
Қазан айының алғашқы сенбісінде Атырауда қала күні тойланады. Биыл да мерекеге орай ұйымдастырылатын шаралардың жоспары жасалды. Қала күні қарсаңында әлеуметтік нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Солардың бірі жедел жәрдем қызметінің жаңа бекеті. «Нұрсая» шағын ауданында орналасқан нысан 75 мың адамды қабылдауға арналған. Шақыртуларға сегіз жедел жәрдем бригадасы шығады. Қазіргі заманғы құрылғылармен жабдықталған бекетте алғашқы көмек көрсетуден тәжірибелік тренингтер өтетін оқу-жаттығу бөлмесі де бар.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына Атырау қаласы әкімінің орынбасары Полымбет Хасанов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева қатысты. «Жақында «Нұрсая» шағын ауданында мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында 12 мың тұрғынға қызмет көрсететін жаңа емхана салынады. Облыс орталығында тағы да бір жедел жәрдем бекеті, үш қосалқы бекет ашылады, – дейді Мәншүк Аймұрзиева.
Биыл аудандарда қосымша тоғыз бекет ашу көзделуде. Жалпы, елді мекендерді жедел жәрдеммен қамту көрсеткіші – 91,4%. Өткен жылы автоматтандырылған диспетчерлік ақпараттық қызмет кешені жаңартылды.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