
Атырау облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма жыл сайын Жұмекен оқуларын өткізіп келеді. Бұл үрдіс биыл да жалғасты. Қазақстан Республикасы Гимні авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұмекен Нәжімеденов атындағы республикалық көркемсөз оқу шеберлері байқауы ақынның туған жеріне талантты жастарды жинады. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастар Жұмекеннің прозалық, поэзиялық шығармаларын жатқа оқудан сайысқа түсті.
Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, Президент сыйлығының лауреаты Мереке Құлкенов: «Жұмекеннің кез келгеннің түсінуге өресі жете бермейтін тұңғиық терең шығармалары – қазақ әдебиетінің мәңгілік мұрасы. Байқауға қатысқан 17 жастың сол тереңдік пен биіктікке деген құлшынысы көңіл қуантады», деп атап өтті.
– Жұмекен оқулары бұрын облыстық деңгейде өтетін, биыл үшінші жыл қатарынан республикалық байқау ұйымдастырдық, – дейді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Әсия Қыстаубаева. – Жыл санап байқауға қызығушылық танытатын жастар қатары көбейіп келеді.
Байқау қорытындысында бас жүлдені қарағандылық Айсұлу Нұртай жеңіп алды.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