12 Наурыз, 2010

ҮМІТ — БІЛІМДІ ҰРПАҚТА

633 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Амангелді СОПБЕКОВ, политехникалық колледж директоры, облыстық мәслихаттың депутаты, ғылым докторы. Елбасы индустриялық-инновациялық даму бағдар­ламасы бойынша Үкіметке тапсырмалар берді. Жақында облысымызға Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев бастаған жедел жұмыс тобы іссапармен келді. Өңірдегі қолға алынып жатқан ірі жобаларды көрді, даму бағдарламасына кірген жұмыстардың аяғына дейін еш кедергісіз орындалатындығын айтты. “Біздің шикізаттық емес экспортшыларды қолдау индустрияландырудың шешуші бағыты болуы керек”, деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. Шынында, Қазақстан жұрттың көзі үйренген шикізат отаны болудан гөрі индустриялық-инновациялық дамуды негізге алған мемлекет боларлықтай жағдайы бар. Мемлекетіміз өңдеуші кәсіпорындарға үлкен артықшылықтар жасауда. Осындай мүмкіндіктерді жүзеге асыруда білімді ұрпаққа артылып отырған үміт ерекше. Кәсіптік және тех­никалық білім беру кәсіби стандарттарға негізделіп, қатаң түрде экономиканың қажеттіліктерімен өзара бай­ланыстырылуы керек, деген Нұрсұлтан Әбішұлы жоғары білім сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға жауап беруі тиіс екендігін де атап көрсетті. Елдегі жоғары оқу орындары әлемнің жетекші университеттерінің рей­тин­гі­не енуге ұмтылғандары жөн. Мұндай жоғары талаптарға жалпы білім беретін орта мектептеріміз дайын ба деген сауал төңірегінде ойласатын мәселелер де баршылық. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов проблемаларды көре білу, шешу жолдарын іздеу қасиетімен ерекшеленеді. Облыстық мәслихаттың де­путаты болғаннан кейін сайланған округімізден арыз­дар түсіп жатады. Оның бірпарасы мектептерге байла­нысты. Түрлі құқық қорғау органдары бал көрген арадай мектептер мен ауруханаларды айналшақтап жүреді, ірілі-ұсақты кемшілік тапса, басшыларын әурелейді. Оның соңы мектеп басшыларының ұстаздардан ақша жинап, тексерушілердің аузын майлауына ұласып жатады. Өткен жылы облыс мектептері 2983 мәрте тексеруден өтіпті. Алып-сататын сауда орны, тауарлар шығарып жатқан өн­діріс емес, жас ұрпақты тәрбиелеп жатқан білім ошақ­та­рына тексерушілер неге үйір, әлде тіске жұмсақ көре ме? Облыс басшысы білім ошақтарындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтың қаржыға қатыстылығын айтып, Үкімет алдына мектептегі есеп-қисап штаттарын қысқартып, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің жанынан орталықтандырылған бухгалтерия ашуды ұсынды. Мұның артықшылықтары көп. Қаржы үнемделеді, тексерушілер азаяды. Ең бастысы, мектеп директоры ревизордың көңілін қалай табамынмен емес, өз міндеті – сапалы білім, саналы тәрбие беру ісімен айналысады. Елбасының жоғары және орта арнаулы оқу орын­дары­на қойып отырған талаптарының үдесінен шығу үшін біз осындай күрмеулі мәселелерімізді шешіп алуы­мыз қажет. Онсыз ауыл маңын шиырлап, өрісін тауысып алған жаман малшыдай алысқа ұзай алмаймыз. Бұл бас­та­маны мұғалімдер қауымы қуаттап отырғанын айту керек. Өйткені, тексерушілерден зардап шегіп, табан ақы, маңдай терімен тапқан жалақысынан жырып беретіндер солар ғой. Орта мектепке үлкен реформалар қажет. Соңғы жылдары мұғалімдік қыз-келіншектердің кәсібі саналып, ер-азаматтардың санын азайтып алдық. Әйел затын кеміткеніміз емес, мектептегі ұлдарда ерлерге тән асқақ қасиеттердің азайып бара жатуы қоғамды алаңдатады. Сабақ жоспарына қатысты қағазбастылық білім берудің жаңа тәсілдерін іздеуден гөрі, таптаурындылыққа ұрындыратындығын да айтқан жөн. Баяғыда көп айтылып, көп насихатталатын “Бітібаева мектебі”, “Айтқалиев мектебі” сынды озат іс-тәжірибелерді азайтып алғандаймыз. Елбасының жоғары мектепке қойған талаптарын орындау үшін орта мектептердегі түйіндерді шешу көп жеңілдік әкелер еді. Оңтүстік Қазақстан облысы