
Халық ақыл-ой, білімнің молдығын, кең өрістілігін бойына дарытқан, сол ақыл-ой жеткен өреге сүйене отырып, келешекті болжап ой қорытатын, түйін жасайтын, ғылымның келер көкжиегінің жетер жерін пайымдайтын ой-тұжырымы бар парасатты адамдарды кемеңгер деп атайды екен. адам ақыл-ойы мен іс-әрекетінің жоғары дәрежесіне көтерілген осындай тұлғалардың бірі – ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Парасат орденінің иегері – Кеңес Нұрпейісов.
Кеңес Нұрпейісұлы азамат, ғалым, ұстаз, тұлға деңгейіне бірден жеткен жоқ. Ол 1935 жылдың 15 наурызында Алматы облысының, Райымбек ауданына қарасты «Солтүстік Тянь-Шаньның інжу-маржаны» аталған жұмақ мекен – Көлсай көлінің етегіндегі, Күнгей Алатауының қойнауына орналасқан Саты ауылында дүниеге келді. Анасынан бір жасында айырылып, көп ұзамай әкесін «халық жауы» деп ұстап, қамауға алып, соттап жібереді. Анасынан ерте айырылу мен әкесінен тірідей көз жазып қалу қай балаға да ауыр тиері сөзсіз. «Әкем оралар...» деген үкілі үмітпен Қарабұлақтағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Бірақ әкесі ату жазасына кесіліп кете барады. Халық басына түскен қайғы қазақты шыр айналдырды. Ел енді есін жия бастағанда соғыс басталды. Жұрт басына түскен қайғы болашақ ғалымды да айналып өтпеді. Жетімдікпен ұласқан балалық шақ Ұлы Отан соғысы кезеңіне тап келіп, сол кездегі қазақ балаларының тағдырымен ұласып кетті. Соғыс бітіп, ел есін жинай бастаған тұста әкесінің қарындасы мен жездесі бала Кеңесті жетімдер үйінен алып, бауырларына басты. Қиындықтың құрсауынан арылған баланың азамат болып қалыптасуы алдымен жердің киелілігінен дарыса, одан кейін Тұрлыхан әпкесі мен Нұрбек жездесімен тікелей байланысты. Себебі, бұл жандар болашақ ғалымның нағыз ата-аналарына айналған еді.
Шығыстың ғұламасы атанған әл-Фараби: «Ақыл-парасат күші – адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнерді ұғынуына және жақсы қылық пен жаман қылықты айыруына көмектесетін күш», деген екен. Кеңес Нұрпейісұлы да өзінің ақыл-парасатымен оқу-білімге, ғылымға ерте кезден араласты. Университет қабырғасында білім алып жүрген кездерден бастап, қай жағынан болсын, белсенділік танытып, ұстаздарының назарын өзіне аудара білді. Болашақ ғалымның осы бір қасиеті қазақ ғылымының негізін салған Қаныш Сәтбаевтың: «ғалымға азық берер қайнар көзі кітап бетімен, лаборатория аумағымен ғана шектелмейді, өмірді танумен, еңбек адамының жасампаз ісін танумен кең өрісін табады», – деген қанатты тұжырымдамасымен дәлелдене түсті. Дипломды үздік бағаға қорғап, өзі білім алған университетте оқытушылық қызметке қабылданып, кейін Қазақ КСР Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтына кіші ғылыми қызметкер болып қабылданған кезеңдер «ғылым майданының қатардағы жауынгері» үшін алғашқы қадамдар болды. 500-ге тарта ғылыми еңбектің, 20-дан аса монография мен көптеген оқулықтардың авторы атанды.
Ұлт болашағы үшін күресу жолында құрбан болған, тарих-теңіздің зынданына тасталған ғажап меруерт-маржандарды ерінбей-жалықпай, аса мұқияттылықпен зерттеп, зерделеп теңіз бетіне алып шыққан бірден-бір алаштанушы ғалым атанды. Алаш көсемі атанған Әлихан Бөкейхановтан бастап, қазақтың тілі мен әдебиетін ғылыми негізге салған ғұлама ғалым, ұлт қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы, Алаш болашағы үшін күрескен Әлімхан Ермеков, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Ораз Жандосов, Міржақып Дулатов сынды саяси қуғын-сүргін құрбандарының еңбектерін мұрағат беттерінен тауып, жинастырып, жариялап, олардың ақталуына өз үлесін қосты. Ғалымның «Алаш һәм Алашорда» еңбегі – осындай тынымсыз ізденістің жемісі.
Й.В.Гете: «Адамның шын мәнісіндегі нағыз артықшылығы ғылымда», – деген екен. Ол тек үнемі оқу, іздену, талпыну, тану, өмір мектебінен өту арқылы ғана академик, «Алтын адам» дәрежесіне дейін көтерілді.
Кеңес Нұрпейісұлы ғалым ғана емес, ол – өзінің мектебін қалыптастырған, қазақ елінің тамаша ғалымдарын тәрбиелеген ұстаз. Әл-Фарабидің айтуынша, ол – «жара-
тылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, еш нәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек» ұстаз болды. Ғылымды күшті меңгерген және оны сүйетін ұстаз ғана өз шәкірттерінің бәріне жемісті ықпал жасайды дегендей, ғалымның ғылыми жетекшілігімен тәрбиеленген шәкірттері – ғылым кандидаттары мен докторлары қазіргі таңда еліміздің түрлі салаларында қызмет етіп, тарих ғылымының дамуына өз үлестерін қосуда.
«Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде, ол мақсат тек кездейсоқ рахат үшін емес, шынайы игілік үшін бағытталуында, адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, ізгілікке бағыттап отыруында», – деген екен әл-Фараби. Кеңес Нұрпейісұлы да өзінің жан-дүниесіне дарыған тамаша парасаттылығы мен адамгершілік ізгі қасиеттерінің арқасында биік тұлғаға айналды. Оның барлық жасаған еңбектерінің, қолына шырақ алып іздеген сұрақтарының дәлелі, қорытқан пайымдары мен тұжырымдары тек қана ел игілігі үшін жасалды. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіндегі Қазақстан тарихы кафедрасының қалыптасып, дамуына үлес қосушы еңбекқорлығы, сонымен қатар, қоғам өміріндегі маңызды мәселелерді көтеріп, баспасөз беттерінде үзбей жарияланып тұрған сүбелі ойлары ғалым һәм қоғам қайраткерінің тұлғасын айқындай түсті.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.): «Кімде-кім білім жолына түссе, Алла тағала оған жұмаққа барар жолды жеңілдетеді. Періштелер де білім алушының талабына дән риза болып, аяғының астына қанаттарын жайып, ізет көрсетеді. Сондай-ақ, жеті қабат аспан мен жердегі барлық жаратылыс атаулы, тіпті, судағы алып балықтар да шынайы ғалым үшін Алладан жарылқау тілейді. Ғалымның білімсіз діндардан артықшылығы толған айдың өзге ұсақ жұлдыздардан артықшылығы секілді. Расында, шынайы ғалымдар – пайғамбарлардың мұрагерлері. Шынтуайтында, пайғамбарлар мұра ретінде динар мен дирхам емес, тек қана ілім қалдырды. Кімде-кім сол ілімнен сусындаса, мол несібеге кенелгені», − деген екен. Расымен де, артына мол ілім қалдырған ғұлама ғалым Алланың жерге жіберген елшілері – пайғамбарлардың мұрагері іспетті.
Ғалымның туғанына 75 жыл толуына орай, артында қалған мұрасын, ол туралы айтылған естеліктерді жинақтап «Алаш ақиқаты», «Алаштұлғалы» деген атпен академиктің шәкірті, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Талдыбек Әліұлы жарыққа шығарған еді. Бүгінде ғалымның туған күніне орай, Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада кітапхана басшысы, педагогика ғылымының докторы Үмітхан Мұңалбаеваның бастамасымен ғалымның ғұмыр бойы жинаған кітап қорын жаңғыртып, академик Кеңес Нұрпейісұлы атындағы ғалымдар залының ашылуына дайындық жүріп жатыр. Жаңа бастама жалғасын тауып, білім-ғылыммен сусындаймын деген жас ұрпақ кемеңгерліктің шыңына көтерілген тұлғаның жинаған кітап қорымен танысып, керегін алары сөзсіз.
Бойына адам баласына берілген бар тамаша, ғажап қасиеттерді жинаған, ғылымды халық пайдасына жұмсаған, ұстаз деген ұлы қасиетті атқа ие болған халқымыздың біртуар Алаштұлғалы азаматы – Кеңес Нұрпейісұлы кемеңгерліктің меруертіндей ғылым мен білім көгінде мәңгі жарқырап тұрары сөзсіз.
Әлия Бияздықова,
PhD доктор,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы
Қазақстан тарихы және әлеуметтік ғылымдар кафедрасының аға оқытушысы