
Патрульдік-күзет – еліміздегі Ұлттық ұлан бөлімшесіне қарайтын қызмет түрі. Олар қаламыздағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Мәселен, №6655 әскери бөліміндегі
жедел мақсаттағы батальонының жауынгерлері полиция қызметкерлерімен бірге ақтөбеліктердің тыныш өмірі үшін қызмет атқарады. Олардың әр күні түрлі оқиғаларға толы.
Осы күнге дейін әскери жасақ көшелер мен қоғамдық орындарда аса ауыр қылмыстарға жол бермеді. Бұған тәртіп сақшылары мен әскери жасақ құрамының нәтижелі қызметі дәлел. Жеке құрам тартылатын аймақтағы қылмыстық ахуал жауынгерлерді қажыта алмайды. Өйткені, олар өз елінің нағыз патриоты ретінде әскери борыштарына қашан да адал қарайды.
Жедел мақсаттағы батальон жауынгерлерінің патрульдік күзет қызметі күнделікті сағат 16.30-да арнайы киім мен қажетті жабдықтарды алудан басталады. Сағат 17.00-де нұсқау алған жасақ әскери қызметтеріне кіріседі.
Әскери құрам алдын ала белгіленген маршруттарға бөлінеді. Біз де солардың бірі – лейтенант Ерасыл Ықтыбаевтың взводымен бірге кезекшілікке шықтық. Қызметтік «ГАЗель» көлігіне мінген әскерилер шаһар көшелерін «барлауға» алды. Көліктегі рация қаланың өзге аудандарында орын алған құқық бұзушылықтар туралы үздіксіз баяндауда. Жұмыс барысында көшеде спиртті ішімдік ішіп отырған ер-азаматтарға жолықтық. Өздеріне жақындаған патрульдік күзетті көрген бойда олар қараларын батырып үлгерді.
Бірақ қатардағы сарбаздар Арман Жолдасбеков пен Александр Шкода әлгі ащы суға еліткен тәртіп бұзушыларды қуып жетіп, қолға түсірді. Оларға тәртіп сақшылары әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырды.
Бұдан кейін әскери жасақпен бірге қаладағы автобекетке бағыт алдық. Осы мезетте «Шығыс» базары маңында екі жігіттің жанжалдасып қалғаны туралы хабар түсті. Әскери жасақпен сол жаққа аттандық. Масайып алған екеудің жанжалы, расымен де, шектен шығып кетіпті. Олар полиция бекетіне жеткізілді.
Ал кешкісін қаладағы түнгі клубтардың бірінен шыққан шу да әскери жасақтың көмегімен реттелді. Бұл жерде де ішімдікке масайған жастар дөрекілік танытып, айналасындағы адамдарды балағаттаған. Қоғамдық тәртіпті бұзған жігіттер Ақтөбе қалалық ішкі істер басқармасына жеткізіліп, оларға әкімшілік хаттама толтырылды.
Уақыт түнгі 22.30-ға таяғанда қоғамдық тәртіпті бұзған тағы бір мас жігіт назарға ілікті. Нұсқау бойынша әрекет еткен сарбаздар бұл оқиға туралы кезекшіге хабарлады. Әскери қызметкерлерден қашпақ болған бұзықты жөнге салған жасақ оны сол аудандағы учаскелік бекетке жеткізді. Жұрттың тыныштығын бұзған жастың қалтасын тексеру кезінде пышақ табылды. Демек, әскери жасақ оның қандай да бір қателікке ұрынбауына тосқауыл болды деген сөз.
– Қалалықтар мәдениетті жүріп-тұруға әдеттеніп келеді. Екі жыл бұрын адамдар көшеге қоқыс, басқа да қалдықтарды жиі тастайтын. Ал қазір мұндай тәртіпсіздік тыйылды. Оның үстіне, қазір азаматтар қоғамдық орында темекі шекпейді. Көше қылмысы азая түскен. Осындай жетістіктерге полиция қызметімен бірге біз де өз үлесімізді қосудамыз, – дейді 6655 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы 2-рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, лейтенант Ерасыл Ықтыбаев.
– Біздің жігіттер қызметтік міндеттерін орындауда әркез қырағылық танытады. Патрульдік күзет қызметіне тәртіпті, жауапты әскерилер қабылданады. Сарбаздар бос уақыттарында әскери жарғыны қолға алып, Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерді, күзет қызметкерлерінің міндеттерін оқиды. Бөлімшелердің командирлері әрдайым оларға қызмет кезінде қоғамдық орындарда өзін қалай ұстау керектігін үйретеді. Айта кетерлігі, біз қалалық және облыстық ішкі істер органдары басшылығымен тығыз байланыстамыз, – деді 6655 әскери бөлімінің командирі, подполковник Еркін Жаңабергенов.
Ерболат СҰЛТАНОВ,
подполковник
АҚТӨБЕ