
Жүз жылға жуық тарихы бар басылымдағы тәжірибені жас журналистермен бөлісіп, ақпарат саласына білікті мамандар дайындауға үлес қосуды көздеген жобада әр курс үш ай уақытты қамтиды. Аптасына бір рет болатын дәрісті басылым қызметкерлерінен бөлек арнайы спикерлер де жүргізеді. Студенттер білікті мамандардың дәрісін тыңдай отырып, мақала жазу, хат қорытудан бастап, басылымның баспаханадан шығуына дейінгі процесімен жан-жақты танысады. Сабақтар бойынша танымдық мақала, эссе және сараптамалық материал жазған белсенді қатысушыларға курс аяқталған кезде арнайы сертификаттар табысталады.
Алғашқы маусымда тақырып таңдау, тақырып қою, зерттеу мақаласын жазу, сараптамалық мақала жазу, мәтінді өңдеу, сұхбат алу, фотожурналистика, беттеу секілді тақырыптар қамтылады.
«Егемен академиясы» үздіксіз қызмет етеді. Оның шаралары Egemen.kz сайтында және әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетіледі.
Бүгінгі тақырып – «Баспасөзге кіріспе». Академияның алғашқы дәрісін бас басылым басшысы Дархан Қыдырәлі жүргізеді.
Уақыты: 2018 жылы 29 наурыз, сағат 17:00-де.
Сайт: www.egemen.academy
e-mail: academy@egemen.kz