
Сондай Түйісу нүктесінің бірі Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан Республикалары шекаралары басталатын Маңғыстау облысындағы Үстірт қыратында белгіленген. Үстірт ежелден саяхатшылар мен географтардың, кен барлаушылардың назарын аударып келе жатқан мекен. Міне, осы қыратта аталған үш мемлекет шекараларының Түйісу нүктесі белгіленетіндігі туралы шартқа үш елдің Мемлекет басшыларының қолдауымен Сыртқы істер министрлері Өзбекстанның Самарқанд қаласында 2017 жылғы 10 қарашада қол қойған. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысына шығарылған келісімді ратификациялау туралы заң жобасын талқылау барысында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді баяндап берді. Бұл шарт мерзімсіз және денонсациялауға жатпайды. Демек одан ешқашан бас тартуға болмайды деген сөз. М.Тілеуберді өзінің сөзінде «шартты ратификациялау – Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеттік шекараларын делимитациялау процесін аяқтауға, аумақтық даулар туындауының алдын алып, жоюға, еліміздің ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді» деді.
Заң жобасын талқылауға қатысқан депутат Жексенбай Дүйсебаев Түйісу нүктесінің географиялық орны бұрынғы кеңестік координаталар жүйесімен геодезиялық және топографиялық карта бойынша айқындалғанын айта келіп, Балтық теңізі биіктіктер жүйесі бойынша анықталатын, 1942 жылдан бері қолданылып келген координаталар ескіргендіктен ұлттық координаталар жүйесі қашан жасалады деген сұрақ қойды. Оған осы талқылауға қатысқан Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев жауап беріп, бұл істі жасау үшін қазір бірнеше ведомство бірлесіп, жұмыс тобын құрып қолға алғанын, Ұлттық координаталар жүйесі алдымыздағы 5-6 жылда дайын болатынын айтты.
Депутат Құралай Қарекен Түйісу нүктесі орналасқан жер өзбекше «Шор қазақлы» деп аталатынын, ал мұны түрікмендер «Қазақлы сор» деп атайтынын, ал қазақша атауы мүлде жоқ екеніне назар аударып, осының өзі кейін талас тудырмай ма деп сұрады. Жауапта бұл мәселенің өте өзекті болып, құжатты әзірлеу барысында да назар аударылғандығы айтылды. «Біз Қазақстанның географиялық атауларының мемлекеттік каталогына да жүгіндік, бірақ нақты қазақша атау таппаған соң, осы екі атауды мойындауға келістік», деді вице-министр.
Міне, осындай қызғылықты сұрақтармен, орынды талқылаулармен заң жобасы мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілді. Бұл заң жобасы еліміздің шекарасын шегендей түсудегі тағы бір нақты қадам болғаны хақ.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»