17 Наурыз, 2010

ЕУРОПА ҚҰРЫЛЫМЫНА ЕРЕКШЕ НАЗАР

548 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Ақордада Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Президенті Нұрсұлтан Назар­баев Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассам­блея­сының төрағасы Мевлют Чаву­шо­глу­мен кездесті. Негізі 1949 жылы қаланған ЕКПА – кәрі құрлықтың парламентаралық қатынастарын­да­ғы ең бір байырғы құрылым. Бүгінде ЕК ая­сын­дағы 47 мемлекеттің 636 парламентші­лері­нің делегациясынан құралатын бұл халық­аралық ұйымның штаб-пәтері Францияның Страсбург қаласынан орын тепкен.  ЕК-ның Ми­нистрлер комитеті мен оның Тұрақты ко­мис­сиясының жұмысына қатысты түрлі ұсы­ныстар мен қарарлар қабылдап, ЕК-ның Бас хатшысы мен орынбасарларын, ЕКПА-ның Бас хатшысын және Адам құқықтары жөніндегі соттарды, Адам құқығы жөніндегі комиссарды сайлайтын бұл халықаралық ұйымның қазіргі төрағасы Мевлют Чавушоглу түрік азаматы болып табылады. Кездесу барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Мевлют Чавушоглуды ЕКПА төр­ағасы қызметіне сайлануымен құттықтады және осы жоғары және жауапты қызметте табыс тілеп, еліміздің Еуропа Кеңесі Пар­ламенттік Ассамблеясымен ынтымақтастыққа үлкен мән беретінін атап өтті. Қазақстандық депутаттар Ассамблеяның бюросына ұдайы қатысады, ЕКПА өкілдері Қазақстандағы сайлауға бай­қаушы болды. Еуропа Кеңесі үнқатысуы ая­сын­да Қазақстан Еуропалық мәдениет кон­вен­циясына, Болондағы білім беру үдерісіне, Еуропа Кеңесінің қылмыстық және азаматтық-құқықтық саласындағы алты конвенциясына қосылу жөніндегі жұмыстарды тұрақты жүргізіп келеді, деген Мемлекет басшысы еуропалық парламентшілердің қызметі, әсіресе, иннова­циялық даму мәселесіндегі заңнамалық жұмыс тәжірибесі Қазақстан Парламенті үшін пайдалы екеніне тоқталды. Кездесу барысында ЕКПА төрағасы М.Чаву­шоглу қазақстандық саяси және экономикалық реформаларға жоғары баға беріп, Еуропа Кеңесі Қазақстанға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі кезеңінде мейлінше көмек көр­сететініне сендірді. Сондай-ақ биылғы жылы Астанада ЕҚЫҰ саммитін өткізу туралы қа­зақстандық бастаманы қолдайты­нын жеткізді. – Мен түрік азаматы ретінде Қазақстанды атажұрт деп танимын, осында келген сайын Қазақстанның қандай жетістікке жеткенін, оның астанасы қалай гүлденіп келе жатқанын көремін. Мен үшін, ЕКПА төрағасы үшін – бұл үлкен қуаныш және мақтаныш, – деді М.Чавушоглу Елбасымен кездесуден кейін ұйымдастырылған журналистерге арналған брифингте. Сондай-ақ ол Қазақстандағы діндер ара­сындағы, мәдениеттер арасындағы үнқа­ты­суларға және осы елде өмір сүретін барлық этнос­тарға жасалып жатқан қолайлы жағдай­ларға, Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына қаныққанын мәлімдеді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.