
Алғашқы секундта-ақ екі жыл бойы жан алып, жан беріскен жанкешті жаттығуда бапкерінің құлағына құйған ақыл-кеңесі ұмыт болған. Қым-қуыт ақыл айтқан, ышқына нұсқау берген,
атойлап ұран шақырған ұлы дүрмек, айғай-шу есін шығарып жіберді. Ендігі бар мақсат, ынта-жігер қарсыласын қақырата соғу ғана еді. Әттең, оған Жақсы ауданынан келген, қыз
баладан гөрі ер балаға көбірек ұқсайтын қақпақ жауырынды, жарлауыт қабағының астымен жылаң көзі сығырайып қарайтын төртбақ сары қыз жіберетін емес.
Алғашқы раунд бірін-бірі аңдыған, арбасқан, тап беріп тайталасқанымен діттеген жеріне екеуі де жете алмаған тепе-тең жағдайда өтті. Қиыны екінші раунд болды. Әп дегенде сары қыздың шойын жұдырығы дәл кеудеден тимесі бар ма. Бұл талмаусырап, дем ала алмай қалды. Бар күшін алғашқы екі минутта сарқа жұмсағаннан кейін бе екен, аяқтары да қорғасын байлап қойғандай қозғалуы қиындап, қос білектен әл кетіп, дәу қолғап киген нәзік қолдарын көтеріп қорғаныста тұрудың өзі мұң бола бастады.
Сары қыз сәл тапалдау. Оның үстіне қолы да қысқа. Мұның мүмкіндігі молдау. Самайдан құйылған ащы тер қос жанарын ашытып, рингтегі қарсыласы былай тұрсын төңіректегі қара аспанды айналдырып, қара жерге түсірердей ышқына айғайлаған желөкпе жұртты көруден де қалды. Оң қолын сәл түсіре бергені сол еді шойындай жұдырық дәл иегінің астынан сарт ете түсті. Одан арғысы бұлыңғыр дүние. Жұмыр жер, жұмсақ ринг аяғының астынан қашып бара жатқандай. Таяныш, тірек болатын ештеңе жоқ. Әуелі жамбастай жығылған. Содан соң бір аунап түсті.
Есін дәрігер келіншек мүсәтір иіскеткенде ғана жиды. Құрбыларының жұбатқан, жанашыр сөздерінің бірі құлағына кірсе, екіншісі кірген жоқ. Көз алдындағы кіреуке тұман айықпай тұрып алды. Басына жаны ашымас әлдекім зілдей қылып қорғасын құйып тастағандай...
Әсемнің рингке шыққанының соңғысы осы болды. Одан кейінгі көп күндері дәрігерге қаралумен, миына келген зақымды емдеп, сырқаттан арылар жол іздеумен өтті.
Осы бір бокс Әсемге керек пе еді?! Оның орнына көркем гимнастикамен айналысқанда талдырмаш денесі тал шыбықтай бұралып, саздаққа біткен құрақтай құлпырып, жайқалып өспес пе еді?
Медицина саласында ұзақ жыл еңбек еткен білікті дәрігер Мәруар Жұрын қыздардың бокс, шығыс жекпе-жектері, ауыр атлетика тәрізді спорт түрлерімен айналысуын құптамайтындығын ашық айтып отыр.
– Қыздар үшін айналысамын десе, өзге де қауіп-қатері аз, зияны жоқ спорт түрлері толып жатқан жоқ па? Дене бітімі дұрыс жетілу үшін, ағзаның түзу қалыптасуы үшін айналысқыңыз келсе, көркем гимнастика, би тәрізді спорт түрлері толып жатыр ғой. Ал бокс, шығыс жекпе-жектері тәрізді спорт түрлерімен айналысу нәзік жандылардың тіпті де қолы емес. Ағзаға түскен салмақ денсаулыққа әсер ететіндігі даусыз. Алғашында етқызумен, жастық жалынмен аңғармай жүре беруі мүмкін. Бірақ, уақыт өте келе әлгі зардап әйтеуір бір шығады. Оны күнделікті жұмыс барысында көріп жүрміз. Сондықтан, мен өз басым дәрігер ретінде де, ана ретінде де қыз балалардың жұдырықтасумен айналысуын дұрыс деп есептемеймін.
Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты, білікті дәрігер Мәруар Жұрын ойын әрі қарай былайша сабақтады:
– Сол қыз балалармен сөйлесіп көрсең, ең басты себебі еліктеу екендігін аңғаруға болады. Сондай-ақ, өздерін-өздері қорғаймыз дегенді де айтады. Соншалықты қыз балалар өздерін әлдекімнен қорғауға дайындалатындай ел шетіне жау келіп тұрған жоқ қой. Қолаң шашты қорғау – азаматтың ісі. Есте жоқ ескі кезеңде ұлтымыздың тарихында қолына қылыш, найза ұстап жауға шапқан әйелдер болған. Күні кешегі Мәншүк пен Әлияның да есімін пір тұтамыз, құрметтейміз. Бірақ, ол заман басқа заман. Ел басына күн туғанда нәзік жандылар да азаматтармен бірге басқыншы жаумен арыстандай арпалысуына тура келген. Оның бәрі мәжбүрліктен. Қазіргі заман мүлде басқа. Біз қазір зайырлы, құқықтық мемлекет құрып жатырмыз. Сүттей ұйыған бірлік, ізгілікпен астасқан ынтымақ бар. Ендеше, неліктен он екіде бір гүлі ашылмаған біздің қыздарымыз көзге көрінбейтін әлдебір кесапаттан қорғану үшін денсаулықтарын құртуы керек?
Әсемнің басындағы қайғылы оқиғаны зерттеп, мәселені жан-жағынан алып қарастырған біз психолог мамандардың да пікіріне жүгіндік.
– Қыз балалар спорттың қатыгез түрлерімен айналысқаннан кейін олардың бойында, мінезінде қаталдық, шалт шешім қабылдайтын асығыстық белең алып, тіпті жанашырлық, ізгілік іздері кеміп, керісінше, безбүйректік пайда бола бастайды, – дейді психолог Жанбота Әбдірахманова.
Онан соң, қыз балалар тұрмысқа шыққаннан кейін олардың отбасында ерімен қарым-қатынасы да өзгеше қалыптасады. Олар ер адамнан үстем болуға тырысады. Күні ертең сәбилі болып, кішкентайын тәрбиелегенде де кешегі қатыгез спорттың қанға сіңген қағидалары менмұндалап тұрады. Аялы алақанның орнына жылдар бойы құм салған қапшықты ұрған тас жұдырық та жүріп кетуі мүмкін. Кейбір тәжірибелерге қарағанда спорттың бұл түрімен айналысқан қыз балалардың бойында түрлі ауытқулар болатыны да шындық. Демек, дәрігерлердің айтып отырғанындай денсаулыққа зиян келуі бір басқа, оның отбасылық өмірінде, өмірге әкелген сәбиін тәрбиеленуінде анаға тән мейірім азая береді. Спортшы өзінің денсаулығын ғана құртып қоймай, отбасының бірлігіне, ұрпағының тәрбиесіне залалын тигізеді.
