16 Наурыз, 2010

ӨЗБЕКСТАН САПАРЫ ӨЗЕКТІЛІГІМЕН ЕРЕКШЕЛЕНЕДІ

557 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахманов журналистерге арналған баспасөз брифингін өткізіп, алдағы аптада қандай сыртқы байланыстар болатындығы жөнінде хабардар етті. 16-17 наурызда Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев Өзбекстан Президенті Ислам Каримовтің шақыруымен көршілес мемле­кетке ресми сапармен барады. Қазақстан тарабы Өзбекстанмен екіжақты қатынастарды жоғары бағалай отырып, екі ел арасында саяси, сауда-экономикалық, гума­ни­тарлық және басқа да салалар­дағы өзара тиімді ынтымақ­тас­тықты одан әрі нығайтуға зор мән береді. Елбасының ресми сапары екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік туғызуы тиіс, деді ресми өкіл. Сондай-ақ ол Қазақстан Пре­­­зи­дентінің сапары мақсатына тоқта­лып,  Ташкентке Елбасының екіжақты қарым-қатынастардың түбегейлі мәселелерін сындарлы және жан-жақты негізде талқылау үшін әрі жалпы Орталық Азия аймағын мекендейтін барлық ха­лықтарға пайдасын тигізе алатын бірлескен шешімдерге қол жеткізу үшін баратынын мәлімдеді.  Қа­зақ­­стан тарабы екіжақты үнқа­ты­суға дайын екенін көрсете оты­рып, аймақтық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету, су ресурстарын бірлесіп, тиімді пайдалану, өзара қызығушылық туғызатын эконо­ми­калық жобалар­ды жүзеге асыру мақсаттарын көз­дейтін ұсыныстар енгізуді жоспар­лауда екенін жет­кізді. Сапар қоры­тындысы бой­ынша Мемлекет басшыларының Бірлескен мәлімде­меге қол қоюы жоспарлануда, деді А.Абдрах­манов. 23 және 25 наурыз аралығында Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Жапонияға ресми сапармен ба­ра­ды. Екі ел арасындағы стратегия­лық әріптестікті нығайтуға ба­ғыт­талған сапар барысында отандық дипло­матияның жетекшісі Жапо­нияның саяси басшылығы және іскер топ­тарымен кездесіп, бір­қатар келіс­сөздер өткізеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ 2008 жылы маусымда Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың Жапонияға жасаған ресми сапары барысында сауда-экономикалық, инвести­ция­лық және технология­лық са­ла­ларда қол жеткізілген уағдалас­тық­тардың жүзеге асырылу мә­селелері де талқыланатын болады. 15 және 19 наурыз аралығында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Кон­стантин Жигаловтың Еуропа­дағы қауіпсіздік және ынтымақ­тас­тық ұйымы Іс басындағы төра­ғасының Арнайы өкілі ретінде Оң­түстік – Шығыс Еуропа мем­ле­кеттеріне сапары болады. Са­па­ры барысында төрағаның Арнайы өкілі Албания, Черногория, Бос­ния және Герце­говинада аталған мемлекеттердің саяси басшы­лық­тарымен кездесіп, аймақта саяси тұрақтылықты сақтау мәселелері бойынша келіссөздер өткізеді деп күтілуде, деді сөзінің қорытын­дысында ресми өкіл. Жақсыбай САМРАТ.