
Ақылдың толысуы мен сананың жетілуі нәтижесінде адам миының жаңа табыстары адамзат өмірін электронды технологияның жаңа жетістіктеріне алып келді. Жаңа жетістіктің шыңы – цифрлы өркениет. Осы үдерістен жаһанның бірде-бір елі тыс қала алмайды. Алға нық қадам жасауды біздің еліміз де бастап кеткен. Оның дәлелін алыстан іздемей, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазіргі өркениетті қадамдарын мысалға келтірсем де жеткілікті болар деймін.
Бүгінде әлем халқы Төртінші өнеркәсіптік төңкерістің ерекшеліктеріне жете мән беріп, болашақтағы адамзат рөліне жаңаша көзқараспен қарай бастады. Осы жаңа көзқарастар мен ғылыми жаңалықтар тоғысы нәтижесінде бүгінде «ақылды ел» деген тіркес жиі айтылатын болды. Шындығында, бұл тіркес адамзат ойына бүгін ғана түскен жоқ, ондай ұғымның өмірге енуі әлемнің екінші ұстазы – Әбу Насыр әл-Фарабиден басталады. Ол осыдан мың жылдан астам бұрын «ізгі қала», «қайырымды қала» деген түсінікті ғылыми айналымға қосқан болатын. Содан бері бұл тіркес өз мәнін жоғалтпаған күйі бүгінгі өркениеттің жаңа бастамаларына дейін келіп, енді «ақылды қала», «ақылды халық», «ақылды қоғам», «ақылды әлем» деген ұғымдармен ұштасып отыр. Осыларға сабақтаса енді қазақстандықтардың ғана емес, бүкіл әлемнің назарын аударған «Цифрлы Қазақстан» деген жаңа тіркес өмірге енді. Оны енгізген еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
«Кампус» деген сөзді ағылшын тілінен аударсаң, «лагерь», ал латын тілінен аударсаң, «жазық», «алаң» деген мағыналарды береді. Қазіргі баламасы «оқу орнының аумағы» деген ұғымды иеленген. Біз осы соңғы ұғымды иеленген «кампус» туралы айтпақпыз. Яғни, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қалашығы туралы сөз етеміз. Жай қалашық емес, электронды қалашық жөнінде, әрине. «Электронды қалашық» деген мәліметтерді дамыған ғаламторлық ағын арқылы жеткізудің ақпараттық-қатысымдық орталығы деп те түсінуге болады, сондай-ақ ақпараттық технология ресурстары және ақпараттық технологияның ішкі құрылымдық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жалпыға ортақ бір нүкте арқылы қызмет көрсету түрлерін пайдалану кешені деп те қабылдауға болады. Университетімізде бұған дейін қолданылып келген бір арнаға тоғысатын компьютерлік желілерді, сондай-ақ, «жасыл технология» бойынша құрылған компьютерлік сыныптарды ақпараттық технологияның ең озық үлгілерімен жетілдіру арқылы электронды кампустың мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру қолға алынған.
Электронды кампустың көп атқарымды моделін қолдану және дамыту, айналып келгенде, студенттердің заманауи талаптарға сай виртуалды кеңістікте білім алуы мен тәрбиеленуіне, қызметкерлердің еселі еңбек етуіне, сонымен бірге оқыту мен ғылыми зерттеу ісімен айналысатын барлық тұтынушыларға сапалы ақпараттық қызмет көрсету мәдениетін қалыптастыруға орасан ықпал ететіні сөзсіз. Мұның өзі бүгінгі күннің талаптарына толық жауап беретін білікті де құзыретті мамандар даярлап шығарудың өркениетті іргетасы саналады. Электронды кампусын сонау 1963 жылы физика-математика факультеті жанынан Есептеу машиналары зертханасын аша бастағаннан қолға алған университет Есептеу орталығы, одан кейін Компьютерлік орталық деңгейіне көтерілген бұл құрылымды заманауи талаптарға жауап беру мақсатында осыдан бірнеше жыл бұрын Ақпараттық технологиялар және инновациялық даму институты деп ірілендірген. Осы институт шын мәнінде қазіргі өркениеттік таным мен талғамға сай ерен істерді жүзеге асырып келеді. Соның бір дәлелі – біз сөз етіп отырған «Е-campus», яғни «Электронды кампус» жобасының жүзеге асуы. Бұл – университетіміздің Президент нұсқап отырған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын орындауға толық әзір екендігін дәлелдейді.
Осыдан екі жыл бұрын Сингапур мемлекеті «Ақылды халық» деген бағдарлама қабылдағанда электронды технологияның ең озық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, халықтың қауіпсіздігі мен тыныш та ыңғайлы өмір сүруін қамтамасыз етуді қолға алған болатын. «Виртуал Сингапур» жобасын іске қосқанда әр жерге орнатылған бейнекамералар көмегімен қаланың кез келген тұрғыны онлайн карта арқылы қай жерде не бар екенін көріп отыру мүмкіндігіне ие болған. Бұл үрдіс бізде де осыдан бірнеше жыл бұрын басталған еді. Орнатылған бейнекамералар арқылы дәрісханадағы оқу үдерісінің барысын немесе дәліздердегі адамдардың жүріп-тұру әдебі мен мәдениетін, ортаның тыныштығы мен тазалығын көріп отырасыз.