– Соңғы уақытта қыз балалардың бокспен айналысуы біршама көбейіп келеді, – дейді бокс жаттықтырушысы Абзал Балтакескенов. – Менің әріптестерімнің үйірмелерінде қолдарына қолғап киіп, бокс залдарында жаттығып, тер төгіп, түрлі жарыстарға қатысып жүрген сандаған қыздар бар. Аудандардағы бокс үйірмелерінде де соңғы жылдары спорттың осы түріне қыздардың қызығушылығы артып келеді. Шалғайдағы Жақсы ауданының боксшы қыздары облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орын алып жүр. Кез келген спорт спортшы үшін мінез-құлқын шыңдауға, азамат ретінде қалыптасуына, денсаулығын нығайтуына орасан зор ықпал етеді дей тұрғанымызбен, өз басым бокс жаттықтырушысы ретінде қыз балалардың спорттың бұл түрімен айналысқанын дұрыс деп есептемеймін. Шын мәнісінде, кез келген спорт егер дұрыс айналыспаса, ережелерді дұрыс сақтамаса, адам үшін, оның денсаулығы үшін зиянды әрі қауіпті болып есептеледі. Айталық, велосипед спорты. Сағатына ондаған шақырым жылдамдықпен зымырап келе жатып, жазатайым құлап қалуы мүмкін бе? Әрине, мүмкін. Тас жолдың үстінде тәйкеңнен түссең, денсаулығыңа зиян келуі мүмкін бе? Әрине, мүмкін. Жеңіл атлетикада, көркем гимнастикада бәрі солай. Ал бокс – қыздар түгіл жігіттердің өзі айналысуға белін буа бермейтін өнер. Жаттығу сайын, жарыс сайын ішіне, басына зілбатпан соққы тие берсе, денсаулығынан не қалады?
Кешегі кеңес өкіметінің үстінен құс ұшып өте алмайтын шекарасы айқара ашылғаннан кейін шет елдің, оның ішінде іргедегі Қытайдың мазмұн-мағынадан ада, өне бойы адам мүмкіндігінен тыс, қиял-ғажайып кинофильмдері қаптап кетті. Қазіргі жастар Алпамыс пен Қобыланды батырларды естіп-көрген жоқ. Керісінше, олардың әрқайсысы Брюс Ли мен Жан Клод Ван Дам болғысы келеді. Қыздар да солай.
– Шығыс жекпе-жектерімен айналысатын қыздар аз емес, – дейді қара белбеулі каратэші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әлімжан Молдағалиев. – Шығыс жекпе-жектерінің кей түрлері шабуыл жасау үшін емес, қорғаныс үшін пайда болған. Оның философиялық ілімі, ізгілік тұстары аз емес. Шынайы мықты адам, тылсым сырын терең меңгерген спортшы ешқашан өзгеге шабуыл жасамайды. Жапондықтардың жекпе-жек өнерінің сырларын қымтап, көлегейлеп, көлденең көз, сырт адамнан сақтауы да сондықтан ғой. Қара ниетті адамдар үйренсе, әрине, қасірет. Ал біз жастарды алғашқы күннен бастап тәрбиелейміз. Әзірге бізден тәлім-тәрбие алған спортшылардың былайғы жұртқа қиянат жасағандары жоқ. Өз басым дәл осы сұраққа айқын жауап беруге қиналып тұрмын. Меніңше, өздерін-өздері қысылтаяң кезеңде қорғау үшін айналысқандары да дұрыс сияқты көрінеді. Өзін, отбасын, ұрпағын қорғау үшін. Қай қоғамда болсын кездейсоқ оқиға кездесіп жатады емес пе? Сондай кезде қызымыз болсын, ұлымыз болсын әділет үшін арпалысып, ар-намысын қорғаса, оның несі айып?!
Бокс адам денсаулығына қауіпті ме? Осы сауалымызды көкшетаулық белгілі бокс жаттықтырушысы Александр Упатовқа да қойдық.
– Он боксшы бір жерде отырған екен, – дейді ол. – Сен қойған сауалды әлгі боксшыларға әлдебіреу қойса керек. Ішінен біреуі: «Әрине, қауіпті», деп жауап беріпті.
– Қалған тоғызы не депті? – деп сұрадым мен.
– Қалған тоғызы ма? Олар сұрақты түсінбепті.
Бір тақырыпқа сан түрлі көзқарас, сан алуан ой айтуға болады. Мәселені қаузай келе дәрігердің, психологтің, тіпті, бокс жаттықтырушысының өзі қыз балалардың қатыгез спортпен айналысқандарын қаламайтындығын айқын аңғардық. Сіз не дейсіз, қадірлі оқырман?!
Байқал БАЙӘДІЛОВ
КӨКШЕТАУ