
Қысқартылғанда АСЕМ деп аталатын «Азия – Еуропа» форумының атына заты сай деп айтса болады. Бұл бірегей диалог алаңы қазіргі таңда 53 әріптес елдің – 30 еуропалық мемлекет пен 21 азиялық мемлекеттің, Еуропалық одақ пен АСЕАН-ның басын қосып отыр. Жалпы алғанда, олар әлем халқының 60%-ын, жаһандық экономиканың 65%-ын, әлемдік сауданың 55%-ын және дүниежүзілік туризмнің 75%-ын құрайды.
Қазақстан АСЕМ-ге толыққанды мүше болу үшін шақырылған 2014 жылғыдай, осы жолы, 18-19 қазанда Брюссельде болатын саммитке еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысады.
АСЕМ философиясы Мемлекет басшысының еуразиялық интеграция туралы басымдықтарымен, Азиядағы сенім шаралары бойынша кеңесті шақыру, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін құру және БҰҰ, ИЫҰ, ШЫҰ, ЕҚЫҰ-да айтылған бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту туралы аса маңызды басқа да ұсыныстарымен үндес.
Елбасы Брюссель саммитінің бірінші пленарлы сессиясында сөз сөйлейді. Пленарлы сессияның тақырыбы аса назар аударарлық, «Еуропа және Азия: жаһандық әріптестер жаһандық сын-тегеуріндер үшін» деп аталады. Іс-шараның күн тәртібінде сауда және инвестициядан бастап, өзара қарым-қатынас, орнықты даму және климаттың өзгеруіне дейінгі, сондай-ақ терроризмге қарсы күрес және заңсыз миграциядан бастап, теңіздегі қылмыс және киберқылмысқа дейінгі көптеген өзекті мәселелер қамтылған.
Сонымен қатар форум аясында Мемлекет басшысының Еуропалық комиссияның президенті Жан-Клод Юнкермен және АСЕМ мемлекеттері мен үкіметтерінің басшыларымен кездесуі жоспарланған.
АСЕМ 12-ші саммитінің қарсаңында қазақстандық парламентарийлердің қатысуымен АСЕМ парламенттік әріптестігінің 10-шы кездесуі өтті. Саммит күні біздің делегаттардың қатысуымен АСЕМ Бизнес-форумы және Экономикалық форумы ұйымдастырылады. 18 қазаннан бастап айдың соңына дейін Брюссельде Еуропа және Азияның әртістері өнер көрсететін ауқымды мәдени фестиваль өткізіледі. Мәдени бағдарламаның шеңберінде Брюссельдегі Көркем өнер сарайы «BOZAR» сахнасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ерлан Рысқали өнер көрсететінін атап өту ерекше қуанышты.
Қазіргі саммиттің және ілеспелі іс-шаралардың ұйымдастырушысы – Еуропалық одақ және оның институттары. Қазақстан елшілігі Мемлекет басшысының бағдарламасын жасауда еуропалық тараппен жемісті жұмыс жасауда. Еуропалық өкілдермен күнделікті қатынаста олардың Қазақстанға және Президентімізге құрметі, Қазақстан-Еуропа әріптестігінің кемелдігі мен тереңдігі байқалады.
2018 жылғы 2 ақпанда Қазақстан мен Еуроодақ арасында орнатылған дипломатиялық қатынастарға 25 жыл толды. Қазақстан мен ЕО арасындағы тиімді өзара іс-қимылдарға екіжақты ынтымақтастық құрылымдары – бірлескен кеңестер, комитеттер, кіші комитеттердің берік архитектурасы негіз қалады. Қазіргі таңда Еуропалық одақ Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі және негізгі инвесторы екенін атап өткен жөн.
Алдағы айларда 2015 жылғы 21 желтоқсанда қол қойылған Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім күшіне енуі тиіс. Ол өзара әрекеттестіктің жаңа сапалы деңгейін қамтып, саяси диалогтың, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың тереңдеуіне, Қазақстан және Еуропа одағы елдері азаматтарының арасында байланыстардың артуына бағытталған.
