Үкімет • Бүгін, 12:30

Бізге таза әрі ашық экономика керек - Олжас Бектенов

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысында көлеңкелі экономиканы азайту және цифрландыруды жандандыру бойынша нақты тапсырмалар берді. Ол экономикалық тұрақтылыққа жету үшін жасанды интеллектіні енгізу мен жаңа тәсілдерді қолданудың маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бізге таза әрі ашық экономика керек - Олжас Бектенов

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы биыл жалпы ішкі өнімдегі көлеңкелі экономика үлесін 15 пайызға дейін азайту міндетін қойған.

«Бұл көрсеткішті одан әрі төмендете беруге тиіспіз. Бізге таза әрі ашық экономика керек. Көріп отырғандай, бұл бағытта жаңа тәсілдер қолға алынып, жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Айтылған ұсыныстарды жалпы қолдаймыз. Осы бағытта барлық мемлекеттік органдар мен бизнес субъектілерінің жұмысын күшейту қажет. Бұл жұмыс тек хат-хабар алмасып, есеп берумен ғана шектелмеуге тиіс. Экономика және салық тұрақтылығы, цифрландыру, сондай-ақ бизнес жүргізуді оңайлату ісінде сапалы әрі кешенді шешімдер қажет», деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Олжас Бектенов цифрландыруды стратегиялық міндет деп атап, салалық министрліктерге бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын енгізу арқылы экономиканың барлық саласын жаңғырту қажеттігін атап өтті. Бұл – стратегиялық міндет. Бірқатар секторда, оның ішінде сауда, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында цифрландыру деңгейі әлі де жеткіліксіз. Барлық мүдделі министрлік өз саласында жаппай цифрландыруды қамтамасыз етуі қажет», деді Премьер-министр.

Премьер-министр көлеңкелі экономикаға қарсы күрес аясында Мемлекеттік кірістер комитеті цифрландыру бойынша көшбасшы болуы тиіс екенін баса айтты.

«Тек жүйелі қадамдар ғана мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынастың жаңа сервистік моделін құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар цифрлық бастамаларды іске асыру үшін тиісті ресурстар қажет. Осыған байланысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі келесі жылы Мемлекеттік кірістер комитетінің өз алдына Деректерді өңдеу орталығын құруы керек», Олжас Бектенов.