
VII Азаматтық форумның негізгі ережелерін жүзеге асыруда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының алаңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша азаматтық бастамалардың І Конгресі өтті, деп жазады strategy2050.kz.
Іс-шараны өткізуге мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының белсенді жақтастары – Қазақстанның Азаматтық Альянсы, «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа-орталығы бастамашы болды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аталған бастамаға және іс-шараны ұйымдастыруға қолдау білдірді.
Одан бөлек, Агенттік Азаматтық Альянспен, Қазақстанның кәсіподақтар федерациясымен және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа-орталығымен бірлесіп 5 жобаны жүзеге асыру жоспарланған:
- «құпия сатып алушы» әдісімен қоғамдық аудит;
- мемлекеттік қызметте мүдделер қақтығысын қарастыру;
- сатып алынатын қызметтер және тауарлардың дәлелденген бағаларына мемлекеттік сатып алуларды мониторингтеу;
- еңбек ұжымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы насихат және сыбайлас жемқорлық қатерлерін талдау;
- «Жолдарда» сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша 10 қадам».
Жалпы, конгрестің қатысушылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа бастамаларды жоғары бағалап, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру бойынша ынтымақтастыққа дайын екендіктерін жеткізді.