Сондай-ақ, студент оқу ғимаратына арнайы IT-картасымен турникет арқылы өтеді. Оның қай сағатта, қай минутта өткені карта арқылы ғана емес, бейнекамера арқылы да жазылып отырады. Егер ол студентке мұғалім «Универ» жүйесіндегі тізімде «келген жоқ» деген белгі қоймаса, бәрібір, турникетпен тікелей жалғасқан Жағдаяттық басқару орталығы оның келмегенін жадына сақтап қояды. Осы Жағдаяттық басқару орталығындағы мәліметтер бойынша 38 сағат сабаққа себепсіз қатыспаған студентке оқудан шығарылатыны жөнінде құлақтандыру келеді. Сондықтан да студент сабақтан қалмауға тырысады, мұғалім келмеген студентке «келді» деген белгі қоймайды. Сөйтіп, бұл технология студенттердің сабаққа үздіксіз қатысуына да, тұрақты әрі тиянақты білім алуына да зор ықпал етеді. Студентке қатысты барлық дерек пен мағлұмат осы Жағдаяттық басқару орталығындағы цифрлы технология бойынша жасалған жүйелерде сақталады. Кез келген ата-ана баласының қалай білім алып, қандай тәрбие-тағылым жинап жатқанын білгісі келсе, осы орталықтан қолма-қол алуына мүмкіндігі бар. Кіреберісте тұрған сенсорлы үстел.
Қалашықты цифрлы деп атауға негіз болатын тағы бір жетістігіміз бар. Ол – Орталық Азияда теңдесі жоқ әл-Фараби ғылыми кітапханасындағы «Kirtas Kabis III» деп аталатын цифрлы-электронды машина. 2009 жылы алғаш Америкада шығарылған. Ол – «Bookscan Editor» бағдарламасы бойынша 177 тілді анық тани алады, сол тілдердегі мәтіндерді пішіндейді, көшіріп алады, түзейді және минутына 30-35 бетке, ал сағатына 3000 бетке көбейтеді. Қолыңыздағы жалғыз дана кітаптың, өте сирек кездесетін қолжазбаның, құжаттың, суреттің, фотоның электронды нұсқасын әп-сәтте жасайды да JPEG, TIFF, PDF форматтарына көшіріп, өзіңізге керекті пішімде сақтап береді. Бұл электронды көшірме нұсқаны CD дискіге де ауыстырады және қажетті сайттарға да бірден жібере алады.
Цифрлы машиналардың тағы бір түрі «Қазақ университеті» баспа үйінің баспаханасында жұмыс істеп тұр. Ол – Konika Minolta компаниясының «bizhub» маркалы көбейткіш аппараттары. Бұл аппараттар ең алдымен энергия үнемдегіштігімен ерекшеленеді. Автоматты түрде электр қуатын белгілі бір уақытқа азайтады және қажетті мерзімге тоқтата алады. Сөйтіп, адамның көмегінсіз-ақ өз қуатын өзі үнемдейді. Бағдарланған уақытта қайтадан автоматты түрде іске қосылады. Бұл үдеріс ENERGY STAR бағдарламасы бойынша жүзеге асады. Бұл аппараттардың атқаратын қызметтері жетерлік. Ең бастысы, бұлар экологиялық талаптарға сай жасалған: шаңдатпайды, иіс шығармайды, қоқыс болмайды, дыбысы білінбейді, тап-таза ортада ғана берілген бағдарламаларға сай жұмыс істейді. Аппарат түпнұсқаны көлемі мен пішіміне қарай минутына түрлі-түстісін – 100-150, ал бір түстісін 200-300 данаға дейін шығарады.
«Цифрлы қалашық» деп атауға негіз болатын өзге де жетістіктерді айтпай кетуге болмас. Қалашығымыздағы «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында цифрлы технология пайдаланылады. Айталық, студентке бір анықтама керек болса, ол алтын уақытын кетіріп, қаланың өзге жерінен іздемейді, өзі оқып жүрген қалашықтағы «Кереметке» келеді. Келеді де куәлігін көрсетеді. Кәдімгі қаладағы халыққа қызмет көрсету орталықтарындағыдай, бір ғана терминалдан оқып жүргендігі жөнінде, мекенжайы туралы, отбасылық жағдайына қатысты, үйінің бар-жоғы хақында және өзге де қажетті құжаттарын шығарып алады.
Оқу үдерісіне қатысты кейбір мағлұмат қажет бола қалса, студент осы «Кереметтегі» басқа залға келеді де жеке тұрған терминалдағы өзінің оқып жүрген факультеті жазылған түймені басады...
Қысқасы, осындай цифрлы аппараттармен және электронды жүйелермен жұмыс істеуге көшкен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қалашығын «цифрлы қалашық» деп атауға әбден болады.
Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
журналистика факультетінің деканы