12 Наурыз, 2010

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖӨНІНДЕГІ МЕМОРАНДУМ

784 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жетісу жұртшылығының “көгілдір отын” игілігін пайдалануы шешімін тауып, қазіргі кезде Іле, Талғар, Қара­сай, Жамбыл аудандарына қарасты 33 елді мекен табиғи газды пайдаланып отыр. Игілікті істі одан әрі жал­ғастыру мақсатында осыдан біраз жыл бұрын басталған облыс әкімдігі мен “ҚазТрансГаз” АҚ арасында өңірді газдандыруға байланысты өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылып, 1,5 млрд. теңгеден астам қаржы игерілген екен. Өткен жылы жалпы ұзындығы 1300 шақырым болатын “Қазақстан-Қытай” халықаралық газ құбырының облыс аумағы арқылы 450 шақырымының өтуі нәтижесінде газдандыру деңгейі едәуір артып, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Панфилов аудандарының тұрғындарына “көгілдір отын” жеткізу жұмысы басталды. Ағымдағы жылы “ҚазТранс­Газ” елді мекендерді газдандыруға 650 млн. теңге бөлетін болып отыр. Осыған байланысты облыс әкімі Серік Үмбетов пен жоғарыдағы акционерлік қоғам директоры Серік Сұлтанғалиев осы жұмыстардың тиянағын келті­рудегі өзара ынтымақтастық жөніндегі кезекті меморан­думға қол қойып, екі жаққа тиімді шараға деген сенімді бекіте түсті. –Қоғамның дамуы халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, жеңілдетумен өлшенеді. Бүгін өңір халқы үшін есте қалатын күн. Бұдан төрт жыл бұрын Алматы облысындағы табиғи газды тұтыну 5 пайызды ғана қамтыса, соңғы жылдары ол едәуір көтерілді. Ағымдағы жылы Талдықорған қаласы мен аймақты газдандырудың техникалық-экономикалық негіздемесі жасалады. Бүгін акционерлік қоғам басшысымен алдағы атқарылатын жұмыстарға орай меморандумға қол қойылды, деді облыс әкімі Серік Үмбетов жиналғандар алдында. Меморандумда алдын ала есептеу бойынша диаметрі 500 мм. болатын “Алматы-Талдықорған” магистралды газ құбыры 225 шақырымға созылатыны және 25,0 млрд. теңгеге жуық қаражат салуды қажет ететіні де сөз болды. Бұл жылына Талдықорған өңіріне 500 млн. текше метр газ тасымалданатынын көрсетеді. Демек, қалалықтардың да сұранысы қанағаттандырылатын күн жақын. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.