– Аты аңызға айналған Жамбыл мен Кенен атамды, Үмбетәлі Кәрібаев пен Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов пен Ғали Орманов сынды танымал азаматтарды әкейдің қасынан бала кезімде талай көргенім есімде, – деген ауыл мұғалімі, ардагер ұстаз Хапуза Естәулетқызының тілек-сөзі Алматы мен Талдықорғаннан Ақтерекке «Рухани жаңғыру» жобасы аясында арнайы келген қаламгерлер шоғырының сапарына тарихи баға берді. Дүлдүл ақынның тұяғы Хапуза ана ғана емес, күллі ауыл халқының мектеп сахнасын үйіріле қоршап, қаумалай қалуының мәні бар. Сахнада – ауыл түлегі, қаламы жүйрік публицист, Қазақстан Баспа ісінің үздігі Гүлзейнеп Әбдірахманова (Сәдірқызы) мен Қазақстан Жазушылар одағының судай жаңа мүшесі, талантты жас жазушы Есболат Айдабосын.
– Ел газеті «Егемен Қазақстанда» (бұрынғы «Социалистік Қазақстан») бой жеткен 17 жасымда стенографистік қызметке тұрып, одан журналистикада табан аудармай 46 жыл еңбек етіппін, әлі де қол үзген жоқпын, – деп сөз бастаған қарымды қаламгер арманшыл мектеп оқушыларына журналистика деген ілімнің қиыны мен қызығын ұғынықты әрі өте қызықты тілмен баяндап берді. Көптеген сұрақтарға тебірене, толқи жауап берді.
Мектеп дәлізінің тұтастай бір қабырғасына Гүлзейнеп Сәдірқызының «Егемен Қазақстанда» жарияланған көлемді публицистикалық танымдық-талдау, сыр-сұхбат мақалалары ілінген. Газет беттеріндегі қазақтың тау тұлғалы азаматтарының таныс бейнелерін көріп, зерделі журналист ханымның қоржыны деректі құжаттарға әманда бай екеніне, өз басының қазақ тарихына дерек қосуда үлесінің зор екеніне куә боласың. Ең ғажабы, Ақтеректің әр тұрғыны «Егемендегі» тілші-жерлесі «Гүлзейнеп Сәдірқызының» жазған әрбір дүниесіне жетік әрі өте-мөте хабардар болып шықты. Бүгінгі Ақтеректе 50 дана «Егеменнің» тарайтыны өз алдына!..
«Социалистік Қазақстанда», мейлі «Егемен Қазақстанда» Сәдірқызының әрбір мақаласының дүмпуі зор болып жататыны газеттің тұрақты оқырманына өте-мөте мәлім жайт та. Ел мүддесін шырылдап қорғап, қоғамның тынысы мен қан тамыры бүлкілін жіті аңғарып жүретін журналист жергілікті атқарушы билік органдарының босаңсып, бойкүйездікке салынып кетуіне әсте мұрша бермеген. Қаламгер жазбаларының, публицистикасының қуаты да сонда-ау! Осы арада Гүлзейнептің қаламынан туған әңгіме жанрындағы көркем дүниелері туралы Қазақстанның бұрынғы-кейінгі жазушылар арасында өте жылы пікірлер қалыптасқанын да еске сала кетейік. Тәуелсіздіктің елең-алаңында қаршадай журналист қыздың «Егемен Қазақстанның» сол кездегі бас редакторы Шерхан Мұртазаның тапсырмасымен Ленинградқа (Санкт-Петербург) шұғыл іс-сапармен барып қайтуының өзі бағаланар ерлікке пара-пар үлкен тарих. Кезінде жау қоршауында қалған алып қаланың халқын «Ленинградтық өрендерім» атты отты жырымен қорғап, дем берген Жамбыл атамыздың өзін кейін... қорғауға тура келгені бар. Сонда ғой ақын атындағы мектеп пен көше атауларынан жерінген жергілікті ультра-ұлтшылдарға тойтарыс берген осы Гүлзейнеп Сәдірқызы. Сол сапардан соң жазылған өткір сын мақаланың өтеуі – Санкт-Петербургте Жамбыл Жабаевтың есімі мектепке де, көшеге де қайтарылып берілді.
Дәл осы күні Ақтерек ауылының күллі жұрты аяулы да қымбатты қаламгер қызы мен ұлының шығармашылық еңбегіне қошемет білдіріп жатқанда, Анкарадағы (Түркия) Сүйінбай бағының жиегіндегі Жамбыл көшесінің әр бұрышына ұлы ақынның түрікше жазылған нұсқалық тарихы мәрмәр тақталарға ілініп жатқан. Халықаралық Жамбыл атындағы қордың төрағасы, жазушы Манарбек Ізбасаров сол салтанатты шараға қатысуына байланысты Ақтерекке келе алмады. Алайда ақылдастар алқасының шешімімен, төрағаның өз қолымен рәсімделген «Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері» атағын қаламгер Гүлзейнеп Сәдірқызы Әбдірахмановаға белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Жұмабай Шаштайұлы жүрек толқытардай сөз сөйлеп, қаламгердің журналистика мен әдебиет саласындағы қыруар атқарған ерен еңбегін атап тұрып табыстады. Шат-шадыман болған жерлестері Гүлзейнепке гүлдестелер сыйлап, иығына ұлттық камзол жапты.
Өзі айтқандай ауылдас әпкесінің мақалаларын мектеп қабырғасында жүрген кезінен үзбей оқып, «дәріс ала білген», кейін ізін басып қолына қалам ұстаған Есболат Айдабосынның да «отызында орда бұзған» жайы бар. Елде алған жоғары білімін Қытайдың жоғары оқу орнында жалғастырып, бүгінде өмірден лайықты өз орнын тапқан жас жазушының «Сүлікқара» әңгімелер жинағы мен бүгінгі шығармашылық жолы туралы Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының жетекшісі Ерлан Жүніс ақжарма лебізін айтты. Қызықты да қайталанбас кездесудің шырайын ашқан сезімге толы сырлы жырын оқыды. Ән айтылды, домбыра тартылды. Жерлестері қос қаламгермен сахнадан тыс тұрып та ұзақ сырласты, шер тарқатты, суретке түсті. Өздері бір кезде «тарыдай боп кіріп, таудай боп шыққан» сүйікті мектебіне Гүлзейнеп «Махаббатым – жүрегімде!..», Есболат «Сүлікқара» кітабын сыйлады.
Ежелден ән мен жырға, әдебиетке жаны құмар, көзі ашық, көңілі сергек ақтеректіктер жерлестері – қос қаламгермен ұмытылмастай сырласып бір серпіліп қалды-ай...
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы,
Жамбыл ауданы