17 Наурыз, 2010

“ҚЫЗ ЖІБЕК” ОПЕРАСЫ ҚОЙЫЛАДЫ

6586 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театрында тұң­ғыш рет төл туындымыз қойылды. “Қыз Жібек” операсына келген кө­рер­мендердің көңілінде көптеген кү­­дік-күмәннің болғаны рас. Осы­ған де­йінгі бір-екі жылда бұл театр не­гіз­і­нен шетелдік ше­деврлердің үзін­ді­лерін, еуро­палық бірқатар дү­ние­лер­дің жеңілдетілген нұс­қа­ларын сах­на­лап, арнайы концерттік бағ­дар­ла­малар ұсынып, алғашқы қа­дамдарын қаз-қаз басып, жас­қана-жасқана жа­сағ­андай еді. Енді “Қыз Жі­бекке” қол артыпты. Шым­кенттіктердің арасында дастанды оқығандар жетерлік. Тіпті түрлі-түрлі нұсқалары бойынша пікір таластыратындар да табылар. Ки­но­сын көрмегендер жоқтың қасы. Драмалық нұсқалары талай-талай театрларда көрсетіліп келеді. Ал­ма­ты­ңыздағы бұрынды-соңды опе­ралық қойылымдары аңыз болып тарап кеткен. Мінекиіңіз, осындай жағдайда Оңтүстік Қазақстандағы опера және балет театрының “Қыз Жі­бегіне” қалың жұртшылықтың қап­тай ағылғанын да, күдік-күмәнмен сынай қарағанын да, әртүрлі қабылдағанын да түсінуге болады. О бастағы “Қыз Жібекке” Ға­бит Мүсіреповтің либреттосы негіз етіліп алынғаны, драмалық дүниеге әуелгіде әуен әуездеген Евгений Брусиловскийдің кейіннен опера жасағаны белгілі. Оңтүстіктің опера театрындағы қойылымға “Қыз Жібек” дастанындағы және Бру­си­лов­ский шығармасындағы желілер не­гіз етіледі. Бірқатар жаңа ре­дак­циялық-либреттолық лептер ен­гі­зіл­ген. Жалпы алғанда, оларды сәт­ті деуге болады. Қосымшалар жа­мау жамағандай, оғаштанып тұрар ма екен деген күмән бірден сейіліп сала береді. Опералық жүлгелер, оқи­ғалық шиеленістер, Бруси­лов­скийдің басты-басты арқаулары толық сақталады. Қалмақ ханымен қарым-қатынас, оның пейіл-пи­ғылы, Сырлыбай дағдарысы, Ба­зар­бай қатыгездігінің түпкі себеп-сал­дары, Жібек махаббатының қасіреті мен Сансызбай желісі – бәрі-бәрі үй­лесіп-ақ тұр. Пролог пен эпи­логқа үлкен салмақ салынғаны да жарасады. Алайда, Оңтүстіктегі опе­раңыз мүлде басқаша аяқ­та­лады. Төлегеннің інісі Сансызбай қалың қазақтың қолын бастап, қалмақты талқандайды. Қуаныш тойы тойланып, шаттық шашуы шашылып, Жібекке қосылады. Жібек бейнесін Айжан Маз­ке­нова мен Айгүл Азатованың әр­қайсысы өз тұрғыларынан өзгеше тұлғалай білді. Ең бастысы, екеуін­де де табиғилық басым. Бекежанды бейнелеген Марат Оразметовтің шеберлігіне, көп ізденіп, тер төккеніне көрермен қауым тәнтілік танытты. Төлеген мен Сансыз­бай­ды сомдаған Ерлан Жандарбайдың “қыз мінезділігі” де, ұяң қимылы да, жұмсақтау, жайлы әні де жа­ра­сады. Сансызбайдың балаң кезін кейіптеген Зәмира Өкішеваның ән-әуені мен қимыл-қозғалысы онша қабылданбағаны рас. Айтулы ак­терлер Мұқан Шәкіров пен Еркін Шымырқұлов ойнаған Базарбай мен Сырлыбайдың сырлары те­реңнен тамыр тартып, бүкіл қо­йы­лымның салмағын арттырып тұ­р­ған­дай. Шегені шегелей көркемдеп шығарған Қайрат Құлыншақовқа, Дүрияны әсерлі әдіптеген Жадыра Белгібаеваға, би жағын бедерлеген Шымкент балет мектебінің шә­кірттеріне ризалана қол соғушылар көп болды. Операның сахналық нұсқасын жаңғырта редакциялаған және қойған Асқар Алтынбековке, му­зы­ка­лық жетекші әрі қоюшы дирижер Абзал Мұхитдиновке, қоюшы суретші Жомарт Дүй­себековке, театр директоры Айман Қарсыбаева мен көркемдік жетекші Жанат Сә­кібековаларға жұртшылық тара­пы­нан айтылып жатқан алғыс аз емес. Мархабат БАЙҒҰТ, Шымкент.