының қолдауымен 23-24 қаңтар күндері елордада өткені мәлім. Аса маңызды халықаралық форумның екінші раунды 16-17 ақпанда өткен болатын. Жалпы, халықаралық саясатта «Астана процесі» деген атауға ие болған алқалы жиынға Қазақстан тарапы тиісті алаң ұсынумен шектеледі. Еліміздің Сирия қақтығысына қатысты бейтарап ұстанымын сыртқы саясат ведомствосы бұған дейін айқын аңғартқаны белгілі. Ресми Астананың ұстанымы – алты жылға тарта уақыттан бері түйіні тарқатылмаған мәселенің бейбіт жолмен шешілуіне, тараптардың бітімге келуіне, сол арқылы бейбіт халықтың азап шегуін тоқтатуға үлес қосу. Осы арқылы Қазақстан халықаралық аренада мәмілегер ел ретінде де беделін биіктеткені анық.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»