Мемлекет басшысының биылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында, сондай-ақ «Қазақстанның үшінші жаңғыруы», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауларында, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында, «Қазақстан-2050 Стратегиясында», «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген Қазақстанның стратегиялық жоспары толығымен жаңа Келісімнің міндеттеріне сәйкес келеді.
Еуропалық одақ пен Орталық Азия арасындағы аймақаралық ықпалдастықты Қазақстан толығымен қолдайды. Қазіргі таңда Еуропалық одақ Орталық Азияға қатысты өзінің жаңа Стратегиясын жасауда. Бұл бағдарламалық құжат біздің аймақтарымыздың арасында ынтымақтастықтың берік әрі жемісті негізін қалауға бағытталған.
Брюссельге сапары аясында Мемлекет басшысы Бельгия Королі Филиппен елдеріміз арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылау үшін кездеседі. Президентіміз бен Король отбасын жылы достық қатынастар байланыстыратынын атап өткен жөн. Ханзада кезінде Филипп үш рет Қазақстанда болған: 2002 жылы – қысқа ғарыштық миссиядан оралған бельгиялық ғарышкер Франк де Виннді күтіп алу үшін, 2009 жылы – оны ХҒС бортында алты айлық ғарыштық сапарға аттандыру үшін келсе, 2010 жылы – 70 кәсіпорын мен ұйымнан құрылған бельгиялық экономикалық делегацияны басқарып келді.
Король Филипптің арқасында қазір қазақстандық нарықта бельгиялық капиталдың қатысуымен шамамен 30 компания жұмыс жасайды. Солардың қатарында «Ahlers Bridge» (логистикалық қызметтер), «QWAY Energy Kazakhstan» (жаңғырмалы энергия көздері), «Agfa Health care» (госпитальдер үшін бағдарламалық қамсыздандыру), «Manuchar» (логистика, дистрибьюторлық қызметтер), «Gosselin» (логистикалық қызметтер) секілді компанияларды атап өткім келеді. «CMI Energy» компания сы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысты және қазір де елімізге «жасыл» энергетика саласында өте маңызды шешімдерді ұсынуда.
«AWEX» Валлонияның экспорт және шетелдік инвестициялар жөніндегі агенттігі мен «FIT» Фламанд сауда-инвестициялық агенттігінің басшылығы ұйымдастыратын бельгиялық аймақтардың Қазақстанға жылдық экономикалық миссиялары дәстүрге айналды. Келесі осындай бизнес миссияны 2019 жылғы маусымда күтеміз.
Бельгия біздің еліміздің берік және тиімді экономикалық әріптесі болатынына сенімдімін. Ол үшін нақты жұмыс жасау, келешегі бар салаларды және жауапты әріптестерді табу маңызды. Бұл істе елшілік Қазақстанның облыстарымен және «Kazakh Invest» секілді экономикалық ұйымдармен ықпалдастығына үлкен үміт артады.
Білім беру саласында да үлкен келешек бар. Биыл бельгиялық 5 университет әлемнің 500 үздік университеті қатарына кірді. Бельгияда университеттер, ғылыми кластерлер және технопарктер арасындағы ынтымақтастықтың жақсы тәжірибесі бар. Назарбаев Университетте әлемге әйгілі 5 бельгиялық ғалым жұмыс істейді. Бұл жайт академиялық алмасуға оңды негіз бола алады.
АСЕМ саммитіне оралсақ, бұл іс-шарада өзара байланыс – connectivity туралы көп айтылатын болады. Еуропалықтар үшін өзара байланыс Еуропа мен Азияның көліктік қатынасынан бастап, энергетикалық жүйелерге дейін, адамдар арасындағы байланыстан бастап, сандық жүйелерге дейін сәтті ықпалдастығының басты шарты болып табылады.
Айгүл ҚҰСПАН,
Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі