
Мектеп психологтары
Олардың жұмысын күшейту – жас ұрпақтың жан саулығының кепілі
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп психологтарының жұмысын күшейту туралы нақты тапсырма беруі ұрпақ саулығы мәселесіне қатысты мемлекеттік саясатты жетілдіруге өз септігін тигізері сөзсіз. Өйткені психикалық саулық бойынша жүргізілген көптеген зерттеу нәтижесі көрсеткендей, ерте жастан баланың физикалық, психологиялық, әлеуметтік дамуына қолайлы жағдай жасау саламатты ұлт қалыптастырудың ең тиімді жолы саналады. Сонымен қатар адамның психикалық саулығына ерте балалық кезеңнен бастап көңіл бөлу мемлекеттің әлеуметтік әл-ауқатына да оң әсер ететіні белгілі. Мәселен, ДСҰ-ның есебі бойынша, психикалық денсаулықты күшейту мен қорғауға жұмсалған әрбір доллар кейін ел қазынасына 4 доллар болып оралады екен.
Осы орайда, жуырда Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэйдің кабинетінде «Суицидтің алдын алу бойынша министр» деген жаңа лауазым пайда болғанын айта кеткен жөн. Халықтың психикалық саулығы мәселесімен тікелей айналысатын министрліктің құрылуы Ұлыбритания ғана емес, әлемдік қауымдастық үшін де маңызы зор оқиға. Біріншіден, әлемде тұңғыш рет ірі саяси мінберлерден адамның психикалық саулығы проблемалары әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси маңызды өзге мәселелермен қатар қозғалатын болады. Екіншіден, британ үкіметі халыққа психикалық көмектің қолжетімділігі мен сапасына ерекше мән береді. Соның ішінде балалар мен жасөспірімдердің жансаулығына үлкен көңіл аударылады. Яғни, мектептегі педагогтар мен психологтардың кәсіби дайындығын күшейтуге, ата-аналармен, қоғамдық ұйымдармен және өзге де мүдделі тараптармен белсенді жұмыс жүргізіледі. Үшіншіден, бұл саяси қызметтің пайда болуын жаҺандық экономикада бәсекеге қабілетті болғысы келетін әлемнің өзге елдеріне жіберілген сигнал деп бағалауға да болады. ДСҰ-ның зерттеуі бойынша, экономикалық белсенді адамдардың психикалық денсаулығы нашарлауы салдарынан жыл сайын әлемдік экономика 1 трлн АҚШ долларынан қағылады екен. Осыдан-ақ психикалық денсаулықтың жеке бір адамның проблемасы емес, бүкіл қоғамдық мәселе екенін аңғаруға болады.
Сондықтан Президент тапсырмасының тиісті деңгейде орындалуы үшін мемлекеттік органдардан бөлек, бизнес-қауымдастық пен азаматтық қоғам өкілдерінің белсенділігі де аса маңызды екенін атап өтуіміз керек. Әсіресе қоғамдағы психикалық саулық бойынша түрлі стереотиптер мен аңыздарды жұдырықтай жұмылған кезде ғана жоюға болады. Басқаша айтар болсақ, балаларымыздың жан саулығын қорғау бағытындағы қадамдардың нәтижелілігі жұмысбасты ата-аналардың психикалық саулық бойынша сауатын күшейту жұмыстарымен қатар жүрген кезде еселеп арта түседі. Яғни, бизнес-қауымдастық жұмыс орындарында өз қызметкерлерінің психикалық саулығына ерекше басымдық берер болса, «психолог», «психотерапевт» және «психиатр-дәрігер» деген сөздерді естіген кезде ат тонын ала қашатын ата-аналардың саны да азая түсетін болады.
Тереңірек үңілсек, мектеп педагог-психологтарының кәсіби дайындығын күшейту дегеніміз өскелең ұрпақты өмірдің түрлі соқпақтарына дайындап, олардың психикалық төзімділігін арттыру, болашақта ел дамуына өз үлесін қосатын саламатты азаматтарды қалыптастыру деген сөз. Осы мақсатта азаматтық қоғам өкілдері де белсенділік танытуы қажет. Сондықтан да мектеп психологтарымен тығыз жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың басты мақсаты мектеп психологтарының семинар-тренингтер арқылы кәсіби біліктілігін мейлінше арттыру ғана емес, сондай-ақ педагог-психологтардың қоғамдағы маңызды рөлі туралы көзқарасты қайта қарауға үлес қосу болып қала бермек.
Қорыта айтқанда, психикалық саулық тек бір адамның немесе бір отбасының жеке мәселесі емес, ол – бүкіл қоғамның, тіпті адамзат баласының мәселесі.
Ерлан АЙТМҰХАМБЕТОВ,
«Bilim Foundation» қоғамдық қорының атқарушы директоры
Білімге салынған қаржының қайтарымы мол
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауындағы басымдықтардың ішінде алдағы 5 жылда білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына жұмсалатын қаражат көлемін ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 10%-ға дейін жеткізу мәселесі айрықша назар аударды. Бұл орайда Президент Жолдауының ұстаздар күні қарсаңында жариялануының да үлкен символдық мәні бар.
Бұл екі салаға басымдық беру алдағы уақытта өзінің оң әсерін береді деп болжауға болады.
Мысалы, Аустралиядағы Гриффит университетінің экономика профессоры Фабрицио Кармиганидің зерттеуі көрсеткендей, осы уақытқа дейін білім саласына жұмсалатын қаржы мен экономикалық өсімнің арасында тығыз өзара байланысты дәлелдейтін 57 зерттеу жүргізілген. Олардың қатарына бірнеше индикаторлар, эконометрикалық, статистикалық және метаанализдік зерттеулер кіреді. Оған қоса, білім саласына ІЖӨ-ден қосылған әрбір пайыз (мысалы жұмсалатын қаржыны 3%-тен 4%-ға арттыру) елдің ішкі жалпы өніміне 0,9% өсім беріп отырады. Нақтырақ айтатын болсақ, білім саласына салынған инвестиция экономикалық өсімді едәуір ынталандырады.
Ғылыми зерттеулерге бөлінетін субсидиялардың және білімге, адам капиталына құйылған инвестициялардың, қайтарымы болатынын дәлелдеген тағы да бір атаулы ғылыми жаңалықтардың бірі – эндогендік экономикалық өсім теориясы. Оның авторы Пол Ромер экономика саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері атанды. Ғалымның айтуынша, интеллект пен жаңа технологияны ынталандыру экономиканы өсіріп қана қоймай, дағдарыс кезінде иммунитет рөлін де атқарады.
Қазақстанның осы уақытқа дейінгі білім саласына ІЖӨ-нің 2,98%-ын жұмсап келгенін ескеретін болсақ, оның 10 пайызға артуы үлкен серпіліс деп айтуға болады. Бұл көрсеткіш АҚШ-та – 4,99%, Ұлыбританияда – 5,54, Ресейде – 3,82% және жалпы Еуроодақта 4,7 пайызды құрайды. Ең жоғарғы көрсеткіш Дания, Швеция, Исландия сияқты Скандинав елдерінде тіркелген. Осы орайда Қазақстанның бұл көрсеткішті қазіргіден 3,5 есеге арттыру ниеті – батыл шешім. Бұл өз кезегінде шетелдік тәжірибені өзімізге енгізіп, білім мен ғылым салаларын одан әрі жетілдірудің алғышарты болып табылады.
Исатай МИНУАРОВ,
Тұңғыш Президент қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы
Бизнесті қысымнан қорғау – құптарлық іс
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауы маған бірден сірескен ресми құжат емес, әрбір қарапайым адамды қуантқан жағымды хабар әрі шенеуніктерге берілген нақты тапсырмадай көрінді.
Негізі, мемлекетті басқарудың шарты халықтың жағдайын жақсартуға қызмет ету екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауы нақ осы мақсатқа жұмылдырылғанымен маңызды.
Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есеге, яғни 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін өсіру тапсырылды. Бұл 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын көбейту деген сөз. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 35 пайызға артпақшы. Бұл – еңбекақы төлеу жүйесіндегі үлкен секіріс. Ол үшін бюджеттен 96 миллиард теңге бөлінбекші. Мақсатқа жету жолында экономиканы дамытуға, бизнесті өркендетуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық жасалады, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылады. Бағдарламаға үш жыл бойы 30 миллиардтан теңге бөлу қарастырылған. Осының нәтижесінде 22 мың жаңа жұмыс орны ашылып, 224 миллиард теңге салық бюджетке түспекші.
Н.Назарбаевтың бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалау қаупінен қорғауды арттыра түсу керек дегені – әбден құптарлық іс. Кәсіпкер жан-жағына жалтақтамай, сандаған тексерушіге уақытын құртпай, заңды салығын төлеп қойып, өндіріспен емін-еркін айналысса, жұмыс алға жылжиды.
Қолайсыз жаһандық экономикалық жағдайға қарамастан, Қазақстан экономикасы үнемі ілгерілеп келеді. Ал негізгі экономикалық көрсеткіштер тұрақты дамуды байқатады.
Жолдауда білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлініпті, «Ұлт саулығы – мемлекеттің басты басымдығы» делінген. Саламаттығы бекем адам – жасампаз істің локомотиві. Елеусіздеу көрінгенімен, Мемлекет басшысының елді спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысуға үндеуі, ол үшін аулаларды, саябақтарды жабдықтау қажеттігі, жақын арада 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу тапсырмасы бүгінгідей интернет заманында үлкеннің де, кішінің де компьютерге не ұялы телефонға байланып қалған мезгілінде соғылған дабыл деп есептеймін. Жолдауда айтылған мақсаттардың іске асуына тілектеспін.
Ал қоғамды сапалы әрі жүйелі дамыту ісі – мемлекеттік қызметкерлердің, саяси партиялардың, кәсіпкерлердің, этномәдени бірлестіктер өкілдерінің, үкіметтік емес сектордың, кәсіподақ ұйымдары және діни бірлестіктердің, барлық адамдардың қатысуымен жүзеге асатын ұжымдық жұмыс.
Эльдар ТАДЖИБАЕВ,
Қырғызстан Тау-кен металлургия кәсіподақтары орталық комитетінің төрағасы, Әлеуметтік еңбектік мәмілелерді зерттеу орталығының директоры, философия ғылымдарының кандидаты
Инфографиканы жасаған Амангелді ҚИЯС, «Егемен Қазақстан»